Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді
«Қолжетімді баспана – арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің тапсырмасына сәйкес, былтыр Қазақстанда 18,96 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тұрғын үй құрылысындағы рекордтық көрсеткіш. Аймақ көрсеткіші – 540,326 мың шаршы метр. Былтыр салынған 5006 пәтер алдыңғы жылғымен салыстырғанда 118,8%-ға артық. Биыл да осы межеден төмендемей, 545 мың шаршы метр болатын 500-ден астам тұрғын үй салу жоспары бар.

Е-Kezekte ақпараттық жүйесінің дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда облыста 33 233 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 22 361-і әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылар санатынан.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында кезекте тұрғандардың тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған шаралар қолға алынған. Мәселен, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз отбасылардың баспана жалдау ақысы субсидияланады. Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға Заң талаптарына сәйкес, баспана кезекпен сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Бұл ретте, басымдық жалға берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 20%-ы сатып алу құқығынсыз жетім балалар мен көпбалалы отбасыларға жасалған. Сонымен бірге, «Отбасы банкі» АҚ арқылы кезекте тұрғандарға әлеуметтік мақсаттағы тұрғын үйді сатып алу үшін 2%-5%-бен жеңілдетілген қарыз беріледі. Ол бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар мен жетім балаларға берілетінін атап өту керек.
Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының дерегінше былтыр пайдалануға берілген 5006 пәтердің көбісі, 4613-і – көпқабатты тұрғын үйлер, жеке тұрғын үйлердің саны – 393 пәтер. Қаржыландырудың басым бөлігі коммерциялық үйлерге берілген, 4 044 пәтер. Мемлекеттік баспана – 569. Биыл берілетін тұрғын үйдің 100 мың шаршы метрден астамы, яғни, 1 145 пәтер – мемлекеттік тапсырыс. 73%-ы – 3 584 пәтер – коммерциялық.
Тұрғын үй құрылысының қарқыны бәсеңдемеуі үшін биылғы жылға 4,3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Оның ішінде, дайын арендалық тұрғын үйді сатып алу үшін 3,6 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінген. Сондай-ақ, тұрғын үйлерге тартатын инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым құрылысы үшін облыстық бюджеттен 0,7 млрд теңге бөлініп отыр.
Өткен жылды Қазақстанның тұрғын үй саясаты үшін бетбұрыс кезеңі деуге болады. Қараша айында Президент «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» Заңға қол қойды. Ол азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Реформа тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтарға баспана беру процесінің ашықтығын арттыру мақсатында жүргізілді. Жаңа заң жобасына сәйкес мұқтаждар арасында тұрғын үйді бөлудің жаңа тәртібі тіркеуге тұру мерзімі мен табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылады. Кезекте көптен тұрғандар басымдық алады.
Кезекте тұрған адамға табыс деңгейіне қарай субсидияланған жалдау, жалға берілетін тұрғын үй немесе «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «Отау» және «Наурыз» сияқты жеңілдетілген ипотекалық несие түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
Одан бөлек, азаматтардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, сегіз санатқа, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және оларға теңестірілген ардагерлерге, жетімдерге, көпбалалы отбасыларға, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектерге, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және жесірлерге жалға берілетін және несиелік тұрғын үй беруде басым құқықтар айқындалған.
Былтыр облыста түрлі қаржыландыру көздерінен 855 адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспаналы болды. Оның ішінде, әлеуметтік аз қамтамасыз етілгендер санатынан – 374 адам, көпбалалы – 227 отбасы, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған – 137 адам, бюджеттік ұйымдардың – 90 қызметкері, апаттық үйде тұратын 27 адам баспанаға қол жеткізді.
Биыл елде 19 млн шаршы метр немесе 175 мың тұрғын үй, 2029 жылға қарай 111 млн шаршы метр салу жоспарлануда. Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын маңызды көрсеткіш. Сондықтан, әр қазақстандықтың өз шаңырағында өмір сүруі үшін мемлекет бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпайды. Президент айтқандай, тұрғын үй саласын реформалау жалғасын табады.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»