Жаңалықтар

Рух айдынындағы – 45 жыл

Кітапхана – адамзат ақыл-ойының інжу-маржаны «кітап» дейтін асыл қазынаны қастерлеп, сақтайтын орын. Ой мен сөз, ғылым мен өнер, жеке адам мен бүкіл қоғамның рухани тіршілігі де кітапта тоғысып, тұтас болмыспен сабақтасып жатады. «Кітап – мәңгілік парасаттың ең киелі ғибраты», – деп Ә.КЕКІЛБАЕВ айтқандай, сол кітапты өз баласындай күтіп ұстайтын мамандар – кітапханашылар. Жас жеткіншектерден көмегін аямай, қуана қарсы алатын осындай рухани байлықтың алтын діңгекті ордасының бірі – Қарағанды облыстық Жайық БЕКТҰРОВ атындағы жасөспірімдер кітапханасы.

Кітапхана 1976 жылдың қыркүйек айында жастарға рухани тәрбие беру ісін жетілдіру мақсатында ашылған. Алғашында екі бөлмелі ғимаратта жұмысын бастаған кітапханада барлығы 11 адам қызмет атқарған. Оның бастауында кітапхананы 20 жыл бойы (1976-1996 жж.) Роза Белғожанова, Рашида Меллятова, Нина Кессель, Марина Борисова, Эмма Мащенко, Галина Алимова, Шолпан Байсеркеева және тағы басқа білікті басшылар абыроймен басқарған. Жаңашылдық пен кәсібилік ұжымның басты ерекшелігі болды.

1977 жылы кітапхананың кітап қоры 17 203 дананы құраса, оқырмандары 4000 шамасында еді. 1979 жылдың каңтар айында кітапханаға Н.Әбдіров даңғылынан орын беріледі де, сол жылдың мамыр айында кітапхана оқырмандарды қабылдай бастайды. 1980 жылдары ОЖК оқырмандардың ақпараттық орталығына айналып, облыс кітапханаларына жасөспірімдерге қызмет көрсету жөнінде әдістемелік басшылықты жүзеге асырды. Осы кезеңде кітапхананың өнеркәсіптік кәсіпорындармен, қоғамдық ұйымдармен байланысы нығайып, стационарлық емес жұмыс түрлері дамиды, теледидар, радио және жергілікті газеттермен тығыз байланыс орнатылады, олардың көмегімен кітапхананың оң имиджі қалыптасады. Облыстық жасөспірімдер кітапханасы республикада жоғары рейтингке ие болды. 1995 жылы М.Ержанов көшесінен қолайлы ғимарат берілді. Негізгі оқырмандар кұрамы – 15-24 жастағы жасөспірімдер мен 6-14 жастағы балалар. 1997-2016 жылдары кітапхананы Гауһар Бекбалақова басқарды. Кітапхана ісінің жұмысы жаңа бастамалар мен жаңа бағыттарда жұмыс істей бастады.

2001 жылы ҚР Үкіметінің 14 кыркүйектегі № 1204 каулысымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Ж.Бектұровтың есімі берілді.

45 жылдық тарихы бар кітапхананың бүгінгі тынысы талғамы биік оқырман қауымының талап-тілегін барынша толық орындауға бағытталған. Бүгінгі күнде облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітап қоры 159 616 данадан асатын және де оқырмандары үшін көптеген кызметтерді орындайтын кең кұрылымды мекеме. Ақпараттық технологиялар кітапхана тәжірибесіне белсенді енгізілді. Кітапхананың Интернет-кеңістікте өз өкілдігі бар: 5000-нан астам жазылушы, оның қызметі туралы ресми сайт, «Шуақ» тарихи-өлкетану сайты, youtube каналы және әлеуметтік желілері арқылы біледі. Жеке деректер базасы, электрондық каталогты құру, сирек кітаптарды цифрлау бойынша жұмыс жүргізілуде. Кітапхананың іс-шаралары www.uniorlib.kz ресми сайтында, Facebook, ВКонтакте, Instagram, әлеуметтік желілерінде және кітапхананың Youtube каналында белсенді көрсетіледі. Кітапхана сайтында пайдаланушыларға электрондық каталог, құжаттарды электронды жеткізу (ЭДД), виртуалды анықтама, кітапты онлайн-ұзарту, онлайн-оқу, Қазақстандық Ұлттық электрондық кітапхана – ҚазҰЭК және Кіtap.kz («Қазақстанның ашық кітапханасы») жобасының ресурстарына қол жеткізу және басқа да онлайн-қызметтер ұсынылады.

Кітапхана сайтында Вrainboy виртуалды ойыны, «Қарағанды: уақыт бойынша саяхат» веб-квесті орналастырылды. Олардың мазмұны жас пайдаланушылардың зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Nur Otan партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім беру орталықтары» бастамашылық жобасы аясында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, мәдениет және демалыс, білім мен коммуникация заманауи орны – «Bilim ortalyǵy» жастар коворкингі бар. «Адалдық алаңы» жобасы аясында «Парасат жолы» орталығы да ашылды. «Елім менің, мен сенің азаматыңмын!», «Тұлға», «Жасампаз елдің жігерлі жастары», «Оқитын ұлт», «Батылдық», «Өшпес ерлік», «Memory», «Жанға дауа әуендер», «Абай дара – Абай дана», «Өнермен өрнектелген өмір», «Кітапхана – экология мәдениетінің орталығы», «Тарих. Тұлға. Тағдыр», «Көкжиек» һәм өзге де кітапханалық бағдарламалар мен жобалар шеңберінде жастардың кітап пен оқуға деген оң көзқарасы қалыптастырылды. Қазір кітапханада оқырмандарды оқуға шабыттандыратын танымал адамдармен, жазушылармен, ақындармен шығармашылық кездесулер, танымдық кештер, шығармашылық кездесуге келетін, оқитын адамдардың әдеби қауымдастығы қалыптасты.

Біздің кітапхананың маңызды жұмыс бағыттарының бірі – көпшілікке Ж.Бектұровтың өмірі мен шығармашылығына тұрақты қызығушылықты қалыптастыру, оның атқарған еңбегін насихаттау. Әлеуметтік желі беттерінде «Ж.Бектұровтың жеке кітапханасы» жобасы жүргізіліп, кітапхана сайтында «Жайық Бектұров әлемі» блогы құрылды. Кітапханада жастарға патриоттық тәрбие беру бойынша «Батылдық» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба шеңберінде Кеңес Одағының Батырлары Н.Әбдіров пен Қ.Нұржановтың 100 жылдығына арналған республикалық жастар байқауы, жастарға арналған селфи стиліндегі «Біз есте сақтаймыз! Біз мақтан тұтамыз!», «Ұлы Жеңіс мәңгі есте сақталады» республикалық интернет-байқауы, «Мәңгілік полк» және «Ардагерлерге хат жазамыз» акциялары, Instagram әлеуметтік желісіндегі кітапхана парақшасында «Мәңгілік Жеңіс және оның Батырлары!» патриоттық акциясы өткізілді. «Тікелей эфирде дос болайық» жобасы аясында халықаралық онлайн – бейнемост (Қарағанды-Мәскеу), суырып-салма ақын Ж.Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған Ресей мен Қазақстан кітапханалары жас оқырмандарының қатысуымен «Әлем ақыны» халықаралық акциясы өткізілді. Кітапханада барлығы 5 клуб «БОТА» жастардың интеллектуалдық орталығы, «FamousBooks» әлем әдебиеті әуесқойлар клубы, «Жас оқырман», «Атамекен», «Dastur» клубы және «ЭкоРазум» виртуалды жастар экологиялық-ағартушылық бірлестігі жұмыс істейді. Әр түрлі бағыттағы және тақырыптағы клубтар өз жұмыстарын сәтті жүргізуде. «Тұлға» өлкетану жобасында әлеуметтік желі беттерінде өлкемізді, облысымызды, өз өңірінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан танымал тұлғалар туралы мәлімет береміз.

Соңғы уақытта елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кітапхананың көптеген іс-шаралары мен байқаулары онлайн форматта өтті. Олардың ішінде ақын Ж.Молдағалиевтың 100 жылдығына арналған «Мен қазақпын!» жыр мүшәйрасы, М.Мақатаевтың 90 жылдығына арналған поэтикалық баттл, О.Сүлейменовтің 85 жылдығына арналған Қарағанды облысының жастары арасында көркемсөз оқудың облыстық онлайн-байқауы, «Дарабоз» облыс жастары арасында өткізілетін танымдық зияткерлік ойыны, «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» жалпыұлттық рухани акциясы аясында «Менің оқыған кітаптарым» атты букчелленджі бар.

Кітапханадағы іс-шаралар тек кітапханашылардың ғана күшімен өтпейді, сенімді әріптестер, еріктілер, оқырмандар үнемі бізбен бірге. Кітапхана қаланың оқу орындарымен, мекемелерімен және қоғамдық ұйымдарымен үйлесімде жұмыс істейді.

Кітапхана халықаралық, аймақаралық және республикалық деңгейдегі кітап оқуды алға бастыруға бағытталған мәдени-ағартушылық, конкурстық жобалардың белсенді қатысушысы. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы, «Кітапханадағы Лермонтов поэзиясы күні» халықаралық акциясы, «Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021» балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жалпыұлттық акциясы сынды бастамаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді. Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына – 2021» IV республикалық фестиваль-конкурсына да белсенді қатысты.

Қазіргі кітапхананың қызметі кең және алуан түрлі. Жұмыстың дәстүрлі түрлерімен қатар жаңа, заманауи әдістер де енгізілуде. Жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері жас оқырмандардың бірнеше ұрпағын өсіріп, жастарды тәрбиелеу үшін үлкен жұмыс атқаруда. Кітапхана бүгінгі күні де уақытпен қатар жүреді, оқырмандардың бос уақытын тиімді өткізетін және өрелі әрі мәдениетті қарымқатынас жасауға баулыйтын сүйікті орны болып қала береді.

Нұргүл КАЛЕНОВА, Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button