АймақШет

Рух алаңы ашылды

Жақында Шет ауданына қарасты Босаға ауылдық округінің тұрғындары ерекше қуанышқа кенелді. Тарихы тамырлы ауылда екінші дүниежүзілік соғысы мен Чернобыль апатының зардабын жоюға және Ауған соғысына қатысқан ардагерлерге арналған Даңқ алаңы ашылды. Бой көтерген нысанда ардагерлердің есімі қашалып жазылған ескерткіш тақта орнатылған.

Суреттер қала әкімдігінің сайтынан

Кірпіштен өріліп, гранитпен қапталған, бой көтерген 3 бөлімнен тұратын тақтада өр рухты жандардың есімдері жазылған. Атап айтқанда, ардагерлер бөлімінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың есімдері, соғыстан оралып, туған жердің әл-ауқатын көтеруге атсалысқан еңбек ардагерлерінің тізімдері енгізілген. Сонымен қатар, келесі екі бөлімінде Чернобыль апатының зардабын жоюға және Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің есімі де тас­қа қашалып жазылған.

Алаңның ашылу салтанатына қатысқан Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров ел игілігіне берілген нысан өскелең ұрпақтың елдің өткен тарихын танып-білуіне ықпал ететіндігін атап өтті.

– Бүгін Босаға ауылдық округінде еңселі ескерткіш орын алған алаңның ашылуы – жергілікті халық үшін зор қуаныш. Сонымен қатар, ұрпақтардың бірлігіне және патриоттық құндылықтардың қалыптасуына ықпал етеді деп санаймын. Ауыл жұртшылығын қуанышты күндерімен шын жүректен құттықтаймын! Осындай іске бастамашы болған, айтулы әлеуметтік нысанды қаржыландырып, құрылысын жүргізген «Тау» шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Түсіпбековке алғысым шексіз! – деді аудан басшысы Мұхит Мұхтаров.

Сонымен қатар, ажарлы алаңмен бірге ауылдағы футбол, хоккей кортының ашылу салтанаты өтіп, спортшылар арасында жолдастық кездесу өтті.

– Шындығында, Босаға ауылының қазіргі көркіне қарап, көз тояды. Күннен-күнге құлпырып келеді. Ауылға осылай көңіл бөлінетін болса, қалаға ешкім құмартпас еді. Өйткені, қазір ауылымызда қаланың аулаларында бар дүниенің барлығы бар. Енді ауылдың жас өскіндері жаңа әрі жайлы шағын футбол алаңында футбол ойнап, бос уақытын тиімді өткізе алады. Өмірі ерлікке толы бабаларының аты жазылған Даңқ алаңы енді жаңадан отау құрған жас отбасылардың тәу етер киелі ошағына айналары сөзсіз. Ауылға жасалған осындай қамқорлықтың қадірін біліп, осы дүниенің бәрін күтіп ұстау – аса маңызды. Ауылымыздың 90 жылдығы қарсаңында қолға алынып жатқан бұл шараларға ауылдың азаматтары да өз үлесін қосып жатыр. «Туған жеріңе пайдаңды тигізбесең, азаматтығыңа сын» деп туып-өскен өлкелерінің гүлденуіне құлшына кіріскен. Енді ауылдың кітапханасы да жайлы. Полиция қызметіне де жағдай жасалған. Ең бастысы, денсаулық қой. Емделу үшін аудан орталығына сенделмейтін болдық. Ауылдың жолдары жап-жақсы күйге енген. Осылай игі істер жалғаса берсе, ауыл бұдан жа гүлдене түсері анық. Енді, сол спорт алаңдарында өскен балалардың арасынан небір чемпиондар шығады деп сенеміз, – дейді ауыл үлкендері.

Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button