Жаңалықтар

Рух берген «Оян, қазақ!»

«Оян, қазақ!» фильмінің көрерменге жол тартқанына көп бола қойған жоқ. Осы уақыт ішінде тарихи туындыны тамашалағандар қарасы қалың. Алаш арыстары мектеп бағдарламасында оқытылатын болғандықтан, мұғалімдер мен оқушылар тарихи оқиғаны кітаптан біліп қана қоймай, көзбен көруге асық. 6 сериялы фильмнің екі сағатқа сыйғызылуы қысқалықты жақсы көретін тура бүгінгі заманның жастарына лайықталғандай. Сонымен, өңірдегі оқушылар мен мұғалімдер фильмнен қандай әсер алды?

Күні кеше Қарағандыда «Оян, қазақ!» фильмінің тұсаукесері өтіп, шығармашылық топ өкілдері келген болатын. Фильмнің ерекшелігін, түсірілу барысындағы қызықты да қиын сәттерімен бөліскен еді.

«Сарыжайлау» кинотеатры директорының орынбасары Ноян Жүнісов фильмді көруге, әсіресе, жастардың көптеп келіп жатқанын айтты.

– Кинотеатр залы лық толы. Кино республика бойынша прокаттан шығады. Апта басында фильмді көруге мектеп оқушылары келді. Біз бүгінде Қарағанды қаласының әкімдігімен бірлесіп, «Барлығына арналған өнер» жобасын жүзеге асырудамыз. Жоба аясында сейсенбі күні Қарағанды экономикалық университетінің студенттері келіп, тамашалады. Бұл фильм – қазақтың өткен тарихы ғой. Сондықтан, жастардың өткенді білуге деген құштарлығы қуантады, – дейді Ноян Үдербайұлы.

«Сарыжайлау» кинотеатры сайтында фильм сеансы көрерменге ыңғайлы уақытқа қойылғанын байқауға болады әрі қолжетімді бағада билеттер бар.

Қарағанды қаласында Абай атындағы мектеп-гимназияның биология пәнінің мұғалімі Арайлым Сейітжанның айтуынша, мектептен әр сынып оқушылары жетекшілерімен бірге барып, бір ғана мектептен 300-ден аса оқушы киноны тамашалаған көрінеді.

– Қазір жастар көп сериялы фильмді теледидардан немесе ютубтан көріп, уақыт жоғалтқысы келмейді. Көпшілігі дерлік кинотеатрларға асығады. Сондықтан, тарихи туындыны кинотеатрда көретіндей лайықталып жасалғаны көңілге қонды. Міржақып Дулатұлының өмірін бір туындымен немесе бір сериалмен толық қамту мүмкін емес. Дегенмен, «Оян, қазақ!» фильмі арқылы көрермен тарихқа, өткенге бір көз жүгіртіп шықты. Қазақ халқының, ел қамын жеген қоғам қайраткерлерінің бастан кешкен ауыр кезеңдері оқушыларға да әсер етпей қоймады. Келесі күні оқушылар сабақ үстінде кинодан алған зор әсерлерін айтып жатты, – дейді Арайлым Ғазизқызы.

Дәл осы мектептің барлық ұжымы «Оян, қазақ!» фильмін тамашалауды жоспарлаған екен. Бұл да – көңіл сүйсінтетін іс.

Ал, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Сатыбалдина ұлт ұстазының атын иеленген мектепте Алаш арыстары туралы тереңірек мәлімет берілетінін тілге тиек етіп, тарихи туындыны көру, тарихтан тәлім алып, өткенге тағзым жасау – басты парызымыз деп біледі.

– Жастар бойына ұлттық құндылықты дарытуда кинематография саласы да өз үлесін қосуда. Бүгінгі таңда отандық туындылар қатарын толықтырған «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі көрерменнің жүрегінен орын алды. Тарихымыздан сыр шертетін төл туындыларымызды дәріптеу мақсатында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия оқушылары «Міржақып. Оян, қазақ!» фильміне барып, ерекше әсер алып қайтты. Фильмді көргенде олар көзіне еріксіз жас алды. Ел қамын ойлаған ұлт жанашырларының орны толмас қызметі мен ұлт болашағы үшін басын бәйгеге тігуі, үлкен ерлік жасауы, сонымен қатар, қайғы мен қуанышы қатар келген оқиға желісі оқушы бойында патриоттық сезімін оятып, көкірек көзін аша білді.

Ұлт тағдыры алмағайып уақытта тұрған дәуірде ел үшін, жер үшін, тіл үшін жанын берген ұлт жанашырларының ерен еңбегін ескеріп, кеудемізде мақтаныш сезімі мен құрмет сезімін ұялататын аталмыш туындыны әрбір қазақстандықтарға көруге кеңес береміз, – деді Ләззат Сатыбалдина.

Мұғалімдердің көпшілігі оқушылардың фильмді бастан- аяқ тапжылмай көргенін, рухтанып шыққанын айтты.

– Кинода әсер еткен ерекше сәттер көз алдымда. Әсіресе, Міржақыптың аштан қырылып жатқан халқын сақтап қалу үшін Торғайдан мал айдағаны, «Қазағым, аштан өліп жатқанда, мен қалай тамақ ішемін» деген жанашырлығы маған үлкен ой салды. Ал, Міржақыпты ату жазасына кесетін сәтте кейіпкердің атылмай қалғанына қуандым. Міне, киноның осы тұстары зор әсер сыйлады. Кино ел қамын жеген ерлер сияқты болуға үндейді, – дейді Шәкәрім гимназиясының 8-сынып оқушысы Айдар Қосманов.

Халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!» деп жар салған Міржақыптың елі үшін еткен ісін паш ететін көркем туындыны көруге асығайық!

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button