Роман Скляр аймақтың жылыту маусымына дайындығын тексерді
Қарағанды облысына жұмыс сапарында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қарағанды және Теміртау қаласындағы жылумен жабдықтау көздеріндегі жөндеу жұмысы барысымен танысты.
Қарағандыда жылыту маусымы басталғанда үшінші жылу шығарғыш іске қосылады. Ол, оңтүстік-шығыс ауданының жаңа ғимараттарын сапалы жылумен қамтамасыз етеді және қазіргі жүктемені азайтады. Ұзындығы 22 км құбыр ЖЭО-3-тен екі тармақпен төселеді. Отандық өндірістің алдын ала оқшауланған құбырлары қолданылады.
Бірінші вице-премьерге жұмыс кестесі мен барысы туралы ақпарат берілді. Мердігер 55 бірлік арнайы техника: тиегіштер, экскаваторлар, бульдозерлер, самосвалдар жұмылдырған. Төрт сорғы стансасы салынды, қазір қажетті жабдықтар орнатылуда.
Роман Скляр Теміртау қаласында «Qarmet» АҚ ЖЭО-2 жетінші қазандығының құрылысын және ҚарГРЭС-1 жөндеу науқанын көрді.
Бірінші вице-премьерге ЖЭО-2-дегі жетінші қазандықты жылыту маусымының басында тапсыру жоспарланғаны баяндалды. Оны іске қосу қосымша 80 Гкал жылу қуатын береді. Қазіргі уақытта нысанның дайындығы 70% құрайды.
Роман Скляр жетінші қазандықты мерзімінде тапсыруды, жұмысты күнделікті бақылауды жүзеге асыруды және проблема туындаған жағдайда дереу хабарлауды тапсырды.
«Құрылыс барысын тежейтін кез келген мәселелер туралы хабарлаңыздар. Біз дереу жауап қататын боламыз. Былтыр 180 мың тұрғын резервсіз жылыту маусымын қарсы алды. Жетінші қазандықты мерзімінде тапсыру — өте маңызды міндет», — деп атап өтті премьер-министрдің бірінші орынбасары.
ҚарГРЭС-1 қаланың ескі бөлігінің тұрғындарын жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Жабдықтың тозуына байланысты өткен қыста жылу беруде үзілістер болды. Екі қазандық пен бір турбогенераторды ағымдағы жөндеу, сондай-ақ бір қазандықты күрделі жөндеу жоспарланған. Кәсіпорын басшылығы жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатқанын, жылыту маусымында стансада екі қазандық пен екі турбина іске қосылатынын, үшінші қазандық резервте болатынын хабарлады.
Роман Скляр бәрін сапалы әрі уақытында жасау керек екенін атап өтті және жылыту маусымын бұзғаны үшін жауапкершілік барын ескертті.
Теміртау әкімі Ораз Тәуірбеков жаңа жылыту маусымына дайындық туралы баяндады. Қалада жылу магистральдарына реконструкция жасалуда. Биыл алғаш рет 30 км орамішілік желілер жөнделеді.
Бірінші вице-премьерге трамвай паркін қалпына келтіру туралы ақпарат берілді. Зауыт басқармасынан Республика даңғылына дейін жаңа трамвай жолдарын төсеу басталып кетті.
Электр бөлігі толығымен ауыстырылып, депо жөнделеді. Жаңа вагондар жеткізіледі деп күтіліп отыр. Биыл трамвай қатынасын іске қосу жоспарлануда. Теміртауда ТКШ, жол саласы және тұрғын үй құрылысында барлығы 90-ға жуық инфрақұрылым жобасы іске асырылуда.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.