Жаңалықтар

Құрман ҚАЛЫМОВ: «Нәтижеге қол жеткізу үшін сапалы жұмыс қажет»

Мерзімінен бұрын өтетін Президент сайлауына аз уақыт қалды. Оның маңызы туралы айтылып жатыр. Иә, бұл – ел тарихындағы елеулі өзгеріс. Әділетті Қазақстан құрудағы негізгі әрі басты бағытты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында толық айтып берді. «Ел ертеңі – жастар». Мемлекет басшысы осы тұрғыда жастардың да мәселесін назардан тыс қалдырмады. Саяси науқан әрі жастар жайында Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының басшысы Құрман Қалымовпен сұхбаттасқан едік.

– Құрман Өмірбекұлы, Президент өкілеттігін 7 жылға ұзарту дұрыс шешім деп ойлайсыз ба? Бұл мерзімде Президент өз бағдарламаларын жүзеге асырып үлгере ме?

– Бір бағыт. Бір жоспар. Бір бағдарлама. Осы идеяларды іске асыру үшін осындай шешімге келген болар. Ал, енді бір жағынан сайлау – шығын. Расы керек, оны көзбен көріп жүрміз. Әрі талай уақытыңды алады. Соның бәрін алдын ала ойлап, осындай шешімге келген болар. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан енді асты. Біз – жас мемлекетпіз. Бізде бәрі бар. Қарыштап дамудың даңғыл жолына түсу қажет. Ал, ол үшін нақты жоспар мен нәтиже қажет. Сондықтан, жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін сапалы жұмыс қажет. 7 жылдың аралығында нәтижелі де сапалы жұмыс атқаруға болады.

– Сайлаудан не күтесіз?

– Сайлау десе ең бірінші елдің тыныштығын ойлаймын. Себебі, елде халықты арандататындар, теріс пікір жеткізетіндер әлі де бар. Әлеуметтік желіде түрлі пікір таратып, халықты көтереді. Сондайлардан аулақ болғанымыз жөн. Қандай дүние істесек те жақсылыққа жоримыз ғой. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында қай саланың болмасын мәселесін көтеріп, оны шешудің жолдарын ұсынды. Біз соған жұдырықтай жұмылып жұмыс жасауымыз қажет. Сонда біз күткен нәтиже болады.

– Мемлекет басшысы жастарға үміт артып отыр. Сіздіңше, Әділетті Қазақстанның жастары қандай болуы керек?

– Жалпы, біз «Жаңа Қазақстан құрамыз» деп жатырмыз ғой. Өз басым «жаңа» деген дүниелерге келісе бермеймін. Біз даму стратегиясын алға қойып, жоспар бойынша жұмыс жасауымыз қажет. Қағаз жүзінде емес, іс жүзінде іске асыруымыз керек. Мен осындай мемлекеттің болғанын қалаймын. Ал, ол үшін жастардың күші қажет. Тың идея мен бастама, күш-жігер мен ынта – жастарда. Сондықтан, Мемлекет басшысы жастарға сенім артып отыр. Халықтың сауатын жетілдіріп, білімін тереңдетіп оқыту қажет. Егер біз білім, мәдениет және спорт саласын алға қойсақ, даму дәуірінің жаңа кезеңіне тез көтерілген болар едік. Және де сонау жылдары дүркіреп тұрған талай кәсіпорындарымыз бар еді. Өкінішке қарай, қазір олар жоқ. Солардың ісін қайта жандандырсақ, ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосар еді.

– Жастардың сайлауға деген белсенділігі қандай?

– Меніңше, бәсеңдеу секілді. Олай дейтінім, мектепте, жоғары оқу орындарында берілетін білім патриоттық бағытқа негізделмеген. Егер біз патриоттық ұғымды дұрыс түсіндіре алмасақ, қиын болары хақ. Онда біреудің айтқанымен жүретін ұрпақ өседі. Сондай бір дүниені қаңтар оқиғасы кезінде көрдік. Ия, сол жердегілердің басым бөлігі – жастар. Ал, мұндай дүниелердің алдын алу үшін жастарды тәрбиелеу қажет. Жастарды тәрбиелеу үшін үлкен мәдениет қажет. Нақты стратегия құрып, соған жұмыс жасау керек.

– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button