Ұрпақ сабақтастығының ұтқыр қадамы
Қарағанды қаласының əкімдігінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік қызметшінің оң бейнесін қалыптастыру жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сəйкес, «Тəлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының құрылуына орай, мемлекеттік қызмет ардагерлерінің қатысуымен отырыс өтті.
«Тəлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының тең төрағалары – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Əдеп кеңесінің төрағасы, Кеңестің тең төрағасы Ербол Жолданғар мен мемлекеттік қызмет ардагері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин. Шара барысында облыстық Кəсіпкерлік басқармасының басшысы Дастан Құдабаев пен облыстық табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмысының есебі мен алға қойылған мақсаттар жайлы мəлімдеді.
– Кеңес жұмысының басты мақсаты – мемлекеттік басқарудың сабақтастығын қамтамасыз ету, сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган басшыларының кəсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсету. Кеңес отырыстары қажеттілікке қарай өткізіледі. Оның отырыстарына жергілікті атқарушы органдардың жаңадан тағайындалған басшылары шақырылып, олар өз жұмыс саласын дамытуға қатысты пікірлерімен бөліседі. Тиісінше, мемлекеттік қызметте тəжірибесі мол ардагерлер мен кеңес мүшелері жаңа басшыларға жұмыс тəжірибелерін айтып, қажетті ұсыныстар, алдағы қызметіне бағыт-бағдар, ақыл-кеңестерін беретін болады, – деді Ербол Қабдығалиұлы.
Келесі кезекте Оралды Төреғожин жастармен өзінің қызмет жолындағы мол тəжірибесімен бөлісіп, ақылын айтты.
– Мемлекеттік қызмет – өте жауапты сала. Көп жылдар бойы осы қызметте жұмыс атқара келіп, менің жастарға айтарым, біз жұмыс істеген 90-жылдар мен қазіргі күндегі əлеуметтік жағдайды салыстыру мүмкін емес. Сол кезде əкімшіліктің жұмысы енді басталғанда жағдай болмады, жалақы жоқ, зейнетақы жəне жəрдемақы деген түсінік болмады. Міне, сол кездерде қиын жағдайда мемлекеттік жұмыс басталған. Ал қазір заман өзгерді. Мемлекеттік қызметкерлер үшін бүгінде көптеген мүмкіндік бар. Жаңадан тағайындалған жас мамандарға айтар басты ақылымыз – жауапкершілік жəне адал жұмыс атқару, – деді ол.
Сонымен қатар, Оралды Төреғожин Абай облысында орын алған өртке тоқталды.
– Орман ғана емес, адамдар да залал шекті. Сол жерден келіп жатқан ақпараттарды тыңдай отырып, санамызға бұндай мүлде болмау керек еді деген ойлар келеді. Өрттен зардап шеккен тұрғындардың сөздерін тыңдасақ техника ескірген. Табиғи ресурс басқармасының басшысына айтарым, біздің облысымызда да орман бар. Осы қайғылы жағдай сабақ болсын. Қандай да бір қажеттіліктер орын алып жатса, тікелей облыстық əкімшілікке сұрақ қоюдан тартынбаңыздар. Осындай жағдайға біздің де тап болуымызға жол бермеңіздер, – деп ескерту пікірін айтты.
Бахтияр Жұматайұлы сөз кезегінде өзі басшылық ететін басқармада облыс əкімшілігінің ережесіне сəйкес, тоқсаннан астам функция жүзеге асырылатынын айтып өтті. Нақтырақ айтқанда, қоршаған ортаны қорғау, су шаруашылығын дамыту жəне ұтымды пайдалану, орман шаруашылығы, орман алқаптарын үлкейту, бақылау жəне күзету, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау. Сондай-ақ, Қарағанды облысының аумағындағы Ақтоғай, Шет, Осакаров аудандарының, Ақадыр, Қаратал, Молодежный, Бұқар жырау ауданындағы Белағаш орман қорларда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы баяндады.
Ал, Дастан Амангелдіұлы осы жылы өткізілген жəне алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар жайлы есеп берді.
– Біздің атқаратын жұмыстар жеке, шағын жəне орта кəсіпкерлікті қолдауға, туризмді, сауданы дамытуға бағытталған. Осы жұмыстар үшін биыл мемлекеттен 14 миллиард теңге бөлініп отыр. Сəйкесінше, бүгінгі күні біз 440 жобаны іске асырып отырмыз. Сондай-ақ, шағын жəне орта кəсіпкерліктерге мемлекеттік гранттар ұсынылған, сол себепті қаржыландыру санын биыл 5 есеге көбейттік. Бүгінгі күннің есебі бойынша тұрақты жұмыс атқарып келе жатқан 99 мың бизнес субъектісі бар, – деді ол.
Шара соңында Қарағанды қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов пен мемлекеттік қызмет ардагері Өмірзақ Амантаев жастарға арнап тілектерін айтты. Алдағы қызметтеріне табыс пен береке тілей отырып, адал жұмыс атқаратындарына сенім білдірді.
Дильяра ƏБІШЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ІІ курс студенті