Руханият

Кеншілер қаласында түсірілген «Тренер аға» сериалының жабық көрсетілімі өтті

Кеншілер қаласында Unico Play онлайн-кинотеатрының алғашқы спорттық драмасы – «Тренер аға» сериалының жабық көрсетілімі өтті. Бұл – кәсіпқой бокс тақырыбын арқау еткен отандық тұңғыш телехикая.

Сурет myshows.me сайтынан

Сериал сегіз бөлімнен тұрады. Қазақ тілінде түсірілген, орысша субтитрмен ұсынылады. Алғашқы сериялары қазірдің өзінде көрерменге жол тартты.

Сюжет желісі боксшы Дарханның тағдырына құрылған. Әкесінің қазасынан кейін туған қаласына оралған ол мұраға қалған ескі бокс залын қабылдап алады. Кәсіпкердің қомақты қаржы ұсынып, залды сатып алуға табанды түрде кірісуі бастапқыда оңай шешімдей көрінеді. Алайда, әкесінің өлімі кездейсоқ болмағанын сезген сәттен бастап, Дархан үшін бәрі өзгереді.

Шындықты іздеу оны астыртын жекпе-жектер әлеміне жетелейді. Сол жерде ол әкесінің бұрынғы шәкірті болған өрімдей жасты құтқарып қалады. Осы сәттен бастап Дархан көше балаларына тірек болар «тренер ағаға» айналады.

Сериалдың өзегінде күш қолдану мен қылмыстық қысымға қарсы шынайы күш – өзін-өзі бақылау мен жауапкершілік идеясы жатыр.

«Бокс – біздің ұлттың мінезіндей. Сабырлы, бірақ соққысы ауыр. Қазақстан бұл спорттан әлемдік үздік бестікке талай рет енді. Бірақ, бапкер мен шәкірт арасындағы сенім, жаттығу залындағы күнделікті өмір көркем дүние ретінде ашыла қойған жоқ. Біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келді», – дейді жобаның авторы әрі бас продюсері Анара Жүнісова.

Шынында да, бокс қазақ үшін жат спорт емес. Олимпиада мен әлемдік додаларда көк байрақты талай желбіреткен чемпиондарымыздың жолы дәл осындай қарапайым залдан басталған. Ал, «Тренер аға» сол залдың ішкі рухын, үнсіз тәрбиесін, темірдей тәртібін экранға шығарып отыр.

Жобаның режиссері – көрерменге «Qarga» сериалы арқылы таныс Бейбіт Өнер. Бұған дейін де әлеуметтік реңкі басым туындыларымен көзге түскен режиссер бұл жолы спорт арқылы қоғамды сөйлетуді шешіпті.

«Сериалдың басты кейіпкері Дархан тек боксты үйрететін жаттықтырушы емес, ол жасөспірімдерді қиындықпен күресуге, шешім қабылдауға және күрделі жағдайларда өз болмысын сақтауға үйретеді. Біз спорт пен тәлімгерліктің өмірді қалай өзгертіп, жас буынға жаңа мүмкіндіктер ашатынын көрсеткіміз келді», – дейді ол.

Түсірілім Қарағанды мен Пришахтинскіде өтті. Жасанды декорациядан гөрі өмірдің өз тынысы таңдалған.
Жекпе-жек көріністерін халықаралық Nomad Stunts тобының мүшесі Қанат Құдияров сахналаған. Ал, басты рөлді сомдаған актер үш ай бойы арнайы бокс және физикалық дайындықтан өткен.

Дархан бейнесін жас актер Қуаныш Құдайберген сомдады.

«Бүгінде кино тек ойын-сауық емес, мәдени және идеологиялық ортаның маңызды бөлігіне айналды. Жастар экран арқылы спортқа деген сүйіспеншілікті сезініп, шабыт алса, біздің еңбегіміздің ақталғаны», – дейді ол.

Сериалға жас актерлермен қатар бокстан Олимпиада жеңімпаздары да тартылған.
Жобаның премьералық көрсетілімін ұйымдастыруға «STARTKINO» қоғамдық бірлестігі мен «ORTAU» креативті орталығы атсалысты. Олар Қарағанды өңірінде жастар шығармашылығын қолдауға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

«Тренер аға» күш пен қысым үстемдік еткендей көрінетін заманда нағыз күштің қайда екенін есіңе түсіреді. Ол – жұдырықта емес, тәртіпте. Қысымда емес, жауапкершілікте. Ашуда емес, өзін-өзі ұстай білуде.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button