Басты тақырыпТарих

Өршіл халық рухы

        Иә, кешегі үлкендер айтушы еді…

     Отыз жетінің қасап-қырғыны басталмай тұрған шақ. Қара бұлт үйіріліп тұр, соның екпіні кей азаматтарды іліп әкетіп, жұртқа үрей кіре бастаған. Аудандағы «тазарту» жиналысына жоғарыдан өкіл келген. Аш қасқырдай жалаңдаған белсенділер кешегі өздерінің басшысы, осы ауданда компартияның алғаш ячейкасын құрған Тұңғышбекке тап берген. Жазасы мол. Осы көкжалды енді жеу керек. Жаудың сөзін сөйлепті. Мағжан ақынның «Батыр Баян» дастанын білетін көрінеді. Соны әнебір жерде айтыпты.

     Тұңғышбек Дәлмағанбетұлы ақталуға ауыз аштырмайды. Көк езуленіп алған белсенділер бірінен соң бірі атып тұрып арсылдап, бірі аяғынан шалып, екіншісі жеңіне жармасып, тағы бірі кеңірдегінен алып, жығып салудың бар әрекетін жасап жатыр.

Сен де ақынсың ғой?

Ептеп өлең жазатыным рас.

Мағжанның…

Мағжан дегенді естіп-көрмеген адаммын,– деп жан сауғалайды Тұңғышбек.

Қара мұны… Жалтаруын қарашы.

      Сөз кезегі жоғарыдан келген өкілге тиген. Сазарып, сабыр сақтап, өршеленген белсенділерге үнсіз тесіле қарап отырған. Мына бір азамат босқа итжеккенге кетіп қалмаса игі еді.

Кәне, айтшы, айтып жүрген өлеңің не өзі?

Екі-үш шумақ қана. Дала туралы, ескен самал жөнінде, оның қай ақындыкі екенін білген емеспін. Осы біздің елде ақын көп, соның бірінікі шығар деп ойлағам.

Ал, Мағжан…

Төрағасы, ондай ақын барын тіпті естіген емеспін.

    Сілтідей тынған тыныштық орнады. Кәзір Тұңғышбектің тағдыры шешіледі. Жанашырлар күйініп, жандайшаптар жалаңдап отыр. Құлаққа ұрған тыныштықты «ойбой» деген үн бұзды. Жұмаділ екі бүйірін таянып алыпты. Зарлап, теңселіп әрі-бері жүре бастады.

Ойбой! Халқым-ау, қырылдық қой, қырылдық. Ойбай-ау Мағжанның жау екенін кім білген. Ой-бой, құрыдық-ау, құрыдық.

    Жұрт аң-таң. Әке-шешесіз қалып, жетімнен өскен, жалшылықта жетілген осы заманның нақ азаматы. Жалтақтығы жоқ, ештеңеден тайынбайды. Әлде обмес, әлде онан жоғарғы желком мүшелігіне өзін-өзі ұсынып, онысы және өтіп, елдің бетін өзіне бұрғаны да бар еді. Енді мынау….

Халқым-ау, не болдық? Әлгі талдан садақ иіп ойнаған балалар қалмақты қырамыз деп батыр Баян боп ойнап жүр. Әлгі, сендердің балаларың да соның ішінде, – деп белсенділерге тиісті.

Енді не болдық? Бала біткен тегіс құритын болды ғой, ә?

Мұны естіген белсенділердің көзі бағжаң-бағжаң еткен. Бір пәленің енді басталғанын сезіп, мойындары жағаның ішіне кіріп кеткен. Сыбырласуға хал жоқ.

Ойбай-ау, әлгі жерошақтың алдында отырған күлді-көмеш қатындар да батыр Баянның елдің бірлігі үшін інісін өлтіргенін айтып, көздерін сығып отырады. Енді не қалды? Бала да, қатын да жау боп шықты ғой. Әй, сәлем айтыңдар, бәрі көйлек-дамбалдарын әзірлесін, итжеккенге кетеді. Халқым-ау, қырылдық қой, қырылдық.

    Жоғарыдан келген өкілдің де (түбі алашордалық болар) күткені осы екен, Тұңғышбекке білмегендіктен екі шумақ өлең айтқаны үшін «строгий выговор» беріп, жазадан құтқарыпты.

    Баламын. Тұңғышбек менің әкеммен дос. Үйге Тұқаңмен бірге осы елдің белгілі азаматтары Нақыптың Алтыбайы, Омар, Изатбектер жиі келеді. Алтыбай Тұқаңды қағытады.

Сен, әлгі Батыр Баянды айтсайшы,– деп.

Алтеке, қойыңызшы. Осының өзін біреу естіп қалса пәлеге қаламыз.

Сонда Жұмаділ болмаса не болар еді?– дейді Омар.

Ер ғой, Жұмаділ. Қисынын сол жерде де тапты ғой,– дейді Изатбек.

    Батыр Баянды Тұңғышбектің аузынан естуге Құдай жазбапты. Есесіне… 1967 жылдың мамыр айы еді. Бортына шөп салған машинамен Қайрақты кенішіне келе жатырмыз. Он шақты адам ұйлығып отырмыз. Алдыңғы жақта бортқа арқасын сүйеген ақсақал әңгіме айтып отыр. Бір шамада Мағжанның өлеңдерін жатқа айта бастады. Ептеп қағазымды суырып, теріс қарап отырып, өзім ғана танитындай етіп бір әріп, не бір буынмен Мағжанның:

Күн батысты қара түнек қаптаған,

Көгінде жоқ жалғыз жұлдыз батпаған.

Түнеріп жүр түннен туған перілер,

Табынуға жаңа тәңір таппаған, – деген екі шумақ өлеңін жазып алдым (сол жазбам күні бүгін сақтаулы тұр). Бір кезде әңгімешіл ақсақал:

Әй, шырағым, сен кімсің? Мені ерекше ықыласпен тыңдап отырсың ғой,– деген.

Мен… Мен…– деп абыржып қалдым. Теріс қарап отырмын, мына ақсақал қалай байқап қалды деймін іштей.

Мен Жүніс деген кісінің баласымын.

Ей, шырағым, сен әлгі 58-бен айыпталған баласың ба? Келші, қолыңды берші маған. Аман-есен оралды деп еді.

Ақсақал ағылған сайын жан-жағыма жалтақтаймын. Біреу жеткізсе, мына ақсақалдың оңбасы анық. Енді қайттім деймін іштей. Талайдан опық жеген басым, өзім емес (азар болса жазғанымды жұтып қоямын) мына ақсақалға қауіп ойлағам.

Менің есімім Ескей болады, Кәмел шырағым.

     Кездескен сайын Ескей ақсақал кешегі ұлылардың бір сөзін айтып қалады. «Бұл жерде айтпаңыз, пәле болады» деп шыр-пыр боламын. Оңашалап Ахаңның, Мағжанның өлеңін хатқа түсіріп алдым. Қойшы, бір жылы қолыма магнитофон да түсті-ау, әйтеуір. Ескеңнен «Батыр Баян» дастанын таспаға жазып алдым. Ескеңнің жырды орындау мәнері де ерекше. Арқа жыршыларының көне үлгісі. Адамды еріксіз баурап әкетеді. Ұлы даланың сәні де құлаққа келеді, зарын ести отырып, өмірге деген сүйсіну құштарлық сезімі де бойыңды билейді. Мұның бәрін темір жәшікке салып, жерге көміп тығып ұстауға тура келді. Алғаш рет Амантай Сатаев пен Жеңіс Қашқыновқа естірттім. Кейін Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Қалихан, Ақселеу тыңдай алды. Бір жолы Фариза мен Сырбай Мәуленов те тыңдаған еді. Сырбай аға «мынаны тығып ұстауға қалай дәтің барды? Ұсталып қалсаң тағы істі боласың ғой» деп қамыққан еді (бір өкініштісі күні бүгін менен көшіріп алайын деген адамның жоқтығы).

    «Коммунист колонизаторлар» (Мұхтар Әуезовтің анықтамасы) қазақ халқын қорғайтын батыры, жауға қарсы қалқан болар ханы болған емес деген қияли түсінікке елді сендіріп бақты. Сөйтіп жұрттың ділін тоздырды. Әйелдердің өзіміздің салт-дәстүрімізден үркіп жүруі соның нәтижесі. Қазақтың мал баққаннан басқа шаруа қолынан келмейдіге сендірді. Қарсы пікір білдіргендердің көзі құртылды. ГПУ Шишов Шет ауданында 1931 жылдың мамырында 480 адамды қой қораға қамап ұстап отырғанын мақтана жазады. Сол жылдың сәуірінде Қосдоңғалда (Әбікен Хасенов ауылы) 27 адамды атқанына риза. Июль айында аудан орталығында 32 адамды тағы жайратып салған. Бестен, оннан атылғандарда есеп жоқ.

