Рухты бабаға – ұлықты құрмет
Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты тарихи мақаласы еліміздің рухани әлеміне тың серпіліс әкеліп, тарихымызды таразылауға, асыл мұраларымызды ардақтауға өрісті мүмкіндік ашып отыр. Бүгінгі таңда рулық деңгейден ұлттық деңгейге көтерілетін, жершілдіктен жерініп, рушылдықтан бойды аулақ салатын уақыт жеткенін тамыршыдай дөп басқан Мемлекет басшысы ұлттық қазынамызды ұрпақ кәдесіне жаратудың жаңа жолын сілтеді. Өскелең ұрпақ бойына отаншылдық рухты сіңірудің соны үлгісі – осы мақалада. Кешегі өткен әз бабалардың ұшан-теңіз ұлағаты мен өлшеусіз өнегесін жаңғыртып, қайта дәріптеу арқылы біз еңкіш тартып тұрған рухымызды асқақтата алатынымыз ақиқат. Елбасы мақаласы жарияланғаннан бері осы мақсатта атқарылған шаралардан мыңдап мысал келтіруге болады.
Рухты айтсақ – руды шиырлап, аруақты айтсақ – атасынан әріге бара алмайтын осалдығымыз бар еді. Десек те, ұлт ұрпағын өз бабасын дәріптеу арқылы елдікке жұмылдыратын жол тапқандаймыз. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» демекші, атаңды ардақтау арқылы ұлтыңның тағдырына алаңдайтын болмыс қалыптастыруды көздей бастадық. Қоңыр күзде осындай бір сауапты шараның куәсі болғаным бар.
Жаңаарқа ауданы, Ералиев аулында Мәмбет, Құлымбет есімді ағайынды екі қария өткен. Көзіміз көрді. Шағын ауылды бірлікке ұйыстырып, елдікті ойлаған еңселі қариялар еді. Қос қариядан тарған ұрпақтың өзі бір қауым елге айналған бүгінде. Атадан қалған өрісті өнеге мен келісті ұлағаттың мұратты мұрагерлері болып жүр. Үлкені де, кішісі де ел ісінен оқшауланғанын көрмеппіз. Мәмбет ақсақалдың Өмірзағынан туған Ерболат Мәмбетов ауылдағы іргелі шаруашылықтың тізгінін ұстап, ел ішіндегі ірілі-ұсақты шараларға демеушілік жасап, жомарттық танытып жүр. Өткен жылы газетіміздің 85 жылдық мерейтойында редакция белдеуіне бір жылқысын байлап, аузымыздан ақ май ағызған да осы Ерболат болатын. Ал, Мәңкеңнің Жанұзағынан туған Ерболат Мәмбетов – Ералиев ауылының әкімі. 2015 жылы аулымыздың 50 жылдық тойы өткенде Ерболдың іскерлігі мен ұйымдастырушылық қырына тәнті болғанбыз.
Өмірзақ ақсақалдың өзі де, інісі Жанұзақ та – кешегі Кеңес дәуірінде шаруашылықта жауапты қызметтер атқарған, ел игілігі жолында еңселі іс тындырып, алғыс арқалаған жандар. Осы Өмкең мен Жәкеңнің және Құлымбет ақсақалдан қалған ұрпақтың баба рухы алдындағы сауапты ісіне шолу жасау үшін әуелі шегініске баруым керек екен.
Арқадағы кіші жүз (Алшын, Тама, Жағалбайлы) руларының Батыстан ауа көшіп, Арқа, Шу өңірлеріне қоныстануы жайында сан мәрте жазғанбыз. Үркердей болып көшкен жұрттың ұрпағы тарыдай шашылған заман болғаны жайында ақын Ғалым Жайлыбайдың «Тамакөшкен» атты поэмасын да жарияладық.
Мәмбет, Құлымбет ақсақалдардың руы – Таманың Көзейі. Таманың ұраны – Қарабура. Қарабура әулие – Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауимен замандас болған тарихи тұлға. Әулие туралы аңыз оның Қожа Ахмет Яссауи қайтыс болғанда (Яссауидің өз өсиеті бойынша) жуындырып, кебіндеп, жаназасын шығарғаны туралы сыр шертеді. Әулие бабаның қасиеті туралы Әбіш Кекілбайдың «Елдік пен ерлік киесі» атты мақаласында кеңінен қамтылған. Қарабураның мәңгілік қонысы – Созақта. Қасына да өзінің қасиетті ұрпақтары жерленген. Сондай-ақ, бұл қорым алыс-жақыннан ағылған халықтың тағзым жасап, тәу етер қасиетті орынға айналған.
Біз сөз етіп отырған Мәмбет пен Құлымбеттің әкесі Түсіп батыр Қабылұлы осы Қарабура бабасының жанына жерленген. XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Түсіп батырдың дәуірінде ұлт тарихының жылнамасы бойынша аса маңызды ұрыс, жортуыл-жорықтар бола қоймаған. Сонда, Қабылдың Түсіпі қалай батыр атанды? Түсіп бабаның батырлығы туралы Сыр сүлейлерінің жыр-дастандарында есімі аталып, ерлігі дәріптеледі. Бірақ, нақты қандай жорықтар екендігі туралы дерек жоқ. Яғни, Түсіп баба ел ішіндегі ымыра-бірліктің ұйытқысы, тыныштықтың қалқаны болған. Рулар арасындағы барымтада бейбіт елдің берекесін алып, ұсақ рулар арасындағы дау-жанжалға себеп болған арам пиғылдыларға қаһарын төккен ержүректігімен ерекшеленіп, әділдігімен дараланған. Әйтеуір, Қарабура әулиенің жанына тегін адам жерленбейтінін ескерсек, Түсіп батыр ұлтымыздың рухты тұлғасы болғаны дәлелдеуді қажет етпейтін болса керек.
…Жуырда Мәмбет-Құлымбет ұрпақтары Арқадан Созаққа керуен тартып, Бетбақдаланы өрлей өтіп, Қарабура кесенесіне тәу етіп қайтты. Түсіп бабаларына ас берді. Жол талғамайтын алты көлікпен Арқадан аттанған батыр ұрпақтары сол өңірдегі Ұлы жүз, Орта жүздің игі-жақсыларының басын қосып, дастарқан жайды. Елдік мұраттағы мазмұнды әңгіме қаузалып, Елбасының ұлттың ұлы мұраттарына бағытталған байыпты бастамалары мен еңселі еңбегі екшелді. Советтік дәуірде тыйым салынған ғұрпымыз жаңғырып, салтымыз салтанат құрды. Ел мен ел араласып, ұрпақ пен ұрпақ жақындасты. Түсіп бабаның басына ескерткіш тас орнатылып, рухына ұлықты құрмет көрсетілді.
Сауапты сапардан оралған ұрпақ ауылға келген соң, жазиралы Жаңаарқа топырағын дүбірге бөлеп, тағы да Түсіп батыр мен оның балалары Мәмбет-Құлымбет рухына бағыштап құран оқытты. Сауын айтып, Арқа өңірінің түпкір-түпкірінен ағылған жұртқа ас берді. Ат шаптырып, дала төсін дүбірге бөледі.
Бұл жерде бір рудың бабасын дәріптеп, ұлан-асыр ас бергеніне қоғамдық маңыз беруден аулақпын. Дегенмен, сол әулет ұрпақтарының бойында Отанға деген ыстық сезім, бауырмалдық, қайырымдылық секілді адами қасиеттердің асылына деген сүйіспеншіліктің оянғанына куә болдық. Елдіктің еңселі, бірліктің бекем болуы осындай ізгі амалдарымыз арқылы нығая түссе керек.
Ерсін МҰСАБЕК