Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді
Қарағанды облысы республика көлеміндегі құрылыс саласының 9,5 пайызын еншіледі. Ел еңсесі тіктеліп, Тәуелсіздік алған 30 жылда алғаш рет облыста 662 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл – үй кезегінде тұрған жерлестер үшін қуанарлық жағдай. Тұрғын үй құрылысының қарқындап өсуінің арқасында кезекте тұрған 3 мыңға жуық отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі.
Қарағанды шаһарының құрылысы қарқынды дамуда деп сеніммен айта аламыз. Бұл – негізсіз емес. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 529,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2020 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда жоспарда 25,8 пайызға ілгерілеу байқалатыны анық.
– Былтырғы жылға қарағанда облыста тұрғын үй құрылысы 25%-ға өсті. 2021 жылдың 9 айында 400 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыстағы ауқымды құрылыстың нәтижесінде жергілікті еңбек нарығын және құрылыс материалдарын жасап шығару өндірісі жанданды. Жұмыс барысында негізінен отандық өнімдер қолданылады. 5 мыңнан астам адам құрылыс секторында жұмыспен қамтылды. Салынып жатқан құрылыстың қарқыны көз алдарыңызда, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал Жайлыбаев.
Ресми деректерге сүйенсек, облыста 35 мыңға жуық адам қазір пәтер кезегінде тұр. Жыл сайын 10 мыңнан астам отбасыға пәтер беріліп, қоныс тойын тойлауда. Бұдан былай жыл сайын «Нұрлы жер» бағдарламасымен халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына 2-2,5 мың пәтер бөлінеді. Ал, аспанмен таласқан зәулім үйлер жекеменшік сектор иелері тарапынан салынып жатқандықтан, әрине, бағасы да соған лайық. Көбіне аталған пәтерлер қалтасы қалың азаматтарға бұйыратыны хақ. Әлбетте, әр шаршы метрдің бағасы 300 мың теңгеге дейін шарықтап тұрса, қарапайым тұрғындардың қалтасы көтермейтіні анық. Бірақ, мемлекеттік бағдарламамен салынып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға беріліп жатқан пәтерлер де жоқ емес. Бұл туралы әріптестеріміз бізге дейін де қалам сілтеген. Осылайша, өткен жылдың соңында да бюджет қаражатынан 148 мың шаршы метр мемлекеттік баспана иесін тапқан. Аталған өсім 2019 жылғы деңгейге қарағанда 97 пайызға артық. Ал, биыл барлық қаржыландыру көзі есебінен 662 мың шаршы метр тұрғын үй, 6,8 мың пәтер пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Оның 23%-ы жеке тұрғын үй, 54%-ы коммерциялық, ал, 23%-ы мемлекеттік сектордың еншісінде.
Бұған қоса, пайдалануға берілген әлеуметтік нысан құрылысы да күн санап артуда. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы 8 әлеуметтік маңызы бар нысан пайдалануға берілген. Биыл 34 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Оның ішінде, 11 білім беру, 3 мәдениет, 9 спорт, 9 денсаулық сақтау, 2 ветеринария нысаны бар.
Жалпы құрылыс жұмыстары көлемінің артуы Бұқар жырау, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарынан өзге өңірдің бәрінде байқалған.
«Облыс бойынша құрылыс жұмыстарының негізгі көлемі Қарағандыда, Қаражалда және Шет ауданында орындалды. 2020 жылы 1018 нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде, 878 тұрғын үй және 140 тұрғын емес нысан бар. Тұрғын емес сипаттағы объектілерден сауда кәсіпорындары, және көлік, байланыс және коммуникация, өнеркәсіп объектілері іске қосылды. Өнеркәсіп объектілерінен ағаштан жасалған құрылыс конструкцияларын және ағаш өңдеу бұйымдарын өндіру жөніндегі кәсіпорындар, декоративтік және құрылыс тастарын кесу, өңдеу мен әрлеу жөніндегі кәсіпорындар, құрамында алтыны бар кендерді өндіру жөніндегі кәсіпорындар және ұсатып өткізетін кешендер қосылды. Әлеуметтік-мәдени объектілердің ішінде 980 орынға арналған 2 жалпы білім беретін мектеп және амбулаториялық 3 емхана бар», – делінген статистика департаментінің ақпаратында
Сондай-ақ, Қазыбек би ауданының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде қаланың жаңа орталығы бой көтеріп жатқанын атап өткен абзал. Алдағы уақытта Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықтың арасы жақындайды деген жоспар да бар. Әрине, тұрғын үйлер салынысымен ол жерде балабақша, мектеп пен аурухана бой көтеретіні сөзсіз.
Мұндағы басты мақсат – халықтың әл-ауқатын көтеру, жұмыспен қамту. Аймақтағы құрылыс осы қарқынынан таймаса, дамыған елдер қатарына қосылатын күннің де ауылы алыс емес.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.