Бас тақырып

Құрылыс – дамудың дара өлшемі

Құрылыс – бірден-бір экономикалық көрсеткіш. Сондықтан, дүние жүзі құрылыс саласын ішкі жалпы өнімнің маңызды үлесі ретінде бағалайды. Ал, еліміздегі құрылыс саласын отандық ғалымдар бәсекелестігі бар ұлттық деңгейге көтерілгенін мәлімдеп отыр. Еліміздің экономикалық қауымдастық аясында интеграциялануы, экономиканың қарқынды дамуы НұрСұлтан, Алматы және өзге де қалалардағы ірі құрылыс нысандарын жобалауға және салуға ықпал етуде. Мәселен, биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына елімізде 605,7 млрд. теңге инвестиция құйылған. Бұл – өткен 2018 жылмен салыстырғанда 15,5%-ға жоғары.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне 6-7 теңге жеке инвестициялар тартылған. Рекордтық 12,5 млн. м² жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – 2017 жылғы деңгейден 12%-ға жоғары. 2018 жылы бір тұрғынға тұрғын үйді пайдалануға беру 0,68 м² құрады. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Ресейде – 0,54 м², Беларусияда – 0,40 м², Өзбекстанда – 0,36 м² құрайды.

Ал, кеншілер аймағына келсек, жарты жылдықта облыс бойынша 588 нысан пайдалануға беріліп үлгерді. Оның ішінде 498 нысан тұрғын үй мақсатында болса, 90-нан астамы өзге бағыттарды қамтиды. Яғни, олардың қатарында, сауда және көлік, байланыс, коммуникация, кәсіпорын, өндіріс ғимараттары да бар. Әлбетте, көрсеткіш жаман емес.

Әлеуметтік нысандар құрылысы да үздіксіз. Нақтыласақ, осы жылы Теміртау қаласында 600 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектеп құрылысын, 325 балаға арналған балабақшаны, Қарағандыдағы жаңа медициналық орталықтың құрылысын атауға болады. Қарағанды қаласындағы «Панель-Центр» шағын ауданында 1200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Қарағанды қаласы 30 шағын аудандағы 1200 орындық мектептің құрылысы жалғасуда. 2019 жылдың қаңтарынан бастап, Жезқазған қаласында 900 орындық мектеп құрылысы басталды. Мұның сыртында Ұлытау ауданы, Бетбұлақ ауылындағы мектеп құрылысы да ел игілігіне берілетін күн жақын.

Жекелеген инвестициялардың нәтижесінде бүгінгі таңда жалпы саны 60 мың адам тіркелген қолжетімді 3 жаңа емхана ашылды.

Жыл соңында облыстың өңірлерінде 5 отбасылық денсаулық орталығы және Жезқазған, Қарағанды қалаларында 3 консультативті-диагностикалық орталық жұмысын бастайды.

 Баспаналы болғандардың да қатары артып келеді. Осы жылы көппәтерлі 38 және 454 жеке үй пайдалануға берілді дейді құзырлы орындар деректері. Жалпы пайдалануға берілген тұрғын үй ғимараттарының ауданы 174 мың шаршы метр шамасында. Қолда бар деректерге сүйенсек, коммуналдық тұрғын үй қорынан үй алуға тұрғандардың кезегінде 35 мың адам бар.

Ресми деректерге сүйенсек, биыл Қарағанды облысында 440 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі. Бұл 2017 жылдың көрсеткішінен 1,5 есеге көп. «7-2025» бағдарламасы бойынша алдағы үш жылда 3500 пәтер салынды. Оның мыңға тарта пәтері биыл пайдаланылуға беріледі деп жоспарланған.

Мысалы, несиелік тұрғын үй бағдарламасы бойынша Қарағандыда 10 үй және Жезқазғанда 18 пәтерлі бір үй тапсырылады. Жалға берілетін тұрғын үй бойынша облыстың 10 аймағында 12 үйдің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Аталған үйлердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 10 млрд. 480 млн. теңге қарастырылған.

Сондай-ақ, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына (13 жоба) республикалық және облыстық бюджеттен 2 798,8 млн.теңге бөлінген.

Қызғалдақ АЙТЖАН

 

Басқа материалдар

Back to top button