Руханият

Рухты көтерген Ұлы дала ойыны

Бұқар жырау ауданында «Сарыарқа – Ұлы дала ойындары» фестивалінің үшінші кезеңі өтті. Спортшылар бірнеше күн бойы көкпар, аударыспақ, садақ ату, арқан тарту және басқа да бірқатар ұлттық ойын түрлерінен сынға түсті.

Ұлы дала ойындары
Суретер: ұйымдастырушылардан

Фестивальді Бұқар жырау ауданы әкімдігінің қолдауымен Қарағанды облысының ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды. Бас демеуші – ұлттық спорт жанкүйері, Қарағанды облысының Ұлттық спорт қауымдастығының президенті, «Natige Milk» компаниясының бас директоры Ерлан Әшімов. Ұйымдастырушылар фестивальді Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына орайластырған екен.

Сонымен қатар, фестивальдің өз деңгейінде өтуіне Қарағанды облысының Жастар көкпар лигасының президенті Нұржан Зейнулдин мен Арман Дошкиннің тікелей атсалысқанын атаған жөн.

– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Бүгінгі шараның мақсаты – ұлттық спортты дәріптеу. Өз құндылықтарымызды бағаламай, дәріптемей қазақ бола алмаймыз. Жалпы, ұлт үшін атқарылатын жұмыстың еш қиындығы болмаса керек. Фестиваль жоғары деңгейде өтті. Мұнда діттегеніміз – бәсекелестік емес, ұлттық ойындар арқылы рухымызды көтеру. Фестивальдің жыл сайын мәртебесі артып келеді, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Арман Серікұлы. Бәсекеге Қарағанды қаласы, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Шет және Осакаров аудандарынан 200-ге тарта адам қатысты.

Көкпарға екі лига бойынша Қарағанды облысынан 14 команда бәсекеге түсті. Жоғары лигада Қарқаралы ауданының «Жанәлі» командасы үздік танылып, жеңімпаздарға 400 000 теңге ақшалай сыйлық табысталды. Екінші орынды Нұра ауданының «Рассвет» командасы, үшінші орынды Бұқар жырау ауданының «220 вольт» командасы иеленді. Ал, Шет ауданынан келген «Ақсу-Аюлы» командасы төртінші орынды місе тұтты.

Бірінші лигада Бұқар жырау ауданының командасы жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орынды Қарқаралы ауданының командалары, төртінші орынды Шет ауданының командасы еншіледі.

Спортшылар өздерінің күші мен ептілігін 62, 82 және 82+ келі салмақ дәрежесінде көрсетті.

82+ келі санатында Дархан Көрпебаев (Бұқар жырау ауданы), Темірлан Тілеубек (Шет ауданы) және Азамат Жаркен (Нұра ауданы) үздік танылды. 82 келі санаттағы жүлделі орындарда Ерқанат Тайжанов (Нұра ауданы), Әнуар Жаңбырбай (Шет ауданы) және Мұхтархан Серғазиев (Бұқар жырау ауданы) жеңімпаз танылды. Ал, 62 келі санатында жеңіс тұғырынан Дияс Серғазиев (Бұқар жырау ауданы), Шыңғыс Төлеуов (Шет ауданы) және Сағат Қайыпов (Шет ауданы) көрінді.

Ұлы дала ойындары

Садақ атудан 30 адам бақ сынап, 500 000 теңгелік сертификат Шет ауданынан келген Нұрбол Жеңісовке бұйырды. Екінші орынды Қарағанды қаласынан Надежда Кефер, үшінші орынды Қарқаралы ауданынан Әсет Омаров және төртінші орынды Қарағанды қаласынан Кая Мазнева жеңіп алды.

Арқан тартудан Бұқар жырау ауданы алдына қара салған жоқ. Мәселен, аталған ауданның әйелдер командасы бірінші орынға шықса, ерлер командасы Қарағанды қаласының Әл-Машани мешіті командасын алдыға салып, екінші және үшінші орындарға ие болды.

Қошқар көтеруде Бұқар жырау ауданы Тоғызқұдық ауылының тұрғыны Олжас Отарбаев үздік нәтиже көрсетті. Жарыстың жеңімпаздары федерация мен демеушінің есебінен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Фестивальдің келесі кезеңі Шет ауданында өтеді. Одан кейін қыркүйек айында Қарағанды қаласында түйінделеді деп жоспарлануда.

Бұған дейін «Сарыарқа – ұлы дала ойындары» фестивалінің бірінші және екінші кезеңі Қарқаралы және Нұра аудандарында өткен болатын.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button