АймақҚарағанды

Қарағандыда болаттан жасалған тігінсіз түтік өндіретін «ТЭМПО Қазақстан» зауытының құрылысы жалғасуда

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы ретінде бағаланып отыр. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Президент Жолдауындағы маңызды мәлімдемелер елдің алдағы стратегиялық бағытын нақтылады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс», – деп ерекше атап көрсетті. Мемлекет басшысының ұстынды ұстанымы өңіріміздегі инновациялық жобалар мен өндірістік бастамаларды одан әрі қолдауға соны серпін беріп, ел экономикасының тұрақты әрі сапалы өсуіне жол ашпақ. Саралап көрелік…

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Стратегиялық серпін

Әуел баста экономиканы әртараптандыру жағдайында орталық облыстың әлеу­меттік дамуының заманауи үрдістері мен болашағы деген мәселеге ерікті-еріксіз оқталатынымыз аян. Әманда күн ілгері озған сайын әлем өзгере бермек. Цифрлық серпін, жасанды интеллект, жасыл экономика – мұның бәрі тек жаһандық трендтер ғана емес, жап-жаңа өркениеттік шындық. Осындай сындарлы сәтте республика үшін басты міндет – жаһандық турбуленттілікте байыпты бағдарын жоғалтпай, өзіндік сара жолын табу. Мұны біз бір ауыз сөзбен тұрақты даму, терең өңдеу, саналы әртараптандыру жолы деп атап жүрміз. Ал, осы стратегиялық міндеттерді нақты іске асырып отырған өңірлердің бірі де бірегейі – қазыналы Қарағанды облысы.

Бүгінгі Қарағанды – шахталар мен домналар дәуірінен сандық индустрияға, моноқалалардан көпфункционалды өндірістік орталықтарға бет алған серпінді өлке. Мұндағы әр жоба – жаңа экономикалық парадигманың кірпіші. Саранның сәтті трансформациясы, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы соны да серпінді жобалар, энергетикалық балансқа қосылған «Гиперборея», экспортқа бағытталған өндірістер өрісті өңірдің экономикалық болмысын айқындайды, айшықтайды. Қысқа қайырсақ, аймақ келе-келе инновация мен инвестицияның символына айналуда.

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім – Қазақстанның болашақ экономикалық тәуелсіздігінің кепілі. Саралы да стратегиялық көзқарас Арқа атырабында нақты іске айналып келеді. Қарағандылық үлгі – Қазақстанның жаңа дәуірдегі даму жолының көрінісі. Мұндай мысал – әртараптандыру арқылы өркендеу, индустрия арқылы ілгерілеу, технология арқылы жаңғыру үлгісі.

Моноқала миссиясы

Болашақтың бағдары дегенімізде, өндіріс өрісіндегі тірнекті тіршілік аясына мойын бұрмай, алысқа ұзай алмасымыз кәдік. Моноқала. Бастабында бір ғана саламен тыныстап, тұтас буынның тағдырын айқындаған мұндай қалалар бүгінде жаңа кезеңнің табалдырығында тұр. Осал тұстары да аз емес. Алайда, дәл осы шағын шаһарлар елдің индустриялық іргетасын қалап, экономикалық дамудың күретамырына қан жүгірткен дер шағында. Қазақстанда 20 шақты моноқала бар. Шаруалы шаһарлар тегінде жағырапия­лық қарайған бір нүкте ғана емес, мемлекеттің өндірістік қуаты мен өркендеу әлеуетінің шоғырланған ортасы. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, моноқалалар жалпы өнеркәсіп өндірісінің үштен бірінен астамын, яғни, 36,4%-да­йын қамтамасыз етіп отыр. Дәйек – құр сан емес, елдің экономикалық тұрақтылығы мен стратегиялық қуатын айғақтайтын көрсеткіш.

Сондықтан да, моноқала десек, көз алдымызға өткеннің жарқын естелігі емес, келешектің келбеті көлденең келуі шарт болар. Асылында, қайта түлеудің, әртараптанудың, жаңғыртудың тірек нүктесі. Задында осы қалалардың тағдыр-талайы келер күнгі болашағымыздың бет-бейнесін айқындайды. Ендеше, моноқалаларды дамыту – мемлекеттің дамуын қамтамасыз етудің шешуші векторларының бірі десек, қателеспейміз.

