31 мамыр – халқымыздың жүрегіне өшпес таңба болып басылған қаралы күн. Бұл – ХХ ғасырдың 20-50-жылдары орын алған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Дәл осы күні облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов пен 21 елдің дипломатиялық миссиясының өкілі Спасск мемориалдық зиратына барып, ескерткіш белгілерге гүл шоқтарын қойды. Бабалар рухына тағзым етті.

– Қарлаг музейіне барғанда есімдер жазылған тақтаға қарап, ата-бабамыздың ерлігі еске түседі. Бұл күн – баршамыз үшін қаралы күн. Әрі үлкен сабақ. Әр мемлекеттің өкілдері осында тағзым жасауға арнайы келеді, – деді «Қарағанды облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Дмитрий Полторенко.
Сол қатыгез дәуірде қазақ халқының қонақжайлылығының және Қазақстанға күштеп жер аударылған барлық этностардың өзара бірлігінің арқасында ел қатал жылдарға төтеп бере алды.
– Коммунизм жүйесі тек бір ұлтқа ғана емес, барлық ұлтқа қарсы жұмыс істеді. Салдарынан миллиондаған адам қаза тапты. Арасында әр ұлттың өкілдері бар. Біз бұл оқиғаны мәңгі ұмытпаймыз. Жыл сайын осы жерде бас қосып, марқұмдарды еске алып отырамыз, – деді Польша Республикасының Қазақстандағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Михаил Лабенда.
«Өткен толқынды, олардың азапты өмірін есте сақтау – біздің қасиетті парызымыз», – дейді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков.
– Кеңес одағының көлемінде алсақ, миллиондаған адамның тағдыры жатыр. Ал, бір ғана облыстың өзінде, яғни, Қарағанды лагерінде бір миллионнан астам адамның өмірі бар. Дәл осындай қаралы күндерімізден сабақ алып, қайта қайталанбас үшін тағзым етіп, тәлім алуымыз керек. Бұл – тарихшылар үшін маңызды күн. Себебі, талай жылдан бері бұл оқиға жайлы кеңінен айтылып, жазылған жоқ. Бертін келе айтыла да, жазыла да бастады. Бірақ, осы бір оқиғаны жариялау үшін архив құжаттары керек болды. Ал, құжаттар құпия сақталған. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шыққан болатын. Яғни, осы оқиғаға байланысты барлық құжаттармен мемлекеттік комиссия жұмыс істеді. Көп мәселелерге енді ғана көзіміз жетіп отырғандай. Дегенмен, әлі де атқаратын жұмыстар көп, – дейді ол.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»