Руханият

Әркім – өз қиялының Пайғамбары

Отандық кино өндірісі күн санап дамып келеді. Соңғы бірнеше жылда 20- ға жуық тарихи туынды түсірілді. Жуырда қазақтың символист ақыны, Алаш арысы Мағжан Жұмабаев туралы «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» тарихи драмасы жарыққа шықты. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы түсірген 4 бөлімді телехикая күрескер ақынның өмірі мен шығармашылығының күрделі кезеңі жайында сыр шертеді.

Сурет: Фильмнен скриншот

Телехикаяда Мағжан ақынның 1915-1921 жылдар аралығындағы өмірі қамтылған. Орынборға келуі, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқып жүрген шағы, Сәкен Сейфуллинмен достығы, Қызылжар мұғалімдер курсының оқытушысы Гүлсім Камаловаға ғашық болуы көрерменді бейжай қалдырмасы анық. Ақынның Міржақып Дулатов пен Сәбит Мұқанов, Нығмет Нұрмақов пен Аққағаз Досжанова сынды замандастарын да көре аласыз.

Бұған дейін де Мағжан туралы деректі фильм және көркем фильмдер түсірілді. Ал, бұл телехикая солардың бәрін толықтырып тұрғандай. Әр туынды түсірілген сайын біз Мағжанды жаңа қырынан танимыз. Бұл жолғы Мағжан – алдыңғыларына қарағанда ержүректеу, ақындығы да қуатты әрі күрескер. Ғашық болуы мен серілігі, отбасына қамқорлығы, достыққа адалдығы, патриоттығы, білімділігі көзіндегі оттан аңғарылып тұрды. Тарихты қалай терең білетіндігін де аңғардық. Тарихты терең білмесе, Түркістанды, түркішілдікті көсіле жырлай алмас еді ғой. Мағжанның ролін сомдаған Мейірғат Амангелдиннің шеберлігі де сүйсіндірмей қоймады.

Тағы бір аңғарғанымыз, Мағжан және оның замандастарының мықты болуына діннен, шариғаттан хабарының болуы, негізінің мықтылығы да әсер еткен. Сонымен қатар, Уфа, Ташкент, Қазан, Омбы, Петербург, Мәскеу сынды ірі қалаларда білім алