Аудармашы Рымбала Смаилованың Гюгоның «Собор Парижской Богоматери»: Қазақ тіліндегі мәңгілік классиканың жаңа нұсқасы” аударма кітабы жарық көрді
Виктор Гюгоның «Собор Парижской Богоматери» (фр. «Notre-Dame de Paris») романы – әлемдік әдебиеттің алтын қорындағы шығарма. 1831 жылы жарық көріп, романтизм дәуірінің нақышты нышанына айналған. Таяуда ғана «TENGRI Ltd» баспасынан шыққан қазақ тіліндегі аудармасы қолымызға тиді. Құдды бір баба тілімізде жазылғандай рай шақырып тұр. Бұл орасан ауыр еңбек аудармашы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рымбала Кенжебайқызы Смаиловаға тиесілі.

Ұзын ырғасы 540 бетке жайғасқан құнтты басылымның мұқаба дизайны готикалық стильде өрнектеліпті. Орта тұсына Нотр-Дам соборының суреті келтірілген. Асылында, қазақ оқырманы үшін маңызды оқиға! Өйткені, әлемдік классиканың терең тәржімесі тілдік және мәдени кеңістікті байыта түседі.
Роман сюжеті ортағасырлық Парижде өрбиді, XV ғасырдың соңы. Басты кейіпкерлер – кемтар қоңыраушы Квазимодо, оның қамқоршысы архидьякон Клод Фролло және сыған қызы Эсмеральда. Шығарма махаббат пен ғадауат, қызығу мен қызғаныш, әлеуметтік теңсіздік әрі тағдыр тақырыптарын терең қозғайды. Гюго Париж соборын тірі кейіпкер ретінде суреттеген. Нәшті нысан адамның талайлы тағдырларының куәсі, ортағасырлық қоғамның қатыгездігінің бейнесі. Тұғырлы туындыда ол шақтағы шіркеу билігінің озбырлығы, сыған жұртына қарсы кемсітушілік және әділетсіздік ашықтан-ашық айшықталады.
Мәселен, сыған деп танылғаннан өзге титтей де кінәсі жоқ қаршадай қыз Эсмеральданың тағдыры – қоғамдық өшпенділіктің құрбаны дейік. Ал, Квазимодоның ішкі жан әлеміндегі күйзелісі, оның сыртқы кемістігінен адамгершілік тұрғысынан қарағанда асып түседі. Гюгоның стилі – әзелден қанық-күрделі сипаттамалармен ерекшеленеді. Шығарма тарихи детальдар мен пәлсапалық ойларға толы. Сөзгер оқырманын сол дәуірдің райына тұтастай батырады.
Рымбала Смаилова анамыздың толымды тәржімесі шаһқар шығарманың мемлекеттік тілдегі тұңғыш толық нұсқасы деп болжаймыз (бұған дейінгі аудармалар туралы мәлімет кезікпеді). Аудармашының есім-сойы оқырмандарға бұрыннан әйгілі. Бұған дейін ол Светлана Алексиевичтің «Цинковые мальчики», Гарри Грейдің «Однажды в Америке», Нұрайна Сәтпаеваның «Серебряная тамга Альки», Ильмаз Даниялұлының «Дастан и Арман. Начало» атты шығармаларды қазақшаға қотарған. Кітапта Гюгоның поэтикалық тілінің шұрайы-стилі сақталған. Француздық түпнұсқаның қанық метафорасы қазақ ұғымына табиғи түрде көшкен. Мысалы, собордың сипатталуы немесе кейіпкерлердің ішкі монологтары табиғатынан айнымаған.
Латын, француз сөздері (кітаптағы тарау аттары сияқты «Immanis pecoris custos, immanior ipse», яки, «Lasciate ogni speranza») түпнұсқа қалпында қалғаны шығандаған шығарманың аутентикалығын сақтайды. Дегенмен, кейбір тарихи терминдердің қазақша сәтті баламасы мәртебелі оқырманға түсінікті. Бірақ, ортағасырлық ау-жайға бейімделгені сезіледі. Редактор Дархан Марал мен корректор Рымкеш Кенжебайқызының аса тыңғылықты жұмысы кітаптың сапалы шыққанынан көрініп тұр.
Ерен-ғайып еңбек қос елдің рухани кеңістігіне мәдени маңыз үстейді. Қазақ әдебиеті айналымына әлемдік классиканы енгізу – ұлттық тіліміздің дамуына зор үлес екендігі ақиқат. Гюгоның романы бүгінгі күні де аса өзекті. Әлеуметтік теңсіздік, кемсітушілік келеңсіздігі рәуішті тақырыптар қазіргі қоғамға да қажет дүниелерден. Жалпы, «Париждегі Нотр-Дам соборы» – қаракөз оқырман үшін таңғажайып кәде-сый. Рымбала апайымыз Гюгоның генийлігін ақзер дүниеге паш етеді. Кітап қолымызды кеуде тұсымызға қойып, тәжім етер құрметке лайық.
…Кітаптың соңғы парағын көз алдымыздан өткердік. Тылсым тыныштық. Есесіне сиқырлы собор ғұмыры тыншымайды. Сол тыныста тек XV ғасырдағы Париж ғана емес, бүгінгі күннің де лебі еседі. Сандаған алаңдар у-шуы. Пендешілік өшпенділіктің сыбыры. Қоғам елемеуге тырысып бағатын жалғыздардың жанайқайы. Квазимодо – жөн-жосықсыз қоңырау бебеулетер кемтар ғана емес, шындығы мінсіз репет. Эсмеральда – тұлдыр тұлға да, адамзат қайта-қайта құрбан етуге даяр еркіндіктің мәңгілік бейнесі. Ал, Фролло – мейірімнен жұрдай білімнің ақыры зорлыққа айналатынын еске салатын кенеусіз кейіп.
Бәлкім, уақыт өте мұқабалар мен қаріптер ауыса жатар. Бірақ, дәл осындай кітаптар – жадымыздың зәкірі дерлік заңғар ескерткіш. Егер оқырман кітапты оқып болғанында көкірек түбінен бәсең ғана қоңырау үнін естісе, демек, тағылым тәржімасының мұратына жеткені.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



