Жаңалықтар

«Құрметті» болудың құны қанша?

«Марапатын сұрап алған қайраткер, медальдарын сатып алған кіл мықты…». Ақын Ақжол Түменбайдың осы бір өлең жолдары бүгінгі қоғамдағы көріністі тамыршыдай дөп басатындай. Қай салаға көз жүгіртсең де, төсінде жарқыраған белгісі бар адамды кездестіріп қаласың. Бұл шынайы еңбектің жемісі ме, әлде атаққа деген сұраныстан ба? Әйтеуір, марапат атаулының көбейгені анық. Әсіресе, жыл соңына қарай марапаттау науқаны үдей түсіп, даңқ пен даңғаза қатар жүреді…
Бұл туралы күні кеше ғана Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай өткір мәселе көтерді. Сонымен…

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Үрдіс пе, індет пе?

Бүгінде жылтылдаған марапаттар тек үлкен мінберлерден ғана емес, күнделікті тұрмыс аясында да көзге ұрып тұр. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң болды, біреу «Құрметті азамат» атаныпты, енді бірі «Жылдың үздігі» болыпты деген ақпардан көз сүрінеді. Мұның бәрі қоғамға тосын көрінуден қалып, қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандай. Тіпті, кей қоғамдық ұйымдардың марапаттау рәсімдері даңғарадай зәулім залдарда өтеді. Қызыл кілем төселіп, сән-салтанатпен табысталады. Жетістіктің аты дабыралап тұрса да, заты табыстап тұрған ұйымның атауы секілді көпшілікке онша таныс емес. Елде бұрын естілмеген қоғамдық бірлестік немесе жаңа құрылған құрылым болуы мүмкін.

Кейде тіпті, бір ұжымда бірнеше адам бір мезетте «үздік», «ең белсенді», атанып шыға келеді. Бір мектепте «Жыл мұғалімі» көбейіп кетсе, университеттерде – «Үздік студент» атағы жаппай тарайды. Сонда «үздік» деген өлшем қайда қалды? Егер бәрі үздік бола қалса, еліміз неге баяғыда қарыштап кетпейтін еді?

Жалған жарнамаға жауапкершілік бар

Бүгінде атақтың қалай «таратылатынын» білу үшін алысқа көз жүгіртудің қажеті жоқ. Әлеуметтік желідегі қызылды-жасылды хабарландыру жеткілікті. «Халықаралық марапат», «Құрметті төсбелгі» дегеннің жарнамасы көзге ұрып тұрады. Хабарламаның соңында байланыс нөмірі, ал, жеке сөйлесе келгенде шарттары да айтылады: салтанатты кеш, сертификат, төсбелгі, естелік сурет. Бағасы да жасырын емес. Біріне – 20 мың болса, енді біріне – 100 мың теңге. Қалтасы көтерсе, атақ дайын.

Ең қызығы, қоғам арасында осындай ұсыныстарды алғанын ашық айтатындар да бар. Бірі «ұжым үшін керек болды» дейді, енді бірі «жоғары жаққа есеп беру үшін» деп түсіндіреді. Ал, кейбірі мұны мансап жолындағы қалыпты қадам санайды.

Бұл мәселеге заңгерлердің де өз айтары бар. Құқық саласының маманы Кәмшат Мейірбекқызының айтуынша, соңғы кезде көбейіп кеткен «беделді», «халықаралық», «ресми» деп сипатталатын марапаттардың бәрі бірдей заң талаптарына сай келе бермейді.

– Егер қандай да бір ұйым өз марапатын шын мәнінде маңызды мәнге ие емес мәртебемен ұсынып, оны қоғамға «беделді» немесе «ресми» ретінде таныстырса, бұл – тұтынушыны жаңылыстырудың айқын белгісі. Қазақстан заңнамасы жарнама мен жария ақпараттың шынайы болуын талап етеді. Ал, жалған сипаттағы атақтар мен марапаттарды насихаттау «жалған жарнама» ретінде бағалануы мүмкін, – дейді заңгер.
Маманның айтуынша, мұндай жағдайда тек марапатты ұйымдастырып, таратушы ұйым ғана емес, белгілі бір шарттарда марапатты сатып алған адам да жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Егер бұл әрекет жүйелі түрде жүргізіліп, пайда табу мақсатын көздесе, айыппұл салу, тіпті, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. «Жалған беделді пайдалану арқылы ол да қоғамды адастыруға үлес қосады. Яғни, мәселе тек алып-сатар сатушыда ғана емес, сол жылтыр атаққа қызығып, сұраныс туғызып отырған ортада да бар», – дейді ол.

Осылайша атақтың айналасында қалыптасқан жасырын нарық біртіндеп ашық алаңға айналып келеді. Ал, бұл құбылыстың түбі қайда апаратыны беймәлім.

Көршінің баласы да алыпты…

Соңғы жылдар мұғдарында атақ пен марапат жайлы әңгіме тек мінбер мен әлеуметтік желіде емес, күнделікті тұрмыста да желдей есіп барады. Жақын-жуық, көрші-қолаңмен шүйіркелесе қалсаң, «пәленшенің баласы да алыпты» дейді. Енді бірі «көршінің қызы «Үздік студент» атаныпты» деп қосады. Сонда еріксіз абдырап, қоңылтақсып қалады екенсің: қашан алды, қайдан алды, қай еңбегімен алды?

Бұл жағдайға қоғам белсенділері де алаңдаулы. Олардың айтуынша, марапаттың шектен тыс таратылуы қоғамда нақты өлшем мен бағамды көмескілендіріп барады. Осы тақырып төңірегінде қоғам белсендісі Майра Төлеу­бекқызымен де пікір алмасып көрдік. Оның пікірінше, атақ пен марапаттың қадірі оны қалай болса солай, кім көрінгенге тарата бастаған сәттен-ақ түсе бастаған.

– Бұрнағы жылдары марапат сирек еді. Сондықтан, бағалы болатын. Қазір керісінше көп, әйт­кенмен салмағы жоқ. Адамдар атақты еңбегі үшін емес, өзіне «керек болғаны» үшін алатын деңгейге жетті. Бұл түйткіл әсіресе білім саласында қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны күмілжітеді. Мұғалімдердің мерей-мәртебесін жалған атақпен өлшеу – тәрбиенің түп-тамырына балта шабу дер едім. Егер бала білім алу үшін емес, төсбелгі үшін оқыса, ал, мұғалім шәкірт тәрбиелеу үшін емес, марапат жинау үшін жұмыс істесе, ертеңгі күннің бедері қалай болар екен? – дейді ол.

Атақтың да сұрауы бар

Шынтуайтында, шынайы марапат үнсіз келеді һәм шыңға шығарады. Ұларбек Нұрғалымұлы өз кітабында: «Атақ, абырой адамға өз аяғымен келсе көрік, ал, оны өзің іздесең, оған жетуің де, жетпеуің де мүмкін, бірақ адамшылығыңнан айрыласың» деп айтқандай, атаққұмарлық керісінше – дабыра мен даңғазаға жақын.

Қорыта айтқанда, марапаттың қадірі қашса, еңбектің бағасы да төмендейді. Бұл мәселе бір күнде заңмен де, ережемен де толық шешіле салмайды. Мұнда ең алдымен қоғамдық сана, ұят өлшемі, ар мен жауапкершілік таразыға түсуі керек. Хакім Абайша айтсақ, «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» деген ой бүгінгі күнге тура айтылғандай. Атақтың соңынан қуу арды алға шығармауы тиіс. Ал, алдамшы беделдің баянсыз екені кеше де, бүгін де дәлелденіп қойған.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button