Жаз – өрт қаупінің күшейетін кезі. «Жеті жұттың» біріне саналған өрттің мезгіл мен орын талғамайтыны тағы бар. Оның алдын алуда бірқатар шаралар жүзеге асуда. Атап айтқанда, Қарқаралы ауданындағы елді мекендерге өрт сөндіруге арналған тіркемелі мобильді кешендер берілді.
Облыс аумағындағы орманның 90%-ы Қарқаралы ауданында. Шіліңгір шілденің аптап ыстығы өрт қаупін күшейтуде. Осы орайда, жылма-жыл елді мекендерді өрт сөндіру құралдарымен жабдықтау жүзеге асып келеді. Биыл Угар, Қаракөл, Мәди, Бақты және Қоянды ауылдық округтеріне өрт сөндіруге арналған тіркемелі мобильді кешендер берілді.
– Жалпы, ауылдық округте 229 мың га жер учаскесі бар. Оның 110 мың га шаруақожалығының иелігінде. Биылғы қатты ыстықтан жер құрғап тұр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер өрт бола қалған жағдайда бұл мобильді кешен алғаш көмекке жарап-ақ тұр, – дейді Қоянды ауылдық округі әкімі Сұлтанбек Әубәкіров.
Кешен құрамында жеңіл көлік тіркемесі, автономдық жоғары қысымды су шашатын аппарат, 500 литрлік су қоймасы, өрт сөндірушілер киімі, су шашатын құралдар, басқа да құрал-жабдықтар бар.
Сағыныш ӘБІЛ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz