Руханият

Рух пен парасат үніндей

Қазақ руһаниятының кеңістігінде соны бір серпін, тың бір тыныс белгілі публицист Ерсін Мұсабектің «Сұңқардың көз жасы» атты ерен еңбегімен қоса келді. Кітап – уақыт пен ұлттың, парасат пен жауапкершіліктің тоғысқан тұсында туған терең толғаныс, ел мен ер, тағдыр мен тәуелсіздік туралы айтары терең туынды.

Сурет автордан

Мұнда көсемсөз шеберінің қайраулы қаламы қым-қуыт қоғамның ішкі дірілін, руханият айдынының тамыр соғысын дәл сезінген жүректің үніндей. Ерсін Кәрібайұлының өзі де, шын мәнінде, қазақ сөзін тірілтуші. Жазушы шеберханасындағы әр жолы – көлденең көрініс емес, әсілі, кірленбес кірпияз көңілдің айғағы. «Сұңқардың көз жасы» болса, желемік мұң, ұлттық намыстың, ар алдындағы адалдықтың, ел мен ердің арасына түскен жауапкершіліктің нақышты нышаны. Автор өмірді сыртқарыдан да, ішкеріден бек сезініп, қоғамның күрделі қалыбын адамдық биіктен пайымдайды. Кітаптың алғашқы беттерінен-ақ сөз иесінің ойлау кеңістігі, ішкі мәдениеті мен азаматтық ұстанымы танылады. Ол әр құбылысты тарихи сана сүзгісінен өткізеді, әр оқиғаның түбінен руһани өзек іздейді.

Алаш арысы Әлиханның әлемінен бастау алған ұлттық әділет идеясы Е.Мұсабек толғаныстарында тірі жүйе ретінде сипатталады. Сөзгер үшін әділет – абстрактілі ұғым дегенімізден гөрі тіршіліктің тел тынысы. Ол қоғамдағы кез келген теңсіздікке, ұлт руһын қажытқан құбылысқа қарсы парасат майданын ашады. Мұндағы пуб­лицистика – шын мәнінде, руһтың шарайнасы. Құрғақ баяндау, жалаң үгіт жоқ. Керісінше, әр жазба өз заманының куәгері, ойлы адамның азаматтық сөзі іспетті. Ерсін Мұсабек оқырманды үйретпейді. Ол үндейді. Үндеген сайын өзіңді де әнтек ойландырмай қоймайды. Сөздің салмағы қорғасындай, үнінің шынайылығы дүр бұлақтай. «Қасіретте де қасиет бар» дейтін философиялық түйін осы кенен жинақтың сүйекті туындыларынан. Жалпы, ересен еңбектің қай тұсын оқысаңыз да, қайсарлық, табандылық, намыс пен ар дейтін киелі қазақ болмысының өзегін сезесіз.

Сырлы да әсерлі сұхбаттар топтасқан «Сырашар» бөлімі – руһани портреттер галереясы рәуішті. Осы албарда тұлғалар тағдыры арқылы қоғамның бұқпантайлаған жан дүниесінің пердесі ашылады. Ерсін Мұсабек осы орайда сұхбат тізгінгері емес, сырлас дос. Ол адам жанының ішкі әуенін тыңдай біледі. Кейіпкерлерінің әр сөзі арқылы дәуірдің демін алға тартады. Әңгіме барысында ұлттың руһани тамыры, ұстаздық ұлағат, өнер мен еңбектің қадірі айшықтала, айқындала түседі. Бөлім құдды адамтану сабағы дерміз мұндайда. Ал, саяхат жазбалары мен салқар да сәмиян сапардағы ордалы ойлары ұлттық сана мен әлемдік өркениеттің диалогына парапар. Туған жер мен бөтен елдің ара салмағы салыстырылып қана қоймай, әр алуан мәдениеттердің өзара ықпалы туралы терең пайым бедерленеді. Автордың шетел әсерлері өміршең өзгеріске бейімдерлік ой толғам. Еуропаның мұражайынан да, түркі жұртының көне мерекесінен де ол ең алдымен қазақтың ізі мен тағдырын іздейді.

Кітаптың соңғы бөлімі тұлғаларға арналған парасатты ескерткіштей. «Біздің Сәбең», «Қажыр­лы қайраткер», «Мәңгі шырақ» сынды әр сүйекті мақаласының қыр соңында тарлан тарихтың бәдізделген бедері менмұндалайды. Е.Мұсабек өз замандастарын дәріптеу арқылы олардың өнегесін келешекке жеткізеді. Әр тұлғаға деген құрмет, кішілік пен ілтипат, сонымен қатар, сындарлы көзқарас бар. Бұл – қаламгердің адамдық биігінің дәлелі. Ерсін Мұсабектің тілі айқын әрі салмақты. Ол артық сөзге ұмтылмайды, бірақ, әр сөйлемнің өз жүгін арқалата біледі. Баба тілінің шұрайы мен публицистикалық нақтылық үйлес­кен стиль оның қаламына тән айрықша қолтаңба. Тілдік қолданысы көркем, бірақ, жасанды емес; ойы өткір, бірақ, арандатпайды. Әрбір сөзінен ұтқыр ұстын һәм ұлтқа деген іңкәрлік аңдалады.

Еңсегей еңбектің түп мәні ой тереңдігінде. Автор қоғамға сын айтпайды, оны сараптайды. Ол адамның өз-өзіне сұрақ қоюын қалайды. «Біз кімбіз?», «Қайда барамыз?», «Өткеннен не алдық?» деген мәңгілік сауалдар осы жинақтың өзегін құрайды. Автор үшін қоғам – өздігінен түзеле салатын жүйе емес, әр адамның ішкі жан мәдениетіне тәуелді тірі ағза. Сондықтан, оның әр жазбасы – өз оқырманын жауапкершілікке шақыратын мәйекті меңзеу. Философиялық тұрғыда алғанда, «Сұңқардың көз жасы» – уақыт төре алдындағы есеп. Әр кітап асылында ұлттың жады. Ал, мұрасын сақтай алмаған халықтың ертеңі бұлыңғыр. Е.Мұсабек осыны ұқтырады. Сөз иесі үшін тарих өткеннің естелігі болып қалумен қаз қатар, бүгінгі сарқыншақ санаға бағдар беретін шамшырақ. Сол себепті де, қаламгер ойлары көз алдымыздағы күннің көкейкесті сауалдарына жауап іздеу ғана емес, болашаққа жазылған хат.
***
«Сұңқардың көз жасының» құндақтаулы құндылығы да осында. Еңбек мәртебелі оқырманды өзімен бірге ойлануға, өз ұлтының руһани бейнесін көруге шақырады. Кітаптың соңғы парақтарын аударыстырған сәтте көңіл көзінде бір күлгін-көгіс тылсымат тыныштық пен жауапкершілік сезімі қылаңытып қалады. Дәл сол сезім руһани еңбектің өтеуі ме екен бәлкім?! Ерсін Мұсабектің «Сұңқардың көз жасы» – зәуде тек публицистің еңбегі емес, руһтың дестелі шежіресі. Тұмарланған тұлпардың, сыры аңдалған сұңқардың көз жасы әлсіздіктің деуге келмес, ардың, намыстың, иманның жақұт тамшысы-тын. Кітаптың әр парағы руһани тазалыққа, парасат пен пайымға жең ұшынан тартқандай жүр-жүрлейді. Өз заманының сөзін айтқан азаматтың үніндей, ұлт жүрегінен шыққан шындықтың шырағындай. Ақиқатында, сөз шындыққа сүйенсе, мәңгі жасайды. Ерсін Кәрібайұлының да жанынан жарықшақтанған інжу-маржан мұрасы да мәңгілікке ұмтылған, өзі-өзінен артық сүйген ұлтымен бірге жасайтын асыл сөз!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button