Рухани шара жалғасын тапты
Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, Қарулы Күштер ардагерлерінің Приозерск гарнизонындағы ұжымының қолдауымен Сарышаған мектеп-интернатында «Рейхстагқа Ту тіккен қаһарман!» тақырыбындағы патриоттық іс-шара өтті. Аталған іс-шараға ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Тілек Кенжебеков пен Сарышаған кентінің тумасы Жұмағали Күлмағамбетов арнайы шақырылды.
Алдымен, мектеп оқушыларына батырдың өмірі мен ерлік жолына арналған деректі фильм көрсетілді. Одан кейін ардагер Тілек Алшымбекұлы сөз алып, жылы лебізін білдірді.
– Қазақтан шыққан батыл да ержүрек Рақымжан Қошқарбаев қарсы келген жауынан еш тайсалмастан, жанындағы жауынгерлік досы Григорий Булатовпен бірге жер бауырлап, Рейхстаг қабырғасына Жеңіс туын қадады. Сол ерлік істерімен ұзаққа созылған Ұлы Отан соғысына нүкте қойылып, қалың көпшілік бейбіт күнге қол жеткізді. Сөйтіп, Рақымжан атамыз ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, Жеңістің даңғыл жолын салып берді. Бүгінгі күнде, біздер – сол Жеңіс жолының жалғаушысы екенімізді естен шығармау керекпіз, – деді ардагер өз сөзінде.
Ал, Жұмағали Күлмағамбетов оқушыларға өзінің студенттік шағында қаһарман Рақымжан Қошқарбаевты Алматыға іздеп барғанын, батырдың қолына ауыл ақсақалдарының сәлем хатын жеткізгенін айтып берді.
Шара барысында мектеп оқушылары батырдың Жеңіс Туын тіккендегі сәтінен шағын көрсетілім қойды. Одан бөлек, «Жалын» домбырашылар ансамблі де өз өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Думан ЖҰМАШҰЛЫ,
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы.