Ресми

Құрметті Қарағанды облысының тұрғындары

Әрбір қазақстандық үшін ең айтулы мерекелердің бірі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні.

Осыдан тура 29 жыл бұрын, 1991 жылғы 16-желтоқсанда жаңа егемен республика дүниеге келген болатын. Салыстырмалы түрде қысқа тарихи кезең ішінде Қазақстан халқы демократиялық, құқықтық және экономикалық тәуелсіз мемлекетті құра алды.

Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктерін біз ең алдымен еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланыстырамыз. Оны Тәуелсіздіктің бас сәулетшісі деп атауға толық негіз бар.

Елбасының дана басшылығымен жаһандық қауіпсіздіктің стратегиялық бастамалары енгізіліп, ядролық қарусыз әлемді нығайтуға бағытталған шаралар қабылданды, этносаралық келісім мен бірліктің бірегей институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Халықаралық аренада аса маңызды мәлімдемелер мен декларациялар жасалды. Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК ұйымдарында төрағалық етті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуындағы Елбасының рөлі туралы айта келіп «Бұл Тәуелсіз елдің тарихын өз қолымен жасаған ұлы тұлға! Елбасының арқасында Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың толыққанды мүшесіне айналды. Дәл осы Назарбаев феномені арқасында біз қиын кезеңдерде халықтың бірлігі мен келісімін сақтап, Қазақстанның нарықтық экономикаға өтуін қамтамасыз етіп, жаһандық процестердің қатысушысына айналдық», – деп атап өтті.

Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер туралы айта отырып, Қазақстанның Тәуелсіздігінің қалыптасуы мен нығаюына еліміздің индустриялық орталығы, қасиетті Сарыарқаның төсінде орын тепкен Қарағанды облысының елеулі үлес қосқанын атап өту маңызды. Шахтерлер, металлургтер, диқандар мен ғалымдар, кәсіпкерлер, дәрігерлер мен мұғалімдер, мәдениет қайраткерлері мен спортшылар, құрылысшылар және экономиканың барлық салаларында адал еңбек етіп келе жатқан барлық азаматтар Тәуелсіздігіміздің нығаюына өз үлестерін қосты.

Облысымыздың барлық тұрғындарын осы тарихи мәні терең мерекемен шын жүректен құттықтаймыз. Баршаңызға зор денсаулық және тәуелсіз Қазақстанның игілігіне бағытталған еңбектеріңізге жеміс тілейміз. Еліміз нығайып, гүлдене берсін!

Ж.ҚАСЫМБЕК,

Қарағанды облысының әкімі.

С.ӨТЕШОВ,

облыстық мәслихаттың хатшысы.

Басқа материалдар

Back to top button