Бас тақырып

Өрт өзекті өртемес үшін

Төтенше жағдайлар департаменті дерегінше, 2023 жылы облыста 700 өрт тіркелген. Соның салдарынан 31 адам қайтыс болып, 22-сі ауыр күйік жарақатын алған. Тілсіз жаудың кесірінен қайғы жамылғандардың қатары көп. Алайда, сол өрттің қалай және қайдан шыққаны туралы не білеміз?! Жан жалмаған жаудың басты себепшісі – өзіміз, яғни, қарапайым тұрғындардың қауіпсіздікті қаперге алмайтын қамсыздығы.

Коллаж Ш.Адамбекова

Жоғарыда аталған 700 өрт фактісінің 418-і тұрғын үйде орын алса, 142-сі – автокөлік өрті. Үйдегі өрттің туындауына тікелей газ толтырылған темір баллон себеп. Осындай олқылықтардың кесірінен 7 өрт тіркеліп, 2 адам көз жұмған. Жалпы, газ баллонға тыйым салынуда. Алайда, ағайынның сақтанар түрі жоқ. Тіпті, кілтін кеше алып, табалдырығын түнеукүні аттаған жаңа баспаналардың күлі көкке ұшып өртенгені бірінші емес. Оның барлығы өрт қауіпсіздігін сақтамағандықтан көрінеді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің 52859 әскери бөлімі лейтенанты Мақсат Балжанов былай дейді.

– Облыста биіктігі 28 метрден асатын 176 көпқабатты тұрғын үй тіркелсе, оның ішінде, 166-сы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып, пайдаланылуда. Үйлердің біршамасында автоматты өрт дабылдары, сорғы күшейткіштері жоқ, немесе ақаулы. Тіпті, өрт сөндіру түтіктері, өрт сөндіргіштер жоқ. Түтінсіз баспалдақтардағы қауіпсіз аймақтары шыныланған, я болмаса жабық. Дабыл іске қосылған кезде лифттерді түсіретін автоматты жүйелер де қарастырылмаған. Тексеріс барысында бес қабаттан жоғары көптеген пәтерлердің балкондарындағы өрт сөндіру люктері тығыз жабылғаны анықталды. Бұл бірінші себеп болса, екіншісі – газ баллон қолданудағы қателіктер, – деді ол.

Көп үйде газ құрылғысын пайдаланып болған соң өшірмейді. Не ұмыт қалдырады. Ал, бұндай өрескел қателікті өрт кешірсін бе? Барлық гәп темір баллондардан екенін білсек те, жасырып пайдалану тыйылмай тұр.

Облыста өткен жылы 16 көпқабатты үйден газ баллоны табылып, айыппұл салынған. Табылған баллондардың бәрі темір. Олардың жоғары жағындағы газ түтікшесінде ақау көптеп кездеседі. Жалпы, қазір технологияның жаңарған заманы. Сондықтан да, қолдануға рұқсат берілген газ баллондары бар дейді мамандар. Мысалы, композиттік баллондардың зияны жоқ. Олар пластик болғандықтан қызып, жарылмайды. Сәйкесінше салмағы да анағұрлым жеңіл. Лаулаған от маңында да еркін сақтауға болады. Ең бастысы ондағы газ мөлшері сыртынан көрініп тұрады. Алайда, мұндай баллондарды тек екі қабатты үйде немесе жер үйде қолдануға рұқсат. Себебі, газ баллон бәрібір өртке себепші.

– Әдетте көпқабатты үйлерге көтерілу және өртті сөндіріп, ондағы адамдарды құтқару уақыт алады. Сондықтан, екі қабатты және жер үйге композиттік газ баллон пайдалануға рұқсат берілген. Десек те, газ – ол жанғыш зат. Сондықтан, әрдайым техникалық қауіпсіздікті басты орынға қойған абзал. Мысалы, сұйық газ толтырылған баллон басқа жылытқыш құралдардан, электрлі жарық жаққыш тетіктерден, ашық электр сымдарынан 1,5 метрге қашық тұруы шарт. Тіпті, газ өзі тұрған пеш қазандығынан да 1 метр қашықтықта орналасқаны жөн. Газ пешке от тұтатпас бұрын алдымен бөлмені желдетіп, тазартып алу керек. Қазандыққа от жаққанда егер оның түсі көгілдір қызғылт болса, онда қауіпсіз. Газ түтікшесі қосылған қазандықты 5 секундтан артық қосулы тастамау керек. Міне, осындай ірілі-ұсақ сақтандыру шаралары облысымызда «Қауіпсіздік мәдениеті» деген атпен жылыту маусымы басталғалы бері өтіп келеді, – деп атап өтті Қарағанды облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 21 бөлімінің кіші сержанты Нұрболат Сәрсенбай.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандары қауіпсіздікті сақтауды ұдайы қаперге салады. Тілсіз жаудың ескертусіз, елеусіз шақта шаужайдан алары жасырын емес. Жаңа жылдық от шашудың салдарынан денесін күйік басқандар қатары сейілгені кеше ғана. 2024 жыл табалдырықтан аттамай жатып, заңсыз отшашумен облыста 4 факт тіркелген. Мамандардың пікірінше, тек үнемі тексеру мен сақтық қана сақтайды екен.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button