Құрылтай – адал еңбек бірлестігі
1917 жылдың 20 қарашасына тағайындалған Бүкілресейлік құрылтайға депутаттардың партиялық тізіммен сайланатынына байланысты түрлі партиялар жедел құрыла бастайды. Омбыда ақпан төңкерісінен кейін құрылған саяси-қоғамдық ұйым «Қазақ еңбекшілерінің одағы» 1917 жылдың күзінде «Үш жүз» партиясына айналып үлгереді.
Саяси партия құру ісіне «құрылтай» сөзінің қызмет етуін ескере отырып, бұл сөздің түпкі, құқықтық мағынасын ежелгі Римдегі «сот, құқық, заң» деген мағынадағы «curia» термині арқылы анықтауға болады.
Ғалым В.Яйленко «curia» әуел баста «c (o) u (i) ria» деген тұлғада таңбаланып, «ер адамдардың бірлестігі» деген мән-мағынада жұмсалғанын жазған.
Қазіргі мемлекеттік институттары іспеттес алғашқы азаматтық «ер адамдардың бірлестігіне» есі дұрыс, үйлі-баранды, малды, қарулы, қайратты адам ғана мүше бола алған.
Ежелгі ер-азаматтар бірлестігіне қатысты Абайдың да айтатыны бар ғой: «Балалық өлді білдің бе? Жігіттікке келдің бе? Жігіттік өтті көрдің бе? Кәрілікке көндің бе? Кім біледі сен кәпір, Баяндыдан сөндің бе? Баянсызға төндің бе? Әлде, айналып кім білер, Боталы түйе сықылды, Қорадан шықпай өлдің бе?» деп.
Адамзатта «қызметкер» деген құқықтық мағынада қолданылатын Абай өлеңіндегі «бала» да, «жігіт» те қазақ қоғамындағы қарым-қатынасты реттеуші қызметін атқарған құқықтық терминдер мәртебесіне ие сөздер.
М.Әуезов те «Абай жолы» роман-эпопеясында әкесі Құнанбайдың қарамағына қызметке қайтып оралған Абайды «бала шәкірт» деп, Тобықтының бір үлкені жанына ерткен жас жолдасы іспеттес Жиреншені «бала жігіт» деп ілкі құқықтық мағыналарына сай атайды.
Абай да «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңінде «еңбек» сөзін әркімнің қоғамға, көпке пайдалы, жақсы қызмет қылуы мағынасында қолданған: «Өзім де басқа шауып, төске өрледім, Қазақта қара сөзге дес бермедім. Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ, Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім».
Бұл өлеңде Абайдың айтып отырған «Қазақта қара сөзге дес бермедімі» – құқықтық саяси қызметі.
XIX ғасырдағы ғалым В.Радлов «қазақтың «қара сөзі» – ислам дінінің ықпалына ұшырамаған, қазақтың таза ұлттық ақыл-ойлары мен өлеңдерінің ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей келе жатқан ауызша жинағы» дейді. Абайдың қазаққа қылған қызметі, адал еңбегі де осы – қазақтың ұлттық құқықтық ой мәдениетін ала қағазға түзу сөзбен түсіріп, халыққа таза және толық жеткізуі.
Қазақ тіліндегі «еңбек» сөзінің көне «михнат», «бейнет» деген мағыналарына қарағанда ер адамдардың саяси бірлестігі де қоғамдағы еңбек бөлінісінен шықты деуге негіз бар.
Абай да өз заманындағы әлеуметтік топтарды еңбек бөлісіне қарай сипаттама берген, қазақ ішінде бай, мырза, болыс, би, мықты, есті кісі, ғаріп-қасар бишара, қу мен сұм, құттылар, сүттілер, жақсы аталар бар деп.
Тіл білгірі Н.Маррдың түсіндіруіне сай «бар» сөзі де көне құқықтық термин, мағынасы «бүкіл ұжымның мүшесі». Осы тұрғыдан алғанда «Алаш» партиясының қазақты әртүрлі әлеуметтік топқа бөлмей, біртұтас, ұлттық бірлестік деп қарағаны заңды іс болатын.
Әлихан Бөкейхан «Бүкілресейлік құрылтай құдайдан соңғы күшті, мұның ісін бұзатын мәжіліс үкімет жоқ. Бұл барша Русия мемлекетінің негіз законын басқарады, мұнда барша қазақтың да ісі қаралады» деп бағалаған құрылымды сайлауда жеңілген большевиктер 1918 жылдың 19 қаңтарында бүлік шығарып, күшпен таратып жіберіп, басқа партияларға қуғын-сүргін жариялаған кезде елде азамат соғысы басталды да кетті.
Азамат соғысының тарихы талай сөз болған, сол себептен біз алғы тақырыптан ауытқымай 1919 жылдың 1 желтоқсанындағы Семейде тұрған Колчак горнизоны солдаттарының түнгі төңкерісіне тоқталайық. Қаладағы билікті қолға алған әртүрлі әлеуметтік-саяси көзқарастағы ағымдардың 14 өкілдерінен тұратын әскери-революциялық комитетін «ер адамдардың бірлестігі» деуге келеді. Түнгі төңкерістен екі-үш күн өткенде қалаға Мамонтовтың түрлі-түсті партизандық армиясы кіріп, бірлестіктің құрамы 24-ке жетеді.