«Біз моноқалаларды «өсім нүктелері» және жаңа мүмкіндіктердің шоғырланған орталығы ретінде қарастыруымыз керек. Ол «жасыл» технологиялар, цифрлық инфрақұрылым немесе креативті экономика болсын. Бұл қалалар болашақ индустрия­сы қалыптасатын шағын қалалардың үлгісіне айнала алады әрі айналуға тиіс», – деп атап өтті Премьер-Министр Олжас Бектенов.

Қош, монобейімділіктен – әртараптандырылған экономикаға қалай көшеміз? Алдымен қазіргідей жаһандық турбуленттілік жағдайында моноқалалардың болашағы сан салалы экономиканың белсенді қатысушысына айналу қажеттігін меңзейтіндей. Үкімет тарабы осы сын-қатерді дер кезінде саралап, моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын 78 нақты көрсеткіш бойынша кешенді түрде талдап алдымызға тартты. Моноқалаларды дамытудың жаңа парадигмасы бір саланың шеңберінен шығып, кең ауқымды, көп векторлы экономикалық модельге көшу. Үкіметтің қолға алған жүйелі және сарабдал саясаты моноқалаларды тек сақтап қалуға емес, оларды өсу нүктесіне айналдыруға бағытталған. Мұны бір сөзбен ХХІ ғасырдағы жаңғыр­ту миссиясы дейміз.

Арқаның алтын тіні

Әлбетте, әртараптандырудың өңірлік табысты жобасы ретінде аршынды дамып, арқау жібін үзбеген, сәтті трансформацияның жарқын үлгісі ретінде Саран қаласын айтамыз бірден. Шаһар индус­триялық аймақ құру және жеңілдетілген несиелеу тетіктерін енгізу арқылы моноқала санатынан шыға алды. Инвес­тиция – табыстың басты факторы. Сарапшылардың айтуынша, жоспарланған жұмыстардың сәтті іске асырылуы моноқалалардың экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, онда тұратын 1,5 миллион қазақстандықтың өмір сүру сапасын едәуір жақсартады. Ең табысты қалалар Саран қаласы сияқты моноқала мәртебесінен шығып, өңірлік маңызы бар өзін-өзі қамтамасыз ететін экономикалық орталықтарға айналуы мүмкін. Мұндай игілікті үрдіс өз кезегінде салық түсімдерінің артуына алып келді. Индус­триялық аймақтың дамуының арқасында қала бюджетке айтарлықтай қаражат түсіре бастады. Мысалы, облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың айтуынша, қала мемлекеттік бюджетке 21,4 млрд теңге салық пен төлемдер түсірген. Түп нәтижесінде Саранның экономикасы анағұрлым тұрақты бола түсті.
Және бір қызықты дерек. Өткен жылы Саран қаласы республикалық бюджетке 7,2 млрд теңге аударып, елдің қаржылық ағынына айтарлықтай үлес қосты. Осы орайда облыс әкімдігі үшін шағын өнеркәсіптік аймақтар мен индустриялық кластерлерді дамыту – маңызды басымдықтардың бірі. Атап айтқанда, Теміртау қаласының маңында металлургия­лық кластерді және «Сарыарқа» АЭА аумағында кремний кластерін құру өңір үшін қосымша қаржылық серпін болмақ. Жаңа шағын өнеркәсіптік аймақтарды ашу жоспарларына жергілікті кәсіпорындарды жеңілдікпен орналастыру мүмкіндігі де кіреді. Мұндай жаңашылдықтар облыс қалалары мен аудандарында кәсіпкерліктің дамуына, сондай-ақ, бос тұрған өндірістерді қайта іске қосуға оң ықпал етуі бек мүмкін.

Нәтижесінде, өңірдегі белсенді индус­трияландыру мен экономиканы әртараптандыру тиесілі нәтиже беріп, болашақта орнықты даму үмітін арттырып отыр. Салық базасын кеңейту және инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізу Саран секілді қалаларға, әрмен қарай басқа өңірлерге қазіргі заман талаптарына сай экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабілетті болуға жол ашуда. Сөйтіп, «сиқырлы да таңғажайып» Саран өз үлгісін облыстың басқа да моноқалаларына масштабтайды.

