«Өрнек НС» өнімі өңірлерде
Жол тәртібі «Солға бұрыл, оңға қарай жүр, тоқта, абайла, балалар, бұрылыс!» және де басқа ескерту белгілерге бағынады. Ал, оны Қарағанды облысында «Өрнек НС» өндірістік компаниясы жасап шығаратынын біреу білер, біреу білмес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында: «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет» деген болатын. Жоғарыда айтылған компанияда «Қарағандыда жасалған» өнімдерімен отандық нарықта өз орнын тауып осы үдеден шығуда.
– Біздің компания 2009 жылы құрылды. Міне, 14 жыл нарықтамыз. Қарағанды облысы ғана емес, еліміздің басқа облыстарына да жол белгілерін жасап, жеткізіп береміз. Көбінесе біз сұранысты тапсырыс аясында қанағаттандырамыз. Темірді еліміздегі алпауыт «АрселорМиттал Теміртау» компаниясынан аламыз. Ал қаңылтырды «МеталлСбыттан», белгі бетіне жабыстыратын жарық шағылыстыратын таспаны біз Германиядан жеткіземіз, – дейді кәсіпорынның бас маманы Жансая Бекенқызы.
Құрылған уақыттан бері тапсырыс берушінің талаптарын орындап келе жатқан компанияның арнайы цехында екі адам жұмыс істейді. Бірі – инженер болса, екіншісі – арнайы қаңылтырды шабушы. Сонымен қатар, бұл мамандар дәнекерлеу, темір кесу секілді жұмыстарды қоса істейді.
Аппликацияда екі қыз бар. Олар да – осы кәсіпорында істегендеріне он жылдан асқан тәжірибелі мамандар. Ұжым ұзақ жыл бірге болғандықтан да ұйымшыл.
– Қарағанды облысы ғана емес Түркістан облысы тапсырысын орындадық. Қордай жақтағы автобанда да біздің алыстан көрінетін жол белгілеріміз менмұндалайды. Қазақстанның түпкір-түпкірінен тапсырыс түсіп жатады.
Сондай-ақ, жол жөндеумен әрі оның құрылысымен айналысатын корей фирмасымен, Балқаш-Қарағанды тасжолындағы мердігерлер қытайлық «CITIC Construction Co., LTD» ұйымымен бес жыл бойы және түріктердің «SINE MIDAS STROY» мекемесімен тығыз байланыстамыз. Он жылдан астам уақыт ішінде Қарағанды облысы аумағындағы барлық қала, аудандарына өнімдерімізді жібердік.
– «Өрнек НС» өндірістік компаниясы тек өнім шығарып қана қоймайды, оны орнатады да. Облыстан сыртқары да шығамыз дедім ғой, ең ұзақ істегеніміз Қордай ауданы мен Түркістан облысына дайындаған тапсырыс болды. Өйткені, оларға жеткізу бар, әрі тапсырыс көлемі де мол болған еді. Негізінде, бәсекелестер әзірге жоқ. Бірақ, олар болған күннің өзінде біз өзімізге сенімдіміз. Өйткені, тапсырысты дер уақытында орындаймыз, сапалы әрі төзімді металдарды пайдаланамыз, – дейді Жансая.
Компания арнайы бекітілген мемлекеттік стандарт бойынша жұмыс істейді, сертификаты да бар.
Жансая сөз арасында негізінен тапсырыс желтоқсан айына дейін болатынын, келесі жылы сәуір айынан бастап, қарбалас тірлікке көшетінін айтып қалды.
Бүгінде «Өрнек НС» Қарағанды қаласының ішінде жол белгілерін қойып жатыр.
– Өзіміз тендерге қатысып, ұтып алып орналастырамыз. Сонымен қатар, тапсырыс берушілердің де өтінішін аяқсыз қалдырмауға тырысамыз. Үлгермей қалып, ұятқа қалған күніміз болған емес, – дейді ол.
Тек жол бойындағы белгілерді ғана жасайды деп ойласаңыз, қателесесіз. Бұл компания өзен, көл жағалауларындағы ескерту тақталарды, теміржолдағы арнайы белгілерді де дайындап береді. Ал, «Қазақмыс» компаниясы қауіпсіздік ережелері жазылған тақталарын жасатқан.
Айлықтары да тұрақты, жұмыстан кейін қалып немесе демалыс күндері шақырылып еңбек етсе, қосымша ақы төленеді.
Сөзге қосылған, осы компанияның ардагері болып отырған Сырым Ибадилдин:
– Компания құрылғалы, яғни, 2009 жылдан бастап осында темір кесуші болып жұмыс істеймін. Станоктарды осында алып келуге де атсалыстым. Мына тұрған гельятинамен темір шабамыз, ал екіншісімен дөңгелек белгілерді жасаймыз. Арнайы станоктың бәрі бар. Тапсырысқа байланысты күніне екі жүз белгіге дейін дайындаймыз, – дейді.
Сырымның шәкірті, бүгінде осы іске білек сыбана араласқан Бақтияр Сұлтанбеков болса: «Сырым ағамнан үйренерім әлі көп. Бұл кісі мұндағы станоктарды сонау 2009 жылдары Челябинскіден әкеліп, орнатып, іске қосты. Бүгінде білгенін, түйгенін бізге үйретуде. Қазір мен де төселіп алдым. Әрі дәнекерлеушімін», – дейді.
Алда қыс, ол уақытта жолдағылардың жұмысы тынышталса да, бұл жерде еңбек көрігі басылмайды. Өйткені, оларды келесі жылғы тапсырыстар күтіп тұр.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