Нұра

Ұрпаққа ұсынар мұрамыз

Ел Конституциясының 31-бабында «Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды» делінген. Адамның өмір сүруі үшін қолайлы қоршаған табиғат ортасын қамтамасыз ету, адам өмірі мен денсаулығын сақтаудың нормасы мен қағидасы саналады.

Қарағанды облысында су ресурстарын қорғау бойынша нақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, су нысандары мен су шаруашылығының құрылғыларын санитарлық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сай сақтап тұру, судың жоғарғы қабатының ластануына, қоқыстануына және сарқылуына жол бермеу. Су қорғау аймақтары мен су қорғау белдеулері облысымыздың ірі су нысандарында орналасқан, олар: Нұра, ШерубайНұра, Сарысу өзендері, Балқаш көлі және Федоровск пен Самарқанд су қоймалары. Облысымыздың өзендері мен көлдерінде су қорғау белгілері орнатылуда, су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату, оларды шаруашылықта пайдалану режимі бойынша жоба әзірлеу жұмыстары жалғасын табуда.

Бұрын-соңды Балқаш көлінен басқа облысымыздың бірде-бір су нысандарында су қорғау аймақтары мен белдеулері сәйкес актілермен белгіленбегенін айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда әділет органдарында облыс әкімдігінің қаулылары қабылданып, бекітілді. Соның негізінде аймақтарда су қорғау белдеулері аясындағы жерлер су қорына қарасты жерлерге ауыстырылды.

Ақтоғай ауданының Бектауата тау шатқалы Қазақстанның жүз мінәжат орындарының бірі ретінде көпшілікке жақсы таныс. Бұл мекен өзінің тарихи ескерткіштерімен, табиғатының сұлулығымен, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің алуан түрлілігімен, туристік соқпақтарымен ғана емес, аграрлық секторды дамытудың мүмкіндіктері зор аймақ ретінде де жақсы танылған. Таяуда облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров Ақтоғай ауданының барлық дерлік шаруа қожалықтарын аралап өтіп, олардың жұмысын өз көзімен көріп қайтты. Ауданда жаппай өнім шығарудың көлемін арттыру, еңбек өнімділігін күшейту, шаруа қожалықтарын әрі қарай дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндіктері зор екеніне көзін жеткізді. Ауыл адамдарымен сұхбаттаса отырып, олардың тыныс-тіршілігімен танысып, толғандырған мәселелерін білді.

Жақында аймақтық комиссия құрамына кіретін Қарағанды облысының төтенше жағдайлар бойынша департаментінің басшысы, азаматтық қорғаудың полковнигі И.Күлшімбаев, Қарағанды облысының табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Р.Төлепбаева, Балқаш-Алакөл бассейнінің су қорын қорғау және пайдалану бойынша мемлекеттік инспектор С.Қоянбаева, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Қ.Қошантаев, Ортадересін ауылдық округінің әкімі Б.Көшербаев пен облыстық мәслихаттың депутаты, осы жолдардың авторы Бектауата тау шатқалындағы су нысандарының жағдайын тексеру бойынша рейд жүргізді. Шара барысында Бектауата тау шатқалындағы су нысандарын ластанудан, қоқыстанудан, балдырланудан және судың сарқылуының алдын алу жолдары, сонымен қатар су қоймаларының өсімдіктері мен жануарлар әлемінің тіршілік ету ортасын сақтап қалу қажеттілігі сияқты маңызды да өзекті мәселелер қаралды.

Бектауата тау шатқалында орналасқан елді мекеннің жанында иесі жоқ 9 су шаруашылық нысаны орналасқан. Атап айтсақ, «Бектауата 1» және 2 су қоймалары, «Каработа 1» және 2 су қоймалары, шағын тоғандар, бұрынғы «Горный» лагерінің 1, 2 және 3 қар суын жинақтауышы, бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған «Жасқанат» лагері 1 және 2. Су қоймаларында екі түрлі дамба бар – топырақты және үйілген. Барлық су қоймаларындағы бөгеттердің жоталары деформацияланған, шөккен, су кемерінің сызығы бойынша ағаш және бұталы өсімдіктердің белдеулері өсіп кеткен. Кейбір жерлерін су шайып кеткен, жоғарғы және төменгі беткейлердің кейбір жерлері жарылған. Судың фильтрациясы дамбалар мен бөгеттер арқылы өтіп жатқаны аңғарылады. Тасқындық суқашыртқы алыста орналасқан. Назар аударарлық бірінші жайт, «Бектауата 1» су қоймасы «Бектауата 2» су қоймасымен каскадта жұмыс жасайды. Бөгеті топырақтан үйіліп жасалған. Жоғарғы беткей таспен, төменгі беткей егілген шөппен бекітілген. Бұл су қоймасындағы судың көлемі ҚТД жағайында 1,5 млн. куб. метр екенін ұмытпаған жөн. Табандық су ағытқыш 530 мм диаметрлі тұрбадан жасалған реттелетін тетігі бар, жоғарғы беткей жақта, бөгеттің өзінде орналасқан. Автоматты су ағытқыш – табиғи, ол жер арнасында орналасқан, өсімдіктері жоқ. Су бөгетті бұзып шығатын болса, төменде орналасқан қыстақтарға қауіп төнеді.

Екінші маңызды жайт – су көлемі ҚТД жағдайында 0,9 млн. м3 болатын «Қаработа 1» бөгеті, ал «Қаработа 2» бөгетінің су көлемі ҚТД жағдайында 0,4 млн.м3. «Қаработа 1» бөгетіндегі автоматты су ағытқыш табиғи, өсімдіктер өспейтін және басқа да табиғи кедергілері жоқ жер арнасында орналасқан.

Үшінші маңызды мәселе, осы маңда орналасқан балалардың сауықтыру лагерлеріне қатер төніп тұр. Мәселен, Балқаш қаласының білім бөліміне қарасты қала сыртындағы «Жас қанат» балалар лагерінің маңында 2016 жылғы мол жауын-шашынның зардабынан болған тасқын сулардың ізі бүгінгі күнге дейін көрініп жатыр. 2017 жылдың көктемінде қар сулары мен тасқын сулар Ақтоғай ауданының білім бөліміне қарасты қала сыртындағы «Факел» сауықтыру лагеріне де зардабын тигізді.

Тасқынды маусымда су қоймаларындағы су бөгетті бұзып шықса, Бектауата тау шатқалындағы халыққа, жеке үйлерге, шаруашылық құрылғыларына, ат қоралар мен мал қоныстарына қауіп төндіреді. Оған қоса мұнда балаларға арналған екі сауықтыру лагері бар. Бұл қазірден бастап шешімін табуды қажет ететін маңызды мәселелер деп білемін.

Осы мәселелерді ескерсек, бүгінгі таңда коммуналдық жекеменшік құқығын мойындау туралы мәселе аса өзекті болып отыр. Ал әрі қарай – дамбалар мен бөгеттердің сызбасын бекіту, қар суын транзиттік режимде жіберуді қамтамасыз ету, гидротехникалық құрылғылардың нашар техникалық жағдайы және су шаруашылық нысандарын әрі қарайғы пайдалану мәселелері шешілер еді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 242-бабына сәйкес Ақтоғай ауданының әкімдігі 2017 жылдың 6 наурызында бұл нысандарды иесіз нысандар деп тауып, ауданның әділет органдарына есепке қойды. Ал 2018 жылдың 27 наурызында Ортадересін ауылдық округінің әкімдігі бұл су нысандары бойынша қажетті құжаттарды оларды иесіз деп тану үшін және оларға коммуналдық меншіктік құқықтарын беру үшін Балқаш қалалық сотына жіберген болатын. Дегенмен, Балқаш қалалық сотының шешімімен аталмыш іс әрі қарай қаралмастан, тоқтатылды (істі қарау бойынша 2018 жылдың 10 мамырындағы сот шешімі №3516-18-00-2/3225). Осылайша, бұл іс аяқсыз қалды.

Барлық мүдделі тараптар қоршаған ортаның компоненттерін пайдалану мен қорғаудың ережесін бекітуі тиіс және заңнамаларға сәйкес табиғат пайдаланушылардың іс-әрекеттерін реттеуі керек, биологиялық ресурстарды қайта жаңғырту бойынша іс-шараларды жүзеге асырулары қажет. Айналамызды қоршаған ортаның деградациясы адам баласына зиянын тигізіп, экономикалық дамуды тежей түсетіні анық. Ал Бектауата тау шатқалы экономикасының аграрлық секторын дамыту шарттары тікелей басым аумақтар қатарына жатады. Бұл – аймақты әлеуметтік-экономикалық дамытуды индикативті жоспарлаудың жетістікті жобаларының территориясы деп айтуға толық негіз бар. Сонымен қатар, бұл жерде өз істерін табысты өрістетіп отырған орта және шағын бизнестің өкілдері – Е.Әбілдинов, Б.Жаманбаев, Қ.Тілеубаев, Д.Ошақбаев, Е.Мұстахаев, Б.Сағынбеков және басқалар бар. Бектауаталық шаруалар келісім-шарт бойынша Балқаш қаласына ұдайы түрде қымыз бен айран, сүт, май, қаймақ пен ірімшік және ет сияқты экологиялық таза өнімдерді тапсырып келеді. Олар өздерінің шаруа қожалықтарын кеңейтуде. Мәселен, фермалар мен ат қоралар салып, асыл тұқымды мал сатып алып ауданның ауыл шаруашылығы саласын жандандыруда.

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында қоршаған ортаны қорғау және тиімді пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының басты мақсатын: «Айналадағы ортаның сапасын тұрақтандыру, адамның өмір сүруі үшін қолайлы ортаны қамтамасыз ету, болашақ ұрпақ үшін табиғи ресурстарды сақтап қалу» деп айқындайды. Бұл мақсаттар биліктің барлық заңды және орындаушы салаларын, бизнес құрылымдарын, азаматтық қауымдастықтарды, саяси партияларды, үкіметтік емес ұйымдарды және бұқаралық ақпарат құралдарын біріктіреді. Себебі бұл бізге ғана емес, болашақ ұрпағымыз үшін қажет.

Айман ТҮКБАЕВА,

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button