    Сөйтіп, Жұмаділ ақсақал айтатын «Батыр Баянды» бала-шағаға дейін білетін елдің жады өшірілгендей болып, ел тұншықты. 1981 жылдың қысы еді. Үт-февраль айының соңына таман ақын Самат Мұсабекұлынан хат келді. Самат ағамен жүз таныстығымыз болмаса араласымыз шамалы. Ізімізді аңдудан, үйдегі тінтулерден әбден запы болған шақ. Іле өзі тағы телефон соқты. Совхоздың орталығына келіп телефондап тұр екен. «Кел, сен зерттеп жүрген Қыздарбек, Әбди, Сембектің күйлері менде бар». Оның үстіне Дия қажы, Бабас, Түсетай ақындардың да біраз өлеңі барын айта келіп, батыр Сары-Баянның мүрдесі жатқан жерді көрсететінін тілге тиек еткен. Қар кете баратыныма уәде де еттім.

    Кездесуге жазбапты. Қар кете, сәуір айы туа ауданды басқарған 1-хатшының қаһарына ұшырап, «халық жауы» ретінде өзім түгілі әйелім де жұмыстан қуылатын боп қалдық. Жазушылар одағының съезіне Қалихан Ысқақов шақырту жіберіп, дауылдың бетіне тосқауыл қойып, Алматыға жөнелгемін. Қайта оралып, газет бетін ашып отырсам, Самат Мұсабекұлының өмірден озғаны туралы қаралы хабар жүр.

    Бір жіп үзілгендей боп жүрдік. Батыр Баянның мүрдесі осы Шет ауданы жерінде екенін білсек те, тап басып көрсетер жан болмаған соң «мен білемін» деп айта алмадық. Кенет «Орталық Қазақстан» газетінің бетіне Баян батырдың мәңгілік орны Қарқаралы төңірегінде болу керек деген болжау шықты. ГПУ-де, «Коммунист колонизаторларда» халықтың жауын қанша тұншықтырса да, біржолата өшіре алмаған екен. Іле бұрынғы «Путь Ильичада» тұратын Ардақ деген азамат 2003 жылы Көптілеу деген ақсақалдың батыр Баянның жанына ерген сарбаздарымен жатқан жерін көрсеткенін айтып, нақтылап берді. Бұл жағдайды Самат ақынның баласы Баянды да, Серік Қамбарұлы да біледі екен.

    Өршіл рухты қызыл империя өшіре алмапты. Отыз екінің аштығында 48311 қазақтан 5021 адам ғана тірі қалған Шет ауданының халқы сыбырлап болса да тарихи мұраны бір-біріне жеткізе білген.

     Бұл ел – Қазақ-Қалмақ ұрысында Абылай ханға Жидебай, Байғозы, Жарылғап, Сазанбай, Итқара сияқты батырларды серік етіп шығарған ел. Бұл ел Тұрсынбек Кәкішев айтқандай, XIX ғасырда орыстың зұлым саясатын жеріне жеткізе әшкерелеген Шортанбай жыраудың, оның ізбасарлары Дия қажы, Нарманбет, Оқа, Қақпан, Түсетай, Маясар ақындардың елі. Бұл ел өнердің ордасы. Шертпе күйдің шаңырағын аспандата білген Қыздарбек күйші мен оның 1931 жылы оққа байланған шәкірттері Әбди, Сембек, Мақаш, Кенжеғара, Ақмолда, Кәрібек сынды өнер иелерінің елі. Бұл ел өршіл рух қанына сіңген ел.

     Өршіл рухты ел 1771 жылы Қалмақ- қырғанда болған соңғы шайқастан кейін қашқан қалмақтың соңына түсіп, жау улап кеткен бұлақтан су ішіп, қаза болған батыр Баян, Итқара батырлардың мәңгілік орнын жадына сақтап, келер ұрпаққа айғақтап бере алды.

     Батыр Баян ұрпақтары қазақтың батыр ұлына зәулім ескерткіш орнатып, ел үшін қаза болған бабалардың есімі мәңгі ел есінде болатынына тарихты куәландыруда.

     Өршіл рухты ел өткен ғасырдың 60-жылы қызыл империяның шовинистік саясатына қарсы шыққан жасырын «ЕСЕП» партиясының ұлдарын да туғызған еді.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

жазушы,

«Құрмет» орденінің иегері.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button