Рух шырақшыларына құрмет

Өмірдің негізі саналатын мәдениет пен өнерсіз толеранттылық та, өзара қарым-қатынас та жоқ. Адамзаттың өмір сапасы да мәдениет деңгейімен өлшенбек. Мәдениет пен өнерге қолдау көрсету арқылы, өзіңе ғана емес, бүтін әлемге өз құндылығың мен қуаттылығыңды мойындата аласың. Ал, рух шырақшыларындай болған мәдениет және өнер қызметкерлеріне көрсетілген лайықты құрметтің нәтижесі – елдегі бақуатты тірлік пен бейбіт өмір болмақ. Кәсіби мереке қарсаңында К.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрында облыс әкімінің жыл сайынғы сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті. Биыл 21 аталым бойынша берілетін 25 сыйлықтан бөлек, 30 пәтердің кілті табысталғанын да айту керек. Жеңімпаздар қатарында газетіміздің бөлім меңгерушісі Жәнібек ӘЛИМАН да бар.

Кәсіби мерекеге орай, мәдениет және өнер қызметкерлеріне мемлекеттік қолдау көрсету және ынталандыру, әлеуметтік статусын және еңбектерінің маңыздылығын арттыру мақсатында облыс әкімінің жыл сайынғы сыйлығымен марапаттау рәсіміне аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек қатысып, сала қызметкерлеріне құттықтауын жеткізді.

Қай заманда да мәдениет – ел іргесі. Біздің өңір өзінің мәдениет саласындағы құнды әлеуетімен қашанда ерекшеленген. Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемияға қарамастан сіздер xалқымыздың руxын мүмкіндігінше қолдап бақтыңыздар. Осы жұмыстардың арқасында қиындықтарға қарамастан біз жылды оң нәтижелермен қорытындыладық, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Шынында да, мәдениет пен өнерге ерекше қолдау көрсететін Қарағанды өңірі жетістіктен кенде емес. Мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған «Рухани қазына – 2021» республикалық фестивалінде облыстың 7 мәдениет мекемесі жеңімпаз атанды. Одан бөлек, атқарылып жатқан мәдени шаралар қаншама. Шығармашыл жастар мен ақындардың, журналистердің бас қосатын орнына айналады деген «Қасым үйінің» ашылатындығы да облыс үшін үлкен жетістік.

Одан бөлек, өткен жылы бірқатар мәдени-тарихи нысандарда ғылыми-реставрациялық жұмыстар іске асты. Олардың қатарында Алтын Орда кезеңіндегі Жошы хан кесенесі сынды мәдени нысандар бар. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында тойланатын мерейтойлар қаншама. Мұның барлығы ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға қосылған үлес. Ал, қандай қиын кезеңде де шынайылығы мен көркемдігін жоғалтпайтын мәдениет және өнер қызметкерлерінің еңбегі қандай құрметке болсын лайық.

Мәселен, биыл мереке қарсаңында облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің бастамасымен мәдениет қайраткерлеріне пәтер кілттері табысталды. Биыл Саран қаласы мен Ақтас кентінде қаланың театр-концерттік ұйымдарының 30 қызметкері баспаналы болса, келесі жылы Бұқар жырау ауданының Доскей кентінде тағы 40 пәтер беріледі.

Жеңіс Махмұдұлының айтуынша, бұл үрдіс жалғасын тауып, кейінгі жылдары мәдениет қызметкерлері үшін тек қала маңынан ғана емес, Қарағандының жаңа орталығынан да 150-200 пәтер бөлу жоспарда.

Өнер саласына 17 жылын арнаған Сәкен Сейфуллин атындағы театрдың артисі Динара Айғазинова Ақтас кентінде екі бөлмелі пәтер кілтін алды.

Мереке қарсаңында күтпеген тосын сый болды. Жұбайым Жандос Абаев та осы С.Сейфуллин театрында жұмыс істейді. Бұған дейін пәтер жалдап тұрған едік. Енді баспаналы болып, қуанып жатырмыз, – дейді Динара Зейноллақызы.

Сонымен, мәдениет және өнер қайраткерлері арасында облысы әкімінің 2021 жылғы сыйлығы лауреаттарының есімдері белгілі болып, байқау қорытындыланды.

Облыстың мәдениеті мен өнерінің сақталуы мен даму ісіне маңызды жеке үлес қосқан қызметкерлер 21 аталым бойынша марапатталды.

«Ауыл мәдениетінің үздік қызметкері» аталымында Қарқаралы ауданы, Көктас ауылы мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Амантай Сағидолла үздік деп танылса, «Демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы» аталымы Кеншілер мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Саят Әбдіғали мен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің концерт бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Рахметоваға бұйырды.

Нұра ауданы, Шахтер ауылы Мәдениет үйінің үрмелі оркестр жетекшісі Ахан Махаметчин «Көркемөнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі» атанды. Теміртау балалар мен жасөспірімдер театрының артисі Владимир Хомутов пен К.Станиславский театрының жетекші артисі Галина Турчина «Жыл артисі» аталымын иеленді.

«Жылдың үздік эпизодтық рөлі» аталымына С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының артисі Ахай Жұмамұратов лайық деп танылса, «Жылдың үздік театр режиссері» «Музыкалық комедия» академиялық театрының қоюшы режиссері Евгения Пермякова атанды.

«Мамандығына адалдығы үшін» аталымында С.Сейфуллин театрының артисі Нұржібек Жансүгірова мен К.Станиславский театрының актері Иван Немцов, «Жылдың эстрада жанрының вокалисі» аталымында – Музыкалық комедия» академиялық театрының артисі Елена Филинкова, «Халық әнін үздік орындаушы» аталымында – Жаңаарқа ауданы, Атасу кенті мәдени-сауық орталығының әншісі Бижамал Нұрғалиева үздік танылды.

Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі «Арай» ансамблінің солисті Ксения Николаева «Жылдың эстрада жанрының вокалисі» аталымын, осы бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің артисі Динара Хасанова мен Музыкалық комедия академиялық театрының артисі Алевтина Горлова «Жылдың үздік инструменталисі» аталымына ие болды.

«Жылдың үздік жеке аспапта орындаушысы» ретінде Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің джаз оркестрінің артисі Михаил Гудыма танылды.

Сәтбаев қаласының Шынболат Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығының «Импульс» үлгілі хореографиялық ансамблінің жетекшісі Татьяна Суркова «Жыл хореографы» атанса, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Аққу» фольклорлық хореографиялық ансамблінің артисі Перизат Әбдірахман «Балет және хореографиялық ұжымының үздік артисі» аталымына ие болды.

«Ауылдың үздік кітапханашысы» аталымының жеңімпазы Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Кеңгір филиалының меңгерушісі Назира Смағұлова, ал, «Жылдың үздік кітапханашысы» аталымында Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өлкетану әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш Телпекбаева үздік шықты.

«Алтын жолақ» аталымында ақын, облыстық «Оrtalyq Qazaqstan » газетінің бөлім меңгерушісі Жәнібек Әлиман жеңімпаз атанды. Ал, айтыскер, жыршы Айтбай Жұмағұлов «Үздік айтыскер» аталымына ие болды.

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарова «Үздік музей қызметкері», ал, К.Станиславский театрының қоюшы суретшісі Елена Ким «Жылдың үздік суретшісі» атанды.

Салтанат ІЛИЯШ.