– Бізде Saran индустриялық аймағы нәтижелі жұмыс істеп тұр. Осының арқасында біз жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканы әртараптандыра отырып, Саранды моноқалалар мәртебесінен шығара алдық. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша біз осы оң тәжірибені енді облыстың басқа қалаларына да кеңейтіп жатырмыз, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Ақиқатқа айналған арман

Өндірістік серпіліс демекші, биыл аймақта бірден үш шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылады. Қарағандыда, Саранда және Теміртауда. Айталық, Саран қаласында жаңа өнеркәсіптік аймақтың бірі аты аңызға айналған «Кармет Сервис» базасында құрылып, 20 мың шаршы метрлік алып аумақта қанат жаймақ. Ал, дәл осы сәттерде еліміздің индустриялық жүрегі саналатын Qarmet компаниясы 2030 жылға дейінгі жаңғырту бағдарламасын батыл жүзеге асыруда. Жоба құны – қомақты. 1,6 триллион теңге. Тек биылдың өзінде ғана инвестиция көлемі 294,7 миллиард теңгеге жеткен. Балқашта да, «Қазақмыс» корпорациясының еркін өнеркәсіптік аймақтарында да өндірістік хабтар бой көтермек. Жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін бұл мүлтіксіз мүмкіндік алаңы.

Индустриялық аймақпен қатар, мұнда әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға баспана беру ісі де жүйелі жолға қойылған. Бюджеттік қаржы мен жеке инвестиция есебінен 22 көпқабатты үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, жүздеген отбасы жаңа пәтерлерге қол жеткізген. Облыс бойынша құрылыс қарқыны да еселене түсті. Жыл соңына дейін өңірде 545 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жаңғырған өндіріс, жанданған құрылыс, қуатты инвестиция болашаққа нық сенім ұялатпақ. Осы жылы Арқа атырабындағы жалпы инвестиция көлемі шамамен 200 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жобаны іске қосу көзделді. Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өкілдерінің мәліметінше, жоталы жобаларды жүзеге асыру 2 000-нан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік ұсынбақ.
Бірегей жобалар бірден бірнеше негізгі бағытты қамтиды: металлургия, машина жасау, баламалы энергетика және шикізатты терең өңдеу. Бірқатар нысандар қазірдің өзінде құрылыс жұмыстарының аяқталу сатысында, ал, кейбірі жақын арада іске қосылады. Биыл ерекше көзге түскен нысандардың бірі – «Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты». Құрылысы аяқталу сатысында тұрған атаулы кәсіпорында 115 жұмыс орны құрылмақ. Жобаның құны – 6,2 миллиард теңге. Зауытты іске қосу құрылыс, машина жасау және коммуналдық шаруашылық салаларында қолданылатын қорғаныш қабаты бар өнім өндірісін жергіліктендіруге септігін тигізеді.

Сонымен қатар, өңірде «ТЭМПО Қазақстан» ЖШС-нің болаттан жасалған тігінсіз түтік өндіретін зауытының құрылысы жалғасуда. Түтіктердің қолдану аясы кең: металл конструкцияларын салудан бастап, су құбырларын тартуға дейін. Жобаның көлемі әлдеқайда ірі. Құны – 25 миллиард теңге. Және де кәсіпорын 400-ге дейін адамды жұмыспен қамтымақ. Зауыт ішкі және сыртқы нарықтарды түтік өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталады. Өңір өмірінде экологиялық тұрақты энергия көздеріне деген қызығушылықтың артуына байланысты Осакаров ауданы аумағында «Гиперборея» атты жел электр станциясының жобасы іске асырылуда. Станса құны – 50,6 млрд теңге. Нысан бой көтерсе, қоршаған ортаға залал келтірмес­тен қосымша электр энергиясын өндіруге оң ыңғай туғызады. Мұнда 20 тұрақты жұмыс орнын құру болжанып отыр. Ал, жоба өңірдің энергетикалық балансын әртараптандыруға бағытталған бір белес пе дерсіз.

Арнайы экономикалық аймақ мәртебесіне ие болған Сарыарқаға бүгінде елдің ғана емес, шетелдік инвесторлардың да назары ауып отыр. Аталған аумақ тың жобалар мен жаңа мүмкіндіктердің тоғысқан нүктесіне айналды. Қазірдің өзінде мұнда бірқатар өндіріс іске қосылып, заманауи талаптарға сай, экспортқа бағытталған кәсіпорындар бой көтеруде. Солардың ішіндегі айрықша жоба – «Силумин оф Қазақстан» компаниясының алюминий радиаторларын өндіру ісі. Дәлірегі жай ғана өндіріс емес, металлургия мен инжинирингтің түйіскен, технология мен тәжірибенің тоғысқан тұсы. Инвестиция көлемі де аз емес – 18,6 миллиард теңге. Сөз етіп отырған қаражат зауыттың құрылысын, озық құрал-жабдықтармен жабдықтауды және өндірістік үдерістің әр кезеңін жетілдіруге бағытталған. Ал, алдағы уақытта кәсіпорын 183 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді деп күтілуде. Мұның мәні – жүздеген отбасының әл-ауқаты артады, өңірде жаңа мамандар даярланып, еңбек нарығы жаңарады деген сөз. Алюминий радиаторлары – бүгінгі күннің аса қажет өнімі. Жабдықтар жылыту және салқындату жүйелерінде кеңінен қолданылады. Ең бастысы, өнім тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қоймай, шетелдік тұтынушыларға да жөнелтіледі. Сапасы – халықаралық стандарттарға сай, ал, бағамы – бәсекеге барынша икемді.

Арнайы экономикалық аймақтағы ең ірі нысан – «Qaragandy Power Silicon» ЖШС кешені болмақ. Мұнда металлургия саласы үшін стратегиялық маңызды қорытпа – ферросилиций шығаруға арналған төрт рудотермикалық пештер құрылуда. Инвестиция көлемі – 62,8 млрд теңге. Өндіріс экспортқа бағытталып, басымдық жергілікті шикізатты терең өңдеуге берілмек. Сөйтіп, көптеген жаңа кәсіпорындар ұзақ мерзімді жұмыс істеуге, экспорттық нарықтарға шығуға және заманауи технологияларды енгізуге арналды. Жұмыс орындары мен салық түсімдерімен бірге осы тектес жобалар тұрақты өсудің негізін қалыптастырады және өңірдің жалпы әлеуетін арттырады. Облыс өз өндірістік картасын жүйелі негізде дамытып, тиімді, технологиялық және әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық береді. Әр нысан жалпы құрылымның тек бір бөлігі болғанымен, дәл осындай елеулі элементтер өңірлік экономиканың мықты негізін қалыптас­тырады деп айтуға болады.

Дәуір талабы

Арқа төсінде қарқынды дамудың дәурені төбе көрсетіп келеді. Экономикалық әртараптандырудың қарағандылық үлгісі десек, жасанды интеллект пен жасыл энергия, цифрлық инновациялар мен өндірістің қуатты әлеуеті тоғысып, болашақтың сенімді іргетасын айтар едік. Мыңдаған адамның ерен еңбегі, табанды талпынысы мен жарқын арманы бір нүктеде түйіскендей әсер қалдырады. Шын мәнінде, өндірісті өңір мемлекеттің стратегиялық миссиясының еңселі ескерткіші, еліміздің экономикалық тә­уелсіздігі мен өркендеуінің кепілі болар. Әр жаңа зауыт, әрбір жұмыс орны – елдің әл-ауқаты мен болашағына жасалған салмақты салым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айт­қан маңызды мақсаттар Қарағандының әр қиырында жаңғырып, нақты істерге айналуда. Моноқалалардан басталған қайта құру, шағын өнеркәсіптік аймақтар мен инновациялық кластерлер арқылы жалғасып, үлкен әлеуметтік-экономикалық төңкеріс жасап жатыр. Бұл – тек өңірдің емес, бүкіл Қазақстанның жаңа бетбұрысы.
Жол ашқан бастамалар алдағы жылдары мыңдаған отбасылардың қуанышын арттырып, ел экономикасының ұйытқысына айналады. Алдағы уақытта қарағандылық үлгі еліміздің өзге аймақтарына таралып, республиканы жаһанның дамыған елдерінің қатарына қарататын жолдың бастауы болады деген сенім бар. Біз осы биіктіктен артқа дүрбі қаратпай, ендігі белестерге ұмтылып, жарқын болашаққа батыл қадам басудамыз. Өйткені, орталық облыс тегінде тоқсан тараулы тарихтың ғана емес, таңғажайып тағдырдың да алтын парағындай. Өндірісті өлкеде әр жоба – ұлы миссия, әр шешім – жаңа серпін. Бізді алда – шүбәсіз жеңіс, даму және жаңғыру жолы күтіп тұр!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button