Рухтың мәңгілік алауы
Нұркен Әбдіров!
Қайталанбас ерлік жасаған қазақ қыраны!
Соғыс хроникасында жіберілген өрескел бұрмалаушылықтар біздің санамызға «Сұлтан Баймағанбетов – Александр Матросовтың, Нұркен Әбдіров – Николай Гастеллоның ерлігін қайталады» деген жаңсақ деректі сіңіріп тастаған. Аллаға шүкір, арылдық. Бұлтартпас деректерді дәлел ету арқылы 70 жылға жуық үстемдік құрып келген бұл пікірлер ақиқатқа жол берді. Майдан алқабындағы қансіңді топырақтың әр түйіршігінде ақиқаттың табы қалған. Оны танитын талғам да, мүмкіндік те бізге Тәуелсіздікпен бірге келген-ді. Архив құжаттары да Гастелло ерлік жасады деген жерден капитан Маслов экипажының мүрделері табылғанын дәлелдеді. Яғни, Гастелло – қиял кейіпкері. Жау ордасының үстінен тұңғыш рет «отты таран» жасаған қазақ қыраны Нұркен болғаны да нақтыланды.
..Ерлік таңдаумен жасалмайды. Атақ үшін атойлап, жалған намыс жетегінде жан қиған қай бабамды көріп едіңіз? Көне түркіден бастап, Сақ сақшылары мен Ғұн сарбаздарына дейінгі дәуірді алып қараңыз… Кешегі Қабанбай, Наурызбай, Бөгенбай, Ағыбай батырлардың өшпес ерлігіне өлшем таба аласыз ба? Жоқ, әрине.
Нұркендер – сол ұлы рухтың мұрагерлері! Ендеше, ол қалайша біреудің ерлігін қайталауы керек?! Жүрегіне жөргектелген Елге, Отанға деген махаббаты Нұркенді оттан да, оқтан да сескендірмеді. Нұркеннің бойындағы өр рух топырақтан нәр алып, атаның күшімен, ананың сүтімен дарыған. Ерлікті қасірет еңсере алмайтынын білді. Болмашы қиындыққа күйреп кететін күйректердің қатарынан емес еді. Шыбын жанынан Отан тыныштығын әлдеқайда биік қойды. Бертінге дейін өмір сүрген майдандас достарының естелігінен біз Нұркеннің отқа оранған самолетті өз шебімізге қондыруға мүмкіндігі болғанын оқығанбыз. Алайда, һас батыр олай жасамады. Нұркен ерлігін көзімен көріп, қаһарман қазақ ұлының жау ордасының күлін көкке ұшырғанына куә болған әскери ұшқыш Алексей Писанконың экипажы екен. Өзімен қанаттаса ұшып, жау ордасына қапталдаса ұрыс салған Алексей досы бір естелігінде былай деп жазады: «..Нұркен Әбдіровтің оқ тиген ұшағы лапылдап жаңа бастады. Мен радиоэфир арқылы: «Ұрыстан шық, мен сені қорғаймын, өзіміздің шепке қарай бұрыл!» деп жанталаса айғайладым. Әбдіров өзінің отқа оранған ұшағын жанар-жағармай таситын машиналардың жанына шоғырланған неміс танкілеріне қарай бұрды. Жалындаған алты тонналық ұшақ жанар-жағармай құйылған цистернаға соғылды. Жойқын жарылыстан жер сілкінді». Міне, жаудың 6 танкісін, 2 зеңбірегі мен ондаған солдат-офицерін өз жалынымен шарпып, күлге айналдырған Нұркен рухы жеті қат көкке осы сәтте көтеріліп кеткен еді. Оны пенделер жерден іздеді. Ол – жерде емес, көкте! Оның мүрдесі молаға емес, елінің жүрегіне жерленді! Ұлының мәңгілік өмір иесі екенін анасы Бағжан сезген. Сезбесе, майданға шығарып салып тұрып:
- Сені мен тапсам, бағып-қағып өсірген, өнер үйретіп, адам қылған елің болатын, құлыным! Сол елің тұлпар берсе мін де, шап жауыңа! Қанат берсе, ұш! «Қорғансыз болсаң, желге өкпелеме» деген бар. Қорған бар сенде. Қорғаның болса, қорғай біл! Елін қорғар ұл таппасам қайтер ем? Аттан, қарағым! Жылама деме маған. Жыламасын десең, мықтап қорға. Көзге жасым келмейтін етіп қорға! Құр барғанның несі сеп, құртып қайт жайрағырды! Жаулығымды жалау етіп, алдыңнан мен де шығармын сонда, – дейтін бе еді?! Қайратты ананың қажыры Батыр ұлының қазасына қажымады. Өйткені, Нұркеннің жасын ғұмыры өлмес рухтың Мәңгілік Алауына айналып, әр жүректе маздап тұр!
…Біздің ұрпақтың артықшылығы – тыныштық бесігінде тербеліп өсіп келеміз. Қару асындырмасын! Бірақ, біздің буын Отанын дәл Нұркендей сүйіп, аналарымыз Балжандай қайрат таныта алар ма?! Отансүйгіштікті дәлелдеу үшін соғыс болуы міндетті емес. Ерлік есеппен жасалмайды…
Ерсін МҰСАБЕК.