Бас тақырып

Қымыз бен Қазақ немесе денсаулық пен рух

Суретті түсірген автор

Жатса-тұрса жылқысыз шаруасы бітпеген қазақта қымыз қат сусынға айналады деген үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жағдай емес пе?! Осыдан біраз жыл бұрын «қымызды немістер патенттеп алыпты» деп жар салған да біздің ел. Сөйтсек, ол неміс те осы біздің Қарағандыға жер аударылып келіп, қазақтан көріп барып Отанына апарған екен қымызды. Оны біздің редакцияға арнайы соғып, Бас редактор Қамбар АХМЕТТІҢ жүргізуімен өткен дөңгелек үстелде түп-қиянынан тарқатып айтып берген – қазақ-неміс қымыз институтының директоры, қымызтанушы кәсіпкер Айтуған МҰҚАШЕВ. 

Иә, Айтуған Адамқұлұлы – қазақ қымызын нарыққа шығарып, отандық бренд қалыптастырам деп жүрген Алаш баласының бірі. Әуелі қымыз шаруашылығын С.Сейфуллин кентінде дөңгелетіп бастаған қымызтанушы ғалым осы облыста жүріп, Елбасының көзіне түсіп, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Германияда оқып келіп, бие сүті өнімдеріне біржола ден қойған кәсіпкер. Қарағандыда шыны шөлмектерге құйылған, ұзақ уақыт сақталатын қымыз шығарып жатқанына жиырма жылдай болыпты. Қазір, сонымен бірге, Алматының Талғар, Ұзынағаш аудандарында екі бірдей орында бие сүтінен өнім алып отыр. Онда қымыз ғана емес, Германия технологиясымен бие сүтін кептіріп, сол ұнтақтармен Кореядан опа-далап (косметика) жасап шығарып, сауда айналымына енгізгені кеше ғана. Малайзиялық кәсіпкерлермен бірігіп сабын өндіруде. Құрамында бие сүті өнімдері бар сабынмен жуылған денедегі қандай да бір тыртық жоқ болып кетеді екен. Шведтермен бірігіп сусабын (шампунь) шығармақшы осы ай соңына таман. Бұл косметика өнімдері саудада жүрген көрінеді бүгінде. Бірақ, әлі неғұрлым молынан өндіріліп жатпағандықтан, желілік компаниялардан арнайы тапсырыс арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бие сүтін капсулалы (қабыққа орап) түрде шығаратыны өз алдына. Бұл да саудада бар (тапсырыс арқылы). Оның сыртында қымызды кептіріп, кәдімгі дөңгелек дәрі сияқты етіп шығару ниетінде. Қымызы, әлгіндей капсула, дәрі, косметикасы бар – барлығы бие сүтінен 10-15 өнім түрін жасап шығару жоспарланып отырғанын айтады кәсіпкер.

Бұл өнімдердің барлығы шетелдерде өндірілетіндіктен (Қазақстаннан тек бие сүті ғана өндіріледі) және әлі аз әрі сапалы болғандықтан, желілік компаниялар арқылы сатылады. Әрі Қазақстанмен қатар, әлемнің бес-алты еліне таратады әлгі компаниялар. Бағасы қымбат болған соң, екінің бірінің қолы жете бермейді. Тек тапсырыспен ғана сатып ала аласыз. Мәселен, әлгі қабыққа оралған бие сүтінің ұнтақтары күнделікті өтіп кететінін айтты кәсіпкер. Ондай ұнтақ шығаратын неміс аспабы әзірге біреу-ақ екен, таяуда екіншісін әкелмекші. «Үшіншісіне тапсырыс бердік, бір аспап кемі үш ай жасалады. Біреуі күніне тек 200 литр сүт өндіруге қауқарлы» дейді Айтуған Мұқашев.

Қымызтанушы кәсіпкердің бұл саламен айналысқанына – 20 жыл. Басында С.Сейфуллин кенті, Жарық бекетінен, қалаға апарып қымыз сатып жүрген. Алматыдағы ірі сауда орталықтарымен келісіп, күніне бір тоннаға дейін өткізген. Сөйткен кәсіпкердің бағы 2000 жылы Елбасымен кездескен соң ашылған. Облыс әкімдігінің ұйғаруымен Президентпен жас кәсіпкер ретінде кездескенде, Елбасы оған «Болашақ» бағдарламасымен шетелден неге оқып алмайсың?» деген. «Оған дейін шетелде оқу ойыма кірмепті» дейді өзі. Аталған бағдарлама бойынша грантпен Германияға оқуға түскенде, магистр ретінде «Жылқы шаруашылығының экономикалық және экологиялық тиімділігі» тақырыбын таңдапты. Сонда университеттің ғылыми ұжымының «бұл тақырып бойынша бізде доқторлық жұмыс бар, бірақ, көп жылдан бері осы жұмыс іске аспай тұр. Соны жүзеге асырсаң қайтеді?» деген ұсынысын бірден қабыл алып, іске кіріскен. Соңына дейін жеткізуді мұрат тұтқан. Бүгінде сол мұратының шеті көрініп қалғанға ұқсайды. Оқыған соң мақсат айқындала түсті. Өнімді аяғына дейін өңдеп шығарса, бағасы әлдеқайда қымбат тұратынына көз жетті. Себебі, бие сүтінің құнарын ешқандай дәрі алмастыра алмайды әлемде. Сүтті бұрын ыстықпен кептіріп өнім алғанда, микробтармен бірге кейбір дәрумендер де өліп кететін. Айтуған оқыған Германия соны ойлап, суықпен-ақ кептіріп, өнім алғанын байқаған және ана сүтіне теңдес жалғыз жылқы сүтінің құрамын егжей-тегжейлі біліп алған. Қазір бие сүтінен не өндіруге болады, оның сапасы қалай шығады – бәрін жіктеп айтып отыр. Өкініштісі, сүттен басқасының бәрін тек шетелде өндіруге тура келетінін қаперлейді. Мәселен, Германияда бір жер тек сүт шығарумен айналысса, екінші жер оны өңдеумен шұғылданады. Үшінші жер сол өнімнен не шығаруға болатынын анықтап айтады. Төртінші орын әлгі затты кіріктіріп, өнім жасап береді. Бізде мұның бірі жоқ екен. Ғылым мен өндірістің дамымайтыны содан. Бизнесті дамыту үшін әуелі ғылыми институт (менеджерлік кеңсе) болуы шарт. Тауар шықпай тұрып, бірінші маркетингтік қызметтер атқарылу керек. Ол затқа сұраныс бар ма? Бір телефон үлгісін жасап шығармай тұрып, оның жарнамасы кетеді. Бәлен миллион сұраныс болса, сол дүниені шығара бастайды дамыған елдер.

Ол бастапқыда бие сүті мен қымыздан 100 түрлі өнім жасап шығарамын деп жоспарлапты. Жиырма жыл бұрын. Қазір соның жиырмаға жуығына қол жеткізіпті. Косметиканың 5 түрі, сабынның 2 түрі, бие сүтінің ұнтақты капсуласы, осы айдың аяғында шығаруға жоспарлаған сусабынның 3 түрі, қысқасы, барлығы 20-ға жуық. Көбейте беруге кедергі – Қазақстанда косметикалық зауыт жоқ. Кореяға баруға тура келеді. Сабын жасау технологтары тағы жоқ. Ол үшін малайзиялықтарға жүгінеді. Жалғыз-ақ бие сүтінің ұнтақтары, қорабы мен тауарлық маркасы Қазақстаннан өндіріліп тұрғанын еске салды. Сүтті кептіретін аспап Германиядан келеді. Ондағы кептірілген сүттің бір капсуласы 100 гр. сүттің құнарын береді. Мысалы, 100 гр. сүттің 90 грамы судан тұрады да, 10 гр. ғана ұнтақ (құнар). Ал, ондағы дәрумендер асқазаннан гөрі ішекке пайдалы екен. Тиісінше, 100 гр. сүт асқазанға барғанда адам ағзасы оның суын бір бөлек, өзгесін бір бөлек ыдыратып, «әуреге» түсетін көрінеді. Мына қымызтанушылар өңдеген капсула болса, асқазанда ерімейді. Ішекке барғанда ғана сырты жарылады да, ішіндегі құнары ағзаға сіңіп кетеді.

Дәл сол сияқты, қымызды да дәрі түріндегі таблетка ретінде шығарғысы келетін көрінеді. Сол үшін қазір Алматыда үш ғалым клиникада зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр екен. Қымызды ішкен жақсы ма, жоқ, дәрі пішіндегі қатырмасын ауызға тастап жіберіп, құрт сияқты дәмін алып жүрген пайдалы ма? Адам ағзасына кейінгісі оңтайлы болса, соны өндіруге кіріспек қазақ-неміс қымыз институты.

Қымызды немістер патенттеп, иелігіне түсіріп алды деп қазақ неге шулап кетті бір кездері? Оның да әңгімесін Айтуған айтсын. 1950 жылдардың басында Қазақстанға жер аударылған неміс ұлтының азаматы Қаражал қаласында шахтада істеп жүреді. Әлгі құрт ауруымен ауырады да, емделмейтін болған соң, қолына құжаттарын ұстатып, шығарып салады. Екі адамның қолтықтауымен зорға жүрген немісті бір қойшы досы өзімен жайлауға ала кетеді де, ала жаздай сонда жатып қымыз ішеді. Екі адамның сүйеуімен зорға жүретін әлгі неміс күзде екі жігітке әл бермейтін азаматқа айналып қайтқан. Қолында тұтқыннан босатылды деген қағазы бар ол 1953 жылы Германияға жетіп алады. Сонда малдәрігерлік институтында оқып, жұмысқа орналасады да, алғашқы жалақысына бие сатып алады. Ол жақта сол кезге дейін жылқының еті мен сүтін жеу – біздің жақта есектің етін жеп, сүтін ішкенмен пара-пар мазақ іс көрінген. Бие сатып алдың деп Қазақстаннан оралған немісті отбасы тастап кете жаздаған ғой басында. Жылқы сүтін ішіп ажалдан аман қалған ол ақыры бәрін жеңіп шығып, 1954 жылдан бастап, 1991 жылға дейін жылқы шаруашылығымен айналысып қана қоймай, зерттеу жүргізген. Ақыры 1991 жылы Кеңес одағының ғалымдарын шақырған Германияға. Қазір оның шаруашылығын жүргізіп отырған немересі. Басында әкесі жұмысты екі ғалыммен бірге бастаған. Бүгінде ол институтта 8 ғалым жұмыс істеп жатыр. Алғашында бие сүтімен тері ауруларын емдеп бастапты. Аталарының бастаған ісі енді-енді жеміс беріп келеді деген сөз.

2001 жылы Айтуған Адамқұлұлы Германияға оқуға түсіп, ғылыми жұмысын қолға алғанда, неміс елінде жиырма шақты ғана жылқы шаруашылығы тіркелсе, 2011 жылы бұл көрсеткіш 200-ден асып түскен. Университет ең көп оқылған ғылыми жұмыс жазғандарды марапаттап тұрады екен. 2011 жылы оқу орны осы дәстүр бойынша Айтуғанды шақырып марапаттаған.

Қазір Еуропада жылқының сүтін қойып, еті мен терісі, тіпті, қылына деген сұраныс өте жоғары көрінеді. Оған Айтуғанның ғылыми жұмысы барысында көзі жеткен. Әрбір аяқ киім тігетін фабрика жанында жылқы терісі анағұрлым қымбат бағаға қабылданатынын білген. Өйткені, терісі ыстық-суыққа бірдей төзімді. Еуропа жылқының қылынан ұйқы төсенішін (матрас) жасайды екен. Себебі, біз жатып жүрген синтетикалық төсеніштер адам энергиясын сорып алады. Кейде төсектен «қирап» тұратыныңызды еске түсіріңіз. Ал, жылқының қылы бір-біріне үйкелген сайын кісіге қуат беретіні дәлелденген.

Немістер дәлелдеген. «Д» дәрумені тек жылқының сүтінде ғана молынан кездесетінін. Орыстар оны «Гармон счастья» дейді. Адам гармонының негізін түзетін – осы триптафон. Қазақ-неміс институты шығарып отырған бие сүті ұнтағының аты да «Триптафон» аталады. Қазақ қымыз ішсе, көңілі көтеріліп, әңгіме айта бастайтыны содан.

Қазақстанда 1950 жылдан 1980 жылға дейін қымыз қатты зерттеліп, емге пайдаланылған. Бүкіл аурухана қымызбен емдеуді жолға қойған. «Оның нәтижелері архивтерде сайрап жатыр» дейді қымызтанушы. Қымыздан жазылмаған ауру жоқ. Ұлттық сусынның әсері, тіпті, ауруына байланысты қай уақытта қанша мөлшерде сүт, қанша мөлшерде қымыз ішу керектігіне дейін жазылған құжаттармен танысқан да осы Айтуған ұлдарыңыз. Бірақ, Кеңес Үкіметі ойлана келе мұндай емдеу жолын тоқтатуды ұйғарған. Оған үш түрлі себеп болған. Бірінші, қымызбен емдегенде, басқа ұлттарға қарағанда, оны бұрыннан бері ішіп келе жатқан қазақ ұлты тез жазылып кеткен. Біздің геніміздегі фермент қымызды 100 пайыз ыдыратады. Басқа халықта ол фермент қалыптасқанша, біраз уақыт өтіп кетеді. Екіншіден, жылқы ұстаған совхоздар тез байып кетіп отырған да, атқа мінген қазақтар қауіп тудыра бастаған. Сосын 1982-1984 жылдары болу керек, асханаларда қымыз тегін берілген. Қанша ішілсе де. Сөйтсе, қазақтарға тексеріс жүргізген екен ғой Кеңес үкіметі. Нәтижесінде, Қазақстан дәріханаларында дәрі сатылмай кеткен. Фармацевтика тұралап қалуына, қазақтың күшейіп кетуіне байланысты, кеңестік жүйеге кері әсер ететіндіктен, қымыз өндірісін сап тыйған. «Мен осы фактілерді құжат жүзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсеткенде, арқамнан қағып, «ал, енді іске кіріс», деген» – дейді Айтуған Мұқашев.

Жылқы сүтінің бір қасиеті – басқа бір нәрсе қосылып кетпесе, өмірі бұзылмайды. Сол қалпы тұра береді. Қос шыны ыдыстың біріне бие, біріне сиыр сүтін құйып, бетін мықтап жауып қойса, екі-үш күнде сиырдың сүті іріп кетеді. Жылқыныкін бір араластырып жіберсе, бастапқы қалпына қайта келеді. Қымыз да тап солай. Сырттан бірдеңе араласып кетпесе, өмірі бұзылмайды.

Р.S. Жылқы – қазақтың бойдағы қуаты мен денсаулығының кепілі ғана емес, ең бастысы ол – қазақ баласының рухы. Кеңес Үкіметі қазақты аттан түсіргенінің астарында осындай қитұрқылық жатыр. Рухынан айыру деген. Жаяу жүргенде иттен сескенетін қазақ атқа мінсе, қасқырды да тұра қуады, именбейді. Жауынгер рухқа ие болады. Қазақ бесіктен белі енді шыққан баласын ашамайға отырғызып, қолына тізгін беретіні тегін емес. Жасында тай тізгінін ұстап өскен бала өмірде де басқа нәрселерді тізгіндей алады, демек. «Ат жалын тартып мінді» деген сөз бар ғой. Аттан түсіп қалмайық онда!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button