Рухани құндылықтың қарашаңырағы
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының тарихы тым әріде. Сонау жылдары екі мыңға жуық кітап қорымен басталған кітапханада қазір 400 мыңнан астам кітап бар. Талай жастың таным көкжиегін кеңейтіп, рухани нәр берген қарашаңырақ бүгінде заман ағымымен қатар жұмыс істеп келеді. Биыл сол кітапханаға – 90 жыл.
Облыстық мәдениет және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен кітапхана тойы дүркіреп өтті. 90 жылдығын мерекелеу аясындағы іс-шаралар екі күнге жоспарланып, жақын шетелдерден кітапхана басшылары мен мамандары арнайы шақыртылған. Одан бөлек, аймақтағы күллі кітапхана басшыларымен қатар, Астана, Алматы қаласынан да келді. Мерейтойға ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы да келіп, ұжымға жылы лебізін білдірді.
Мерейтой аясында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық одағының төрағасы Бақытжамал Оспанова облыстық әмбебап кітапхана директоры Айнұр Шаймұханбетованы «Қазақстанның үздік кітапханашысы» төсбелгісімен марапаттады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет облыс кітапханаларын дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Қарашоваға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.
Шара басы «Қарағанды09: еркін диалог аймағы» халықаралық OpenTalk брифингімен басталды. Бұл бөлімде келген қонақтарға арнайы сөз беріп, сый-сияпат көрсетті. Шара шымылдығын басқарма басшысы Еркебұлан Жұмакенов түріп, әріптестерін айтулы мерекемен құттықтады.
– Бұл рухани орда облысымыздың бас кітапханасына айналды. Жылдан-жылға кітапхана өз қызметін кеңейтіп, әлеуметтік-мәдени, ақпараттық және білім беру орталығы ретінде дамып келеді. Бұл мереке тек біздің облыстың мәдениеті үшін ғана емес, республика үшін де маңызды және айтулы дата екені сөзсіз. Сондықтан, баршаңызды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді.
Бүгінде кітапхана қорында 400 мыңнан астам кітап қоры бар десек, оның 70 мыңы мемлекеттік тілдегі кітаптар. Солардың қатарында XVII ғасырдың соңынан бастап жарыққа шыққан екі мыңнан астамы сирек кітаптар қоры бар. Қазіргі таңда олар арнайы қорда сақталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайтынын» баса айтқан болатын. Осындай құнды дүниелерді халыққа ұсыну мақсатында кітап қоры бірыңғай сандық форматқа көшірілуде. Ал, кітапхана оқырмандарының басым бөлігі – жастар. Мамандардың сөзіне сүйенсек, жылына 23 мыңнан астам оқырман тіркелетін көрінеді.
Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет кітапхананың «Жыр жауһар» поэзия клубының белді мүшесі болған. Өзі осы шараға арнайы келіп, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын жеткізді.
– Кітапханашылардың еңбегі ерен! Облыстық кітапханашы құрамының ізденісі мен бастамасы, қажымас еңбегі – зор құрметке лайық. Кітапхана ұжымына толағай табыс, шығармашылық жетістік, баянды бастама тілейміз. Облыстың мәдени, тарихи мұрасын сақтау және дамыту жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!, – делінген құттықтау хатта.
AMANAT партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков те ізгі тілегін жаудырып кетті.
– Оқырман сұранысын толық қанағаттандырып, өзінің құндылығын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып, оқырманмен біте қайнасып, қызметін жаңа жүйемен жалғастырып келеді. Киелі орданың тіршілігіне жан беріп, ұлттық құндылықтарды адамзат бойына сіңіруге себепкер болып отырған кітапханашылардың еңбегі қашан да мәртебелі дер едім. Көзге көрінбей халықтың рухын көтеріп келе жатқан кітапханашы еңбегі нағыз насихат құралы, идеологиялық құрал екенін көпшілігі ескере бермейді. Осының бәрі сіздердің еңбектеріңіз, құрметті кітапханашылар. Біздің өңірде, мәдениет саласында – үлкен той. Шаң жұтып жүріп елге ең құнды дүниесін ұсынып жүрген сіздер – мен үшін де, ел үшін де әулиесіздер, – деді Бекзат Қомарұлы.
Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы да шараға арнайы қатысып, одақ төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хатын табыстады. Онда:
– Бұл кітапхана – Қазақстандағы өзге кітапхана мен ұйымдары үшін шабыт көзі. Қарағандының қарашаңырағы атанған кітапхана – Арқа баспасының абыройы, парасат тұнған ордасы. Қала мен дала тарихының әр сәті кітапқа таңбаланып, тасқа басылып, қағазға көшіп, кітапханалар қызметі арқылы ғасырдан-ғасырға мирас боп сақталып келеді. Кітапхана – ғылым жұмағы. Облыстық кітапхана замана толқынында тербеліп, үстіндегі қымбат қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі. Арқа өңірі сөз өнері шеберлерінің таңдаулы туындыларының «Сарыарқа кітапханасы» атты көптомдық сериясы аясында жарыққа шығаруды ұсынып, оған қолдау көрсеткен еңбектеріңіз үшін Алғыс білдіремін, – делінген.
Шара соңы дөңгелек үстел жиынына жалғасты. Онда «Жаңа дәуір әдебиеті: дәстүр және жалғастық» тақырыбында мәселе қозғалды. Оқырмандарды қазіргі әдебиеттегі қандай тенденциялар мен кітаптар қызықтыратыны туралы ұсыныс айтылды.
– Кітапханаға келген барлық жастағы жан тек оқу үшін ғана емес, қарым-қатынас пен өзін-өзі дамыту үшін келеді. Кітапхана, кітапхана келбеті, функциялары мен қызметі де өзгеру үстінде. Сонымен қатар, қазіргі оқырмандар қызықтыратын ақпараттарын жедел алғысы келеді. Яғни, кітапханаға оқырман тарапынан қойылатын талаптар саны жыл өткен сайын артып келеді. Оқырмандарды тарту үшін оларға пайдасы тиюі, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс жасауымыз қажет. Кітапхананың оқырман талабына сай болмауына құқығы жоқ. Айта кету керек, қазіргі оқырман кітапханадан абонементтер де және оқу залдарында көрсетілетін көмек түрін бұрынғысынша емес, жаңа заманауи құралдар арқылы алғысы келеді. Ал, бәріміз осы мәселелер үшін күресуіміз қажет, – деді Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасының директоры Баршагүл Байжанова.
Қазақстандық Кітапханалық одағының төрағасы Бақытжамал Оспанова өз сөзінде:
– Біз кітапханалар жұмысын насихаттап, тақырыптық дәрістерден бастап бұқаралық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізіп келеміз. Бірақ, алуандылық болу үшін кітапханалардың ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық қарым-қатынаста болуы қажет. Яғни, кітапхана жұмысының тиімділігі, сапалық және сандық көрсеткішке аса мән беру – басты талап. Осы мақсатта әлі де бірқатар жұмыстар атқарылуы керек. Бұл – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Егер біз азаматтарға қажетті дүниелерін тауып бере алмасақ, кітапхана әлеуетінің қандай екені көрінеді. Бүгінгі таңда «кітапхана өткеннің еншісінде қалған дүние» деген пікірлерді көп естіп жатамыз. Ия, қазір компьютер, интернет бар. Бірақ, бұлар кітапхананың орнын баса алмайды. Керісінше, кітапхана жұмысын жаңа қырынан көрсетеді. Жалпы, кітапхана өз-өзін дамыту орталығына айналдыру қажет, – деді.
Жиынға қатысушы ақын-жазушылар цифрлық оқу дәуірінде «жазушы – оқырман» диалогы қалай дамитыны және оқырман пікірлері жайында өз ойларымен бөлісті. Атап өтсек, белгілі жазушы Өмір Кәріптегі автордың шығарған кітабына билік, ақпараттық кеңістік жағынан ешқандай қолдау, насихат жұмыстарының жүргізілмейтіндігі жөнінде айтты. Одан бөлек, қазіргі уақытта кітапхана қорында шет ел әдебиетінен аударылған дүниелердің аздығы да сөз болды. Аудармашылардың мәселесі де осы жерде пысықталды.
– Кітапхана ішінен құрылған «Жыр жауһар» клубына да 20 жылға жуықтады. Жастардың бұл клубы Қарағанды руханиятына, шығармашылыққа зор ықпал етті. Қазір сол шығармашылық ортадан шыққан жастар үлкен қызмет орындарында отыр. Жалпы, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың есімін беру қажет. Және Қарағандыдағы кейіннен ашылған «Қасым үйінен» кітапхананың филиалын ашу керек, – деді Серік Ақсұңқарұлы.
Одан кейін кітапхана ғимаратында экскурсия өтті. Экскурсия барысында қонақтарға сирек кездесетін кітап қорын көрсетті. Жұмыс барысымен таныстырып, кітапхана қорынан аз-кем мағлұмат берді. Соңғы күні шетелдік әріптестермен шығармашылық байланысты нығайту мақсатында екіжақты меморандумға қол қойды.
– Қарағанды – танымал қала. Осы жиынның алдында Теміртау қаласындағы музейге барып қайттық. Тұнып тұрған тарих. Ал, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханасы Халықаралық дәрежедегі кітапхана. Көптеген Халықаралық көрмелерге қатысып келеді. кітапханаға кірсеңіз, жаныңыз жай табады екен. Аурасы керемет. Әрі қоры да мол. Меморандум аясында тәжірибе алмасып, бар білгенімізбен бөлісеміз. Достығымыз одан әрі нығая берсін, – деді Ресей жасөспірім мемлекеттік кітапханасының директоры Ирина Михнова.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz