Өртке қарсы өрт салады

Бәрі де оралады…
Ай да өз орнына барады.
Қозғалған жер де өз кіндігіне тартылады.
Суалған арналар да суға толады.
Жатаған таулар да дес алып, өз шырқауларына жетеді.
Айтып отырғандарымыздың мысалын алыстан іздеп керегі жоқ. Өзімізде жетіп артылады. Мына Қарқаралы өңірінде Қаракөл деген көл болған. Сол көл жоғалып кетіп, жүз жылдан кейін табылғанда елдің кәдімгідей абыржығанын өз көзімізбен көрдік.
Біздер де түрлі ғайыппен жер бетіне шашырап кеткен жұрттардың біріміз. Әлі күнге дейін басымызды қоса алмай келеміз.
Бір бабамыз құрылықтан құрылық асып, арап жұртына барып салтанат құрыпты. Тағы бір бабамыз Шам шәріне дейін ілім қуып, көптеген ғылым бастауында өзі тұрыпты.
Сол бабаларымыз ата жұртына Бейбарыс болып, Фараб болып оралды. Жүз жылдықтардан кейін…
Бұл есімдер қазақ рухына байланған есімдер. Ұрпағымызды келер күнге сүйрер есімдер.
Қазақ руханияты таза жатып қалды десек, өз бітіктігіміз. Басқасын қойғанда Алтын Ордамызды қайтарып жатқан қарекетіміздің өзі неге тұрады?!
Одан әріде тағы да кімдеріміз бар?
Баршылық, әрине!
Сол есімдерді тарих тұңғиығынан алып шығып, атажұртына қайтару қолына қалам ұстап, қазақ баласына қызмет етемін деп серт ұстағандардың қасиетті парызы деп білгеніміз жөн.
Сондай қаламгерлер қатарында ауылда жатқан қарт қаламгер Өмір Кәріпұлын атаған болар едік.
Ағамыздың есімі қалың оқырманға жақсы мәлім. Төрт-бес романы бар, оншақты хикаяты бар, әңгімелері де баршылық.
Жазып келген тақырып аясын да ашып тасталық.
Қара Жер!..
Көк Аспан!..
Бұл біле білген жанға қыртысты тақырып.
Бұл қазақ дүниетанымы деген сөз!
Өмкеңнің «Ескі тоғаны», «Бұрқағы» классикалық қалыптағы шығармалар. Қазіргі заман алабында мұндай шығармалардың тууы мүмкін бе деген сауалға жауап бере алмас едім.
Қазақ руханияты Фараб, Бейбарыс сынды есімдерден тұрады!
Шоқан, Ыбырай, Абай сынды есімдерден тұрады!
Асан Қайғы деп жиі айтамыз!
Және өзімізге жақындатып айтамыз!
Жұртқа сенсек, бабамыздың қайғысы қазақ баласының қайғысы екен?
Ол неткен қайғы?
Қассақ баласының басын қайтсем қосам деген қайғы!
Алтайдағы сақ баласының табан ізі Анадолыда да сайрап жатыр, Қап тауынан да әрі кеткен, Машыннан да мен мұндалап айқайлайды!
Шерлі бабамыздың қаупі басқада!
Осы сақ балалары жергілікті ұлт-ұлыстарға сіңіп кетпейді ме деген қауіп!
Ендігіде Қассақияны басқа ұлт-ұлыстар мекендеп қалмай ма деген қауіп!
Бұл қауіп қазір де қазақ баласының басында тұр!
Қазақ баласы қазақ даласын тастап кетіп жатыр!
Мұнан өткен қайғы болмас!
Ендеше біз де қайғы ойлайық!
Асан бабамыздың Қайғысын!
Міне, жазушы кредосы!
Жазушы Асан бабасының есімін Асан Шерлі деп жұқартады. Мұнан атаулы шығармаға бәлендей бір нұқсан келіп тұр деп айта алмас едік.
Ишаралап жазу бұл Өмекеңнің жазу машығының жүрдек тұсы. Онысы бұл шығармасында жарқырай көрінеді.
Асан Шерлі бабамызбен жер шолып, Жерұйықтың барлығына шүбәлана бастайсыз.
Шерлі бабамыз қазақ даласына кіргенде жүрісі еріксізден жылдамдай түседі. Содан Ұлытау алабына келгенде бабамыздың тынысы ашылып қоя береді.
Осы алапқа келгенде бабамыздың жаны тынышталады.
Автор осы жерде бір тыныс алады да шығармасын түйіндейді.
«Асан қайғы шешілді. Көрген-баққанын жыр етті. Ұзақ-ұзақ жыр толғады…
Әлқисса, Асан қайғы бірден бірге жеткен аңызға қарағанда, ежелгі қара қоныс Сарыарқадан ұзамаған. Жерұйықты таптым демесе де Арқа даласын көңіліне тоқ санап, түйесі шөккен жерге қос тігіп тұрақтап қалған деседі».
Бір-екі жолдан кейін бұл түйінін одан әрі күшейте түседі.
«Асан қайғы өлер шағында «Мені биікке қойыңдар. Халқымның алтын жүзін көріп жатайын» деп өсиет етіпті.
Ұлытаудың тұғырында дамылдаған Асан ата елдігін бекемдеп, еңсесін биіктеткен еркін қазақ халқын рухымен желеп- жебей бермекші».
Авор шешімін мойындамауымыз да мүмкін, алайда қарсы да болмайсыз. Өйткені, Ұлытау қазақ баласының ұлт ұясы екендігі жадыңызда тұрады.
Шерлі бабамыздың тағы да Жерұйық іздеп шықса нақ осы жерге қайтып оралатынына сенесіз.
Осы жерге келгенде оқырман өз тарапынан параллель жүргізе бастайды.
Бұл алап еліміздегі бірден бір үлкен пұшпақ. Екі қаладан, екі ауданнан тұрады. Ұлытау облысы деп аталады.
Облыстың қазіргі жағдайы кісі қызығарлықтай емес.
Осыған қарап, Шерлі бабамыз шынымен Ұлытау биігінде жатыр ма деп еріксіз ойланасыз.
Мифологиялық, әпсаналық-аңыздық, тарихи кейіпкерлер табиғатын тану қазір мүмкін еместей көрінеді. Алайда, Өмір ағамыз сәуле түсіру сорабын сол кейіпкерлер тобына салады. Олардың қатарында, әрине, Қожанәсір Әпенде, Алдар Көсе, Жиренше Шешен, Атымтай Жомарт және басқалары бар.
Осындағы Жиренше бабамызды автор «Түйе баққан Жиренше» деп алады. Тілмар бабамызды түйе бақтырғанын түсінуге болады. Көшпелі халықпыз деп ишаралағаны ғой. Оның үстіне қассақ балалары ешкінің өзін жаяу бақпаған.
Қассақ баласының жағдайы сол кездің өзінде жаман болмаған. Ел әлі жаяулап жүргенде сақ балалары түйе үстінде жүрген. Демек Иемізге бір табан болса да жақын жүрген.
Жиренше бабамыздың істемеген кәсібі қалмаған болар. Солардың қайырлысы түйекештік деп білген. Оның өзінде хан келесінің басшысы болған. Хан мен қарашасы арасы тату болғанымен, ортаға елдің айдапсалма сөзі араласып, Жиренше айдалада жалғыз қалады.
Хан десерленіп, Жиренше тәубесіне келген шығар деп бопсалап келсе, Шешеннің екі аяғы лашығынан шығып жатыр дейді. Құлақ салса:
– Хан сарайындай боз үйім, – деп әндетіп жатады.
Нусыз, сусыз жерде бұл күнін қалай көрді деп хан еріксіз ойланады.
Нөкерлерін салса Шешен айтыпты:
– Қайғысыз қара суға семіреді, – деп.
Содан хан Жиреншені өзіне бас уәзір қылып алады.
Автор бұл жерде де параллель жүргізуге мәжбүрлейді.
«Іс тетігін кадр шешеді деген» тәмсіл осылайша атойлап алдыңнан шығады.
Жә, осымен ат басын іркейік. Қалың оқырман қалғанын өзі тауып алар. Автордың «Тәберік» аталатын осынау кітабы уақытпен таласа туған туынды деп білемін.
Қазір не көп – қауіп көп. Су қаупі, от қаупі…
Көрші қаупі…
Өртке қарсы өрт салатынымызды ұмытпайық, ағайын!
Төрехан МАЙБАС,
жазушы


