Бас тақырыпЖаңалықтар

Құрылтайдағы құнды бастама

Құрылтай – Қазақстан тарихындағы аса маңызды әрі терең мағынасы бар саяси-әлеуметтік институт. Тарихқа көз жүгіртсек, 1269 жылы қазіргі Жамбыл облысының оңтүстігінде әйгілі Талас құрылтайы өткен. Бұл жиынға Шыңғыс хан империясының барлық бөліктерінен өкілдер жиналып, алып империяны төрт ұлысқа бөлу туралы тарихи шешім қабылдады. Сол ұлыстардың бірі – Ұлық Ұлыс, яғни Жошы ханның ұлысы болды. Оның негізгі аумағы бүгінгі Қазақстан жері. Батыс деректерінде бұл мемлекет Алтын Орда деген атаумен белгілі.

Сурет Ақорда

Мазмұнына үңілсек, Құрылтай – мемлекеттік басқарудың демократиялық сипатын айқындайтын ерекше үлгі. Кейінгі кезеңдерде Құрылтайға барлық аймақ пен өңірлердің өкілі жиналып, ел дамуының ортақ стратегиясын айқындайды. Онда әрбір тараптың пікірі ескеріліп, маңызды шешімдер кеңес арқылы қабылданған. Демек, Құрылтай – халықтық демократияның тарихи негізі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі демократиялық үдерістерді одан әрі дамыту бағытын ұстана отырып, осы көне, бірақ мәнін ешқашан жоғалтпаған демократиялық институтты жаңғыртты. Бүгінгі Ұлттық құрылтай – еліміздің барлық облысы мен ауданнан келген өкілдер, елдің таңдаулы ойшылдары мен білікті мамандары бас қосатын, халықтың мүддесі мен тілегін ескеретін маңызды диалог алаңына айналды.
V Құрылтайда елдің алдағы индустриялық дамуына басымдық берілді. Атап айтқанда, жылумен қамту, газдандыру, Павлодар облысындағы электр энергиясы станциясын дамыту, атом электр станциялары салынғанға дейінгі кезеңде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес, ірі кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, халықты сапалы әрі жеткілікті азықтүлікпен қамтамасыз ету міндеттері кеңінен талқыланды.

Көлік инфрақұрылымын дамыту, автожолдар мен теміржол желісін кеңейту мәселесі де назардан тыс қалмады. Президент еліміздің Еуразия кеңістігіндегі авиациялық жүк тасымалының ірі хабына айналмауы – елеулі стратегиялық олқылық екенін атап өтті. Бұл жағдайды Мемлекет басшысы ашық түрде жол беруге болмайтын, қисынға сыймайтын кемшілік деп бағалады. Сондай-ақ, гидротехникалық нысандардың тиімділігін арттыру мақсатында басқару жүйесіндегі мәселені шешу қажеттігін баса айтты.

Жалпы алғанда, Президент Құрылтайға жиналған әр өңірдің өкілдерінің пікірін ескере отырып, бүгінгі күннің өзекті экономикалық міндеттерін нақтылап берді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады.

Егер басқару үдерісі әу бастан жүйелі түрде қалыптастырылмаса, артық бюрократиялық кедергілер мен бірін-бірі қайталайтын функциялар жойылмаса, жасанды интеллект те барлық мәселені шешетін әмбебап құрал бола алмайды. Сондықтан, мемлекеттік секторда ұйымдастырушылық мәдениетті жақсарту, озық басқару тәжірибелері мен құзыреттерді енгізу – кезек күттірмейтін міндет. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мемлекеттік басқарудың барлық саласында сапаны арттыру қажет. Өйткені, жүргізіліп жатқан барлық экономикалық реформалардың түпкі мақсаты – әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Алдағы күндері бұл маңызды құжатты жан-жақты талдап, зерделеуіміз қажет. Баршамызға ортақ игілік жолындағы бастамалар сәтті жүзеге ассын деп тілейміз.

Жібек КАМАЛИ
Қарағанды облысы бойынша «Respublica» партиясы филиалы әйелдер қанатының төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button