Қарағанды

Өршіл рух, сыршыл сезім астасқанда

    Жуырда Пришахтинск тұрғын аймағында «Молодежный» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 105 жылдығына арналған «Тудырған асыл өлең – қайран Қасым» атты әдеби-сазды кеш өтті. Ел егемендігінің ширек ғасырлық тойымен тұспа-тұс келген айшықты мерекеде мәдениет сарайын жаңғыртып жастар бас қосты. Ақын мұрасын зерделеу болашақ ұрпақтың әрдайым назарында болуы керектігін осы тақылеттес іс-шаралардан айқын ұғынасың. Сонымен…

dscn9785

Тағдырын тарих таразысына өлең сүзгісінен өткізе тартқан дауылпаз тұлғаға қандай сый болсын лайықты. Бұл ұстанымға аталмыш іс-шара толыққанды жауап берді. «Жас толқын» би ансамблінің қазақ биімен ашылған тамаша кешке талантты да қанатты жас толқын бар өнерлерін ортаға сала келген. «Ә» дегеннен өнер сүйер жұртшылыққа №52859 әскери бөлімінің клуб бастығы Батыр Омаровтың «Дариға сол қыз» әнін тарту етуі – мәнді жиынның ақын өмірімен сатылай дамығандығын бірден аңғартты. Кеш жүргізушілері Аңсабек Серікбек пен Гүлнұр Кокиеваның сабақты әңгімелері кеш көрермендерін ақын тарихына терең бойлата еріксіз жетелей түскендей. Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың жанынан құрылған «Жыр-жауһар» поэзия клубының мүшелері Жадыра Байбұланова мен Аян Мейраш ақын рухын түлетіп арнау өлеңдерін оқыса, серінің семсеріндей «Серт» кітабының авторы, ақын Жәнібек Әлиман қазақ өлеңінің биік рухы аңқыған Қасым атасы жайлы кеңінен толғады. Қасымның Абай мен Мағжан рухына үндес отты жырларын мектеп оқушылары нақышына келтіре оқып, көрерменге көк түріктің өршіл намысын жырмен жеткізді. «Асыл жеңгелер» триосы «Ах, Самара қаласы» әнін орындау арқылы Қасым тұлғасын саз әлемінде айшықтады. Тағылымды іс-шараның қоры­тынды бөлімін Улыбка» үлгілі би ансамблінің орындауындағы «Көркем назы» биі тәмам­дап, жасампаз өнерді жаңа белеске көтерді.

Сондай-ақ, кеш барысында Қара­ған­дыдағы «Ардагер» қоғамының төрағасы Талғат Болатұлы мырза құттықтау сөзін сөйлеп, ұйымдастырушылар өнегелі сөздің өкілі боларлық өнерлі жастарға сый-сияпат жасады.

Қасымға Қарағанды емес, Қарағандыға Қасым керек. Ақынның отты жырларын жатқа оқып жатқан жалынды жастардың көзінен сол ұшқынды байқадық.

«Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,

Өкінем ұқсата алмай келемін деп.

Күніне жүзойланып, мыңтолғанам,

Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп, – өз өмірін өлеңмен өрген қазақтың өр талантты ақыны қиын да күрделі заманда туып, адалдық пен ақындықты тұмар етіп, батыл ойлы, шыншыл да сырлы поэзиясымен болашақ ұрпақтың жүрегінде терең із қалдырды. Өлең өлкесіндегі әр буынның Қасымға соқпай өткеннен гөрі тоқтай өткені мәнді шығып жататыны – содан.

Мирас АСАН

ҚАРАҒАНДЫ қаласы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button