Қарағандыда жыл сайын Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған турнир өткізу дәстүрге айналған. Еліміздің және шетелдің «менмін» деген боксшылары осы бәсекеде басым түсуді армандайды. Биылғы XXXIX халықаралық турнирде Қазақстанның және Куба мен Марокко, Ресей, Түркия, Ирак пен Өзбекстан мықтылары келді. Доданың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қатысты.
Турнир 17-21 желтоқсан аралығында былғары қолғаптың хас шеберлерін анықтады.
Осы жолғы турнирде 48 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Ұлттық құраманың өкілі Теміртас Жүсіпов алтын алды. Ол Абай облысынан келген Ернар Қараптан айласын асырды. Ал, 51 келі салмақ дәрежесінде кубалық Жиофис Салфран үздік болды. Ол ақтық сында Шымкент қаласының намысын қорғаған Рысхан Тәліпті ұтты. 54 келіде қарағандылық Кәрім Серкебаев тұғыр биігінде. Кәрім спортқа 12 жасында келген. Содан бері 126 рет рингке шығып, жүз алтысында жеңіске жетіпті.
– Турнирде топ жарғаныма қуаныштымын! Мен үшін зор мәртебе! Жеңіс тұғырынан көріну үшін біраз тер төктім. Қарағандыда өткен оқу-жаттығу жиындарында Кубадан, Өзбекстаннан келген үздік боксшылармен спаррингтер өткіздім. Мол тәжірибе жинадым. Рингте жарқырау үшін әлі де аянбай еңбектенемін. Бапкерлеріме, жаттығу залындағы достарыма мың алғыс. Келешекте ел намысын халықаралық ареналарда қорғағым келеді, – деді Кәрім Серкебаев.
92 келі салмақ дәрежесінде қарағандылық Нурмагамед Юсупов жартылай финалда Куба жауынгері Алверто Пересті нокаутқа жіберді. Бұл – турнирдің ең жарқын жеңістерінің бірі.
Жалпы, турнирдің басы-қасында жүрген Ғалым Жарылғаповтың ұлы Нұрғазы Жарылғапов қазақстандық боксшылардың деңгейі жыл сайын көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Бізбен бірге бүгінде халықаралық рингте Кубадан бөлек, Өзбекстанның да атой салып жүргенін айтты. Яғни, бәсекелестік артуда. Ал, сол мықтылардың сапынан түспеу үшін, жас боксшыларға көп көңіл бөліп, жағдай жасау қажет дейді. Кейінгі кезде Ұлттық құрамада қарағандылық боксшылардың көрінбеуі – көптің көкейінде. Нұрғазы мырзаның осы мәселеге қатысты өз айтары бар.
– Ұлттық құрама Қарағандыға мойын бұру үшін біздің боксшыларымызға тек жеңіс қажет. Өкінішке қарай, біздің жігіттер жарқырай алмай жүр. Әлбетте, осы тұста таяқтың бір ұшы бапкерлерге тиеді. Олар жанғалы тұрған жұлдыздарды жаға алмай келеді. Бар болғаны осы. Жас буынға көңіл бөлуге тиіспіз. Әйтпесе, Ұлттық құрамадан Қарағанды боксшысын көру – қиынға соғады, – деді Нұрғазы Жарылғапов.
Осы турнирде 2020 жылғы Олимпиада чемпионы, екі дүркін Әлем чемпионы Еуропа ойындарының чемпионы, Түркияның атақты боксшысы Бусеназ Сюрменели жұдырықтасқан еді. Бірақ, жүлдеге іліге алмай қалды.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz