Балқаш

Құрылыс қарқындап, туризм түлейді

Балқашта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пәтерлер құрылысы жалғасуда. Биыл 18 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Яғни, 130 адам тұрғын үй алады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Балқаш қаласының әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВ тұрғын үй құрылысының қарқыны туралы айтып берді.

– Өткен жылы құрылыс қарқыны артты. 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп шаршы метр пайдалануға берілді, – деді қала әкімі. – 120-дан астам тұрғын өз пәтерлерінің кілтін алды.

Қаладағы 10-шы шағын ауданда 45 пәтерлі екі тұрғын үй салынды. Жеке инвесторлар 30 пәтерлік және 2 пәтерлік үйлер салды. Жеке тұрғын үй құрылысына бес мың шаршы метрден астам жер бөлінді.

Тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар үшін 42 пәтерді жалға алуға қаражат бөлінді.

«Самал» шағын ауданының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жаңғыртуға қаржы салынды. Жақсартылған желілер 320 жер учаскесі мен екі білім беру мекемесіне өткізіледі.

Жер телімдерін бөлу жалғасуда. Биыл оларды кезекте тұрған 100 адам алады.

***

Жыл сайын Балқашқа 80 мыңнан астам турист келеді. Биыл екі демалыс аймағын іске қосу жоспарлануда. Қосымша тағы жеті жаңа туристік нысан жабдықталуда. Брифингте Ораз Тәуірбеков Балқаштағы туристік саланың дамуы туралы айтып берді.

Ораз Тәуірбековтың айтуынша, туризм саласы – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды салаларының бірі. Туристерге демалыс аймақтарына жайлы жету үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жолдардың орташа жөндеуі өтті. Тораңғалыққа дейінгі автомагистральдар, Тораңғалық және Шұбартүбек кенттерінің ішінде, Бертіс шығанағының маңында жөнделді.

Балқаш курорттық аймағына Балқаш қаласы, Тораңғалық және Шұбартбек кенттері кіреді. Мұнда демалуға арналған 47 орын бар.

Билік туризмді одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

Балқашта қазір жылу беру маусымы аяқталды. Алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының жоспары түзілуде.

Биыл жылу электр орталығынан Қоңырат шағын ауданына дейінгі 3-ші жылу магистралінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде әкімнің есеп беру кездесуінде айтылғандай, кейбір жеке секторлар аудандары орталық жылу желісіне қосылу үшін техникалық мүмкіндіктерге ие болады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button