Желтоқсанның 16-сында Семейге Ресейдің орталық атқару комитеті «Сібірдегі азаматтық басқаруды ұйымдастыру туралы» қаулысымен 1919 жылдың 27-тамызында құрған Сібір ревкомының өкілі П.Голиков келіп, большевиктік билік бекіткен мандаттары бар үш адамнан тұратын Семей губревкомының құрамын жария еткен соң бұл бірлестік өз қызметін тоқтатады. (Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы Қ- 200 т.1 іс.140, Қ-72, т.1, іс 7. Ары қарай ҚЗТҚО).
1920 жылдың 18 қаңтарында Семейге жергілікті жағдаймен танысуға Сібір ревкомының мүшесі В.Косарев келеді де, қаладағы қазақ еңбекшілерімен бірнеше кездесулер өткізеді (ҚЗТҚО Қ-72 т.1 іс. 21, 41,47,76,147 бб.;).
Бұл жолы В.Косарев Омбыдағы Сібір ревкомының 1919 жылдың 2-желтоқсанында губерниялық, уездік ревкомдарда қазақ секцияларын, болыстық және ауылдық ревкомдарды құруды ұйымдастыру керек деген шешімін орындау үшін келген еді (ҚЗТҚО Қ-72 т.1 іс 4. б. 6).
Еңбекшілердің бас қосқан жиындарында Семейдегі губревкомның құрамына өткен Жақсылық Төленұлы 1920 жылдың 13-ақпанында қазақ қайраткерлерін заңсыз қамауға алу фактісіне қатысты жазбаша баяндама түсіргенде өзін «член губревкома от киргизской рабочей партии» – қазақ еңбекшілер партиясынан деп көрсеткен (ҚЗТҚО Қ-72 т.1 іс. 18, 304 б.).
Бір қарағанға сол кезеңде ресми тіркелген, советтік билік таныған қазақ еңбекшілерінің партиясы болмағандықтан Ж.Төленовтің дүниеде жоқ партияның өкілімін деуі заңсыз деуге келер.
Дегенмен, В.Косарев Семейдегі қазақ еңбекшілерінің басын құрап, олардың құрылтайын ұйымдастырып өткізуі – ел ішінде адал еңбек адамдарының бірлестігі болғанына дәлел. Тек тиісті саяси құрылымдық деңгейге көтеру мәселесі дер кезінде қолға алынбай қалған іс еді. (Движение Алаш. 2011. Т.1. 150 стр.)
1920 жылдың 16 ақпанында губревком мүшелерінің арасында қызметтік міндет бөліскенде Ж.Төленұлына қазақ секциясы жұмысы тапсырылады (ҚЗТҚО Қ-72 т.1 іс. 21, 76 б.).
1920 жылдың қаңтарында Қарқаралы мен Семейде 5-ші армияның 59- шы дивизиясының ерекше бөлімі қазақ қайраткерлерін заңсыз қамауға ала бастайды.
Бұл заңсыздық фактісі Ж.Төленұлына мәлім болғанда, ол 4 ақпан күні 800000 қазақ халқының атынан қарсылық білдірген наразылық телеграммасын Орынборда отырған Қазақ төңкеріс комитетіне жолдайды.
Елдегі саяси күштердің күш сынасқан күндестігінен хабардар Ж.Төленұлы 4-ақпанда Сібревкомға да телеграмма соққан.
Қазақ төңкеріс комитеті Төленұлының телеграммасын ресми отырысында 10 ақпанда қарайды. (Орталық Мемлекеттік Мұрағат Қ.-14. т. -3, іс-17, 7-бет; Қ-14, т.1, іс- 104, 1-б. ары қарай ОММ)
Омбыдағы Сібревком Косарев «саяси себеппен ұсталғандарды губревкомның 2 мүшесінің кепілдігімен босатуға болады» деп 9-ақпанда абақтыдан азат етер заңды жол көрсетіп, жедел жауап қатқан. (ҚЗТҚО Қ-72 т.1 іс. 29, б.59.)
1919 жылғы заң ережесіне сәйкес Семей Қазақ аймағын басқару жөніндегі революциялық комитетіне қарайтын. Сол себептен Кирревком киргиз Төленовтің телеграммасына сілтеме жасап, 5-армияның ревсоветімен хабарласуға міндетті еді. Ол міндетті орындауға олар 11-ақпанда ғана кірісуге мәжбүр болады (ОММ Қ-14, т.1, іс 61, 19 б.).
Ж.Төленұлы 13-ақпанда Семей губревкомның қарауына да қазақтарды қуғындау фактісі туралы жазбаша хат түсіреді. Губревком нақты жауапкершіліктен жылдам жалтарып, мәселені негізсіз сылтау тауып қарамай тастайды. Төңкеріс комитеттерінің түпкі ниеті түсінікті де еді. Әркімнің мақсаты өз керегінде (ҚЗТҚО Қ-72 т.1 іс. 17, б.2; іс-19, б.84).
Пролетариат диктатурасына табынған топқа Абайдың «Адамды адам қылатын құрылтай – адал еңбек» деп атаған түзу жолды таңдап алған қазақ қоғамы мүлдем керек емес-тін.
Марат АЗБАНБАЕВ.