Руханиятты насихаттаған жөн бірақ, технократ та керек
Cоңғы кезде ғылым мен технологияны дамыту керектігі жиі айтылуда. Мұны жақсылықтың нышаны деп қабылдадық. Себебі де жоқ емес. Әлемнің кез келген дамыған елін алып қараңыз. Олар осы дәрежеге қалай жетті деп ойлайсыз? Әрине, ғылым мен технологияның арқасы және соны дұрыс насихаттау арқылы. Бізден мықты ғалымдар мен өнертапқыштар шықпай жатқаны да сол насихаттың аздығынан болса керек. Жай ғана мысал. Кез келген оқу ошағында «Өнегелі өмір» деген бағдарлама бар. Белгілі бір салада жетістікке жеткен азамат келіп, тәжірибесімен бөліседі. Өз басым осы кезге дейін мықты инженердің немесе көлік құрастырушының сонда барып, сұхбат бергенін байқамаппын…
Бұл «руханият мәселесін насихаттамау керек» деген сөз емес. Өзім осы сала өкілі болсам да, өзге сала шеберлерінің де насихатталғанын қалаймын. Өйткені, әр саланың үздігі бар. Олардың да өз айтары һәм жас ұрпаққа берері бар.
Тағы бір айта кететін жайт, бізде бір жазылмайтын кесел бар. Бір жоба ашылса, «ел танымайтын бір мықтыларды шақырар, тың дүние көрерміз» деп қуанасың. Жоқ. Сол баяғы елге танымал, сол жаттап алған үйреншікті мәтінінен асырып түк айта алмайтын, соның айналасынан шықпайтындарды шақырамыз. Көрермен тартуды да ойлау қажет шығар. Дегенмен, таяқтың екі ұшын тең ұстаған жөн болар. Олардың тұлғалық бейнесіне, абыройына еш таласымыз жоқ. Әңгіме бір бағытта тұтас кетіп қалмауда.
– Біз көптеген жыл бойы рухы мен тілі, ділі қысым көрген елміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қабылданғаны осыдан. Яғни, рухты ояту керек. Себебі, адамгершілік, тәрбиеден, гуманитарлық бағыттан басталады. Қазір біз кеңестік кезеңде еркін айта алмаған рухани әлемімізді насихаттап, шөлімізді басудамыз. Бірақ, жаппай руханиятты насихаттап кетуге болмайды. Қазір телеарналар мен әлеуметтік желі насихат көзіне айналды. Осыны пайдаланып, жаратылыстану, инженерлік, технологиялық бағытты насихаттайтын бағдарламалар ашу қажет. Ол үшін журналисттерді де ғылым мен өндірістің түрлі саласына бейімдеп оқытқан абзал. Десек те, техникалық мамандықтарға жастарды баулуға әрқайсымыз мүдделі болуымыз керек. Насихаты молайса, бізден де түрлі саланың үздіктері шығады, – дейді Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың тарих факультетінің аға оқытушысы Нұртас Смағұлов.
Жуырда бір жиында ғылым мен технология һәм руханият мәселесі жайлы әңгіме өрбіді. Сонда «елдің ертеңіне ие болады» деп үміттенген жастар сағымызды сындырғандай болды. Неге дейсіз бе? Айналамыздағы көршілер ғылымның түр-түрін меңгеріп, айды зерттеуге ұмтылып жатыр. Ғарыш кемелерін құрастырып, өзге ғаламшарларды зерттеуге құлшынуда. Біздің үміт күткен жастар мемлекетімізде дінге басымдық неге берілмейді?» «Әскери бөлімдерде неге намаз оқуға рұқсат етілмейді?» деп соқты. Не айтарымызды білмей, тілімізді тістей бердік.
Дінге, руханиятқа ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ, құр рухани байлықпен көсегеміз көгереді деу қате екенін ұғатын кез келген жоқ па? Мәселен, Жапонияда рухани байлықты бастауыш сыныптарда баланың миына өмірінің соңына дейін кетпестей етіп, құйып тастайды. Одан кейін жүз тіл оқытса да, жапон тілін ұмытпайды. Қандай ғылым саласына бет бұрса да, жүрегі «Елім!» деп езіліп тұрады. Өйткені, негізі – мықты.
Ал, біз өмір бойы рухани әңгіме айтсақ та, өз тілімізде сөйлеуге намыстанамыз. Бізгеде нақты ғылымдарға бет бұратын кез келді. Яғни, Жапония сынды әлемнің алпауыт елдерінен неге үлгі алмасқа. Көрші Өзбекстан көліктің түр-түрін жасап, қазір ұшақ шығарғалы жатыр. Әлихан бастаған Алаш арыстарының неліктен жапондардан үлгі алу қажеттігін негізге алғанын енді түсіндік. Санамызға енді жетті. Басқалардың осы жайтты сезгенін, көзін жеткізгенін қалаймыз. Өйткені, мұны жылдам қолға алып, ғылым мен техникаға икемді ұрпақ тәрбиелеуді жолға қоймасақ, ертеңіміз жайлы ойлаудың өзі қиын…
Қазір екінің бірі спортшы, әнші, тележүргізуші, режиссер болғысы келеді. Өйткені, онда табыс мол, біріншіден. Екіншіден, елдің алдында жарқырып жүргісі келеді. Ертеңімізді кім ойлайды сонда?
Тағы бір қарапайым мысал айтайық. Майқұдықтың күрежолы жөнделіп жатыр. Жөндеу жұмыстары басталғанда бардық, қолға қағаз-қалам алып, жол жағдайын елге жеткізбекке. Сөйтсек, жолдың сызбасын сызып, өлшеп-пішіп жүретін негізгі мамандар шетелдіктер болып шықты. 100 маман Армениядан келіпті. Ал, өзіміздің қаракөздер ауыр жұмыстың бәрін мойнына алған.
Шетелдіктерде кінә жоқ, кінә өзімізде. Олар жолдың маманы болса, сол арқылы жоғары мөлшерде жалақы алып, ырысымызды еншілеп жатса, оған өзіміз ғой айыпты. Неге осындай тапшы мамандықтарды меңгермеске? Мұғалім, дәрігер болғысы келетіндер онсыз да жеткілікті.
Қашанғы жұмыстың ауырын істеп, келімсектерге жем боламыз? Неге елдің теуіп тоздырған жаман көлігін мінуіміз керек? Қашан өндірісі қарыштап дамыған, елдің әл-ауқаты артқан елге айналамыз? Осы ойлар жатсам-тұрсам маза бермейді.
Біз Абайды әр сөзімізге қосып айтқанды жақсы көреміз. Бірақ, осы әрекетіміз оны әлі толық оқымағанымызды және түсіне алмай жүргенімізді аңғартады. Өйткені, оның кез келген шығармасын алып қараңыз. Ол мына дүние мен ақыретті қатар ұстауды аманаттады. Ал, біз ақыретті көп ойлап кеткен сыңайлымыз. Абай «Кім атақты болса, кімнің ақшасы көп болса, соны жаппай мақта, соның маңайынан шықпа» деген жоқ. «Ғылыммен айналыс» деді. «Дүниенің кілті ғылымда, өмірдің мәні оқу-білімде, еліңе пайдалы дүние жасауда» деді.
Теледидарды қосып қалсақ, «КВН-шілерден» көз аша алмаймыз. Шындықты солардың айтқан әңгімесінен іздейміз. Небір таланттар тасада жүр. Олар елеусіз еңбек етіп жүріп, өмірден өтіп кетіп жатыр. Неге соларды насихаттап, бойындағы білімін жастардың сіңіріп алуына жол ашпасқа?
Неге Абай айтқан тепе-теңдікті ұмыттық? Неліктен руханият пен ғылымды, технологияны қатар дамытпасқа?! Елдің алдына тек руханият өкілдерін, спортшылар мен әншілерді насихаттай бермей, әр саланың үздіктерін неге шығармасқа? Өз күшімен кәсіп ашып, сол арқылы отбасымен қоса, туыстарын да асырап отырған азаматтарды неге елге көрсетпеске?!
Сонда, мүмкін, Әлихан, Әлімхан, Сәкен, Нығмет сынды алыптар шығар арамыздан.
Бұлар сынды елі үшін түрлі ғылым саласын меңгеруді Абайдан үйренген жөн дер едік. Өйткені, Абайды түсініп, оған амал жасаған бірден-бір азаматтар – алаштықтар. Бұл сөзімізге олардың жүріп өткен өнегелі өмірі дәлел. Әрқайсысы өз саласының шебері болды. Әлімхан – математик, Нығмет – заңгер, Әлихан – шаруашылық маманы, саясаткер әрі ғажап ғалым, Сәкен – рух алыбы. Әрқайсысы өз саласында бойындағының бәрін беруге тырысты, сол үшін арпалысты. Ал, біз жатып алып, билікті жамандаймыз, сериал көреміз. Қажет болса, қазіргі тренингке шақырушылардың айтып жүрген дүниесінің барлығы Алаш арыстарының еңбектерінде самсап тұр.
Демек, бір бағытты бетке алып шаба бермей, екінші бағытқа да көз тастайтын кез жетті. Насихаты аз салалардың насихатын күшейтсек, бұдан да жылдам дами түсер едік. Сонда, алпауыт елдердің қатарына енуге мүмкіндік те молаяр еді…
Жәлел ШАЛҚАР.