Абай

Рухани жаңғыру жолында

    Абай ауданында биылғы жылы жағымды жаңалықтар жетерлік. Аудан орталығында жаңа ғимараттардың бой көтеріп жатқандығы өз алдына, елді мекендерге де көптеп көңіл бөлінуде.

 

Мәселен, «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларға 113,4 млн. теңге бөлініп, осы жылдың екінші жартыжылдығында қала және ауылдық елді мекендердің 15 объектілерін жөндеу қолға алынды. Атап айтар болсақ, мәдениет саласы бойынша 3 жоба, қаражат сомасы 27 млн. теңге, білім саласы бойынша 7 нысан, қаражат сомасы 49,2 млн. теңге, спорт саласы бойынша 2 нысан, қаражат сомасы 17,6 млн. теңге, ТҮКШ саласы бойынша 2 нысан, қаражат сомасы 13,4 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда 45 жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту орталығы арқылы 28 адам жұмысқа орналасқан. Аталмыш нысандар Абай қаласы, Топар кенті, Дубовка, Ақбастау, Құлайғыр ауылдары орналасқан.

Осы жылы ғана ауданымызға қосылған Дубовка кентіндегі мәдениет үйі мен спорт кешені қайта жаңғыртудан өтуде. Мәдениет үйінің іргетасы сонау 1982 жылы қаланған ғимараттың ішіне аттай отыз бес жылдан астам уақыт күрделі жөндеу көрмеген. Сондықтан, мәдениет үйінің «мәдениеттен» тыс қалғаны күні кешеге дейін көңілге кірбің түсіріп келгені анық. Кенттегі мәдениет үйі – жастардың және оқушылардың уақытын тиімді өткізетін бірден-бір орын. Ал, келушілер жайлы да, жылы ғимараттың болғанын қалайтыны түсінікті.

– Биыл бұл ғимаратқа ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Клуб үйінің көрермендер залы, кітапхана, жылу жүйесі, пеші, жарық шамдары, есік-терезелері, кіреберіс алаңы, дәретхана жаңартылатын болады. Қайта жаңғырту жұмыстарына нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қаражат бөлінді. Қаржы толықтай игерілетін болады, нысан ел игілігіне пайдалануға берілетін күнді асыға күтудеміз. Бұған дейін Мәдениет үйінде 2014 жылы шатырды күрделі жөндеуден өткентін. Ал, ғимараттың өзіне жөндеу жұмыстары жүргізілмеді,  – дейді Мәдениет үйінің меңгерушісі Әлия Шырынбекова.

Мәдениет ошағына жөндеу жүргізетін мердігер – «Орман евро құрылыс» ЖШС. Ғимаратты ағымдық жөндеуден өткізуге 9 млн. теңге қаржы бөлінген. Ғимарат ішінде 17 мыңнан аса кітап қоры бар кітапхана да орналасқан. Бұған да ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Кенттегі жасалынып жатқан тың істерге тұрғындардың да айтары көп.

– Қара шаңырақта қасиет бар. Кенттегі қара шаңырағымыз күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ел басқарған азаматтарға айтар алғысымыз мол. Бүгінгі таңда келетін болсақ, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мәдениет үйімен қатар, спорт кешені де жөндеуден өтіп жатыр. Мұндай жұмыстарды көріп, кеудемізді қуаныш кернеуде. Қайта жаңғырту арқылы әлі де талай дарынды жастардың шығатынына кәміл сенемін, – дейді кент тұрғыны Әмина Жаппарова.

Кентте мәдениет ошағымен қоса, спорт кешені де ағымдық жөндеуден өткізілуде. Біздің аудан да ұлт салауаттылығына аса зор мән беретіндігі баршаға аян. Бұған да аталмыш бағдарлама шеңберінде 9 млн. теңге бөлінген. Бұл кешенге де жөндеу жұмыстарын «Орман евро құрылыс» ЖШС жасап жатыр. Мұнда спорт залдарды, жуынатын, шешінетін бөлмелерді, әжетханаларды жөндейтін болады. 4 мыңнан астам халқы бар елді мекен тұрғындарына бұл ғимараттардың маңызы өте зор. Құрылыс жұмыстары қараша-желтоқсан айларында аяқталады деп күтілуде.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button