Жаңалықтар

Құрылыс бойынша Қарағанды – бесінші

Бұдан біршама бұрын жария етілген деректер құрылыс компанияларының соңғы жылдарда табыс табуда рекордтық көрсеткішке жеткенін мəлімдеген-ді. Ел экономикасында алабөтен орын алатын құрылыс – бүгінде инвестиция көптеп құйылатын негізгі саланың бірі. Ресми деректер құрылыс саласы жалпы ішкі өнімнің 6 пайызын иемденетін айтады.

Құрылыс қарқын алғанын жоққа шығаруға əсте келмейді. Бірақ, бұқараны баспанамен қамтуда сұранысты əзірге толық жаппады. Қарағанды аймағында кейінгі жылдарда баспана құрылысы бірнеше есеге өскенін атап өту қажет. Нақтыласақ, Қарағанды республикада құрылыс бойынша бесінші орында. Ал ел экономикасындағы үлесі – 5,6 пайыз.

 

«Біздің басты міндетіміз – əр азаматтың тұрмыс сапасын арттыру. Сондықтан, мемлекет əлеуметтік міндеттемелерді орындауға баса мəн беріп отыр. Осы мақсатта елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Халықты қолжетімді баспанамен қамту үшін көптеген жеңілдіктер жасалып жатыр. Адамдардың қарапайым тұтынудан жинақтауға көшу қажеттігін түсінуі маңызды», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Негізі аймақта 2020-2025 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту жоспарының жобасы əзірленген. Онда межеленген жылдарда аймақта 5 млн. шаршы метрден астам үй салу мақсат.

Былтыр аймақ үшін тұрғын үй нарығында тиімді болғанын көрсетеді деректер. Қарағанды облысы өткен жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 597,2 мың шаршы метр үйді ел игілігіне тапсырды. Бұл – 5200 пəтер. Яғни, бір жылда облыста бес мыңнан астам тұрғын қоныс тойын тойлады. Аймақта бой көтерген баспананың 27 пайызы – жеке тұрғын үйге, 66 пайызы – коммерциялық, 7 пайызы мемлекеттік секторға тиесілі екен.

Биыл 400 мың шаршы метр баспана бұқараға бұйырады. Соның ішінде, мемлекет есебінен 864 пəтер иесін таппақ.

– «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері ұлттық жобасы аясында бюджеттен 12,2 млрд. теңге бөлінді. Қаражат халықтың əлеуметтік осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз дайын жалға берілетін тұрғын үйді салу жəне сатып алу, облигациялық қарыздар есебінен кредиттік үй салу, үй құрылысына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту сияқты бірнеше бағытқа бөлінген, – дейді құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы басқармасының мамандары.

Мамандардың айтуынша, тұрғын үй құрылысы облыстың барлық өңірінде жүріп жатыр. Тағы бір баса айтарлығы – жаңа тұрғын үй салудан бөлек, облыста бос тұрған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары толассыз. Мəселен, Осакаров ауданында 18 пəтерлі төрт жалға берілетін үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Тағы екі 18 пəтерлі тұрғын үйдің құрылысына ЖСҚ жасалды. Өткен жылы мұнда алты екі пəтерлі бір қабатты үйлердің құрылысы басталды. Биыл жеке инвестициялар есебінен салынған 18 пəтерлік бір тұрғын үйді сатып алу жоспарда.

– Сонымен қатар, осы жылы облигациялық қарыздар есебінен Қарағанды, Балқаш, Абай қалаларында кредиттік тұрғын үй құрылысын бастау жоспарлануда. Нысандарды тапсыру мерзімі 2024 жыл, – дейді басқарма

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button