Құрлық додасынан – қола жүлде
Шағын футболдан Босния астанасы Сараевода өткен «Еуро-2024» бәсекесінде қазақстандық құрама 24 команда арасында үздік үштіктің қатарынан орын алды. Бұл жеңістің басты кейіпкерлері – қарағандылық «Биосфера» ойыншылары. Төрткүл дүние көз тіккен ала доп аламанында бой көрсетіп, жеңіспен оралған жеңімпаз футболшылар және құрама басшылығы, жаттықтырушылары мен демеушілері облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
Қазақстан құрамасы топтық кезеңде бірінші орын алып, кейін словениялық және әзірбайжандық қарсыластарын жеңіп, финалға шықты. Ал, Румыниямен ақтық кездесуде біздің құрама қақпасына айып добы тебіліп, нәтижесінде қазақстандықтар жеңіліс тапты. Десек те, Еуропа чемпионатының қола медалі үшін ойналған матчта біздің команда Франциядан 7:2 есебімен басым түсіп III орынға табан тіреді.
– Қазақстан құрамасының көрсеткіштері айтарлықтай. Былтыр Біріккен Араб Әмірлігінде өткен Әлем чемпионатында II орын еншілегеніміз есте. Ал, биыл Еуропа чемпионатының қола жүлдесі бұйырды. Осы қарқыннан танбасақ, 2025 жылы өтетін жарыстарда аламан алдынан көрінетінімізге сенім мол, – дейді дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рустам Қожабеков.
Шағын футбол алаңының шаңын көтеріп, абырой асқақтатқан қарағандылық «Биосфера» ойыншыларының құрамында сан түрлі мамандық иелері топтасқан. Онда кенші, құрылысшы, кәсіпкер, дәрігер, ұстаздар бар. Мысалы Авель Таржанов Х.Мақажанов көпбейінді ауруханасында офтальмолог дәрігер қызметін атқарады. Өмір жолында мамандығы дәрігер болса да, қолы қалт етсе, футбол ойнағанды жаны сүйеді.
– Жарыс өте тартысты өтті. Ойынға барымызды сала алмадық. Уақыттың тапшы болғаны ойыншыларды абдыратып тастады. Әйтпесе, команда қарқыны басым еді. Алтын алмасақ та, қолаға қол жеткіздік. Жақсы ойын көрсеткен қарсыластарға алғыс шексіз. Бұл жарыста тек жеңу емес, тәжірибе алмасу да маңызды екенін ұмытпаған абзал, – дейді Авель Таржанов.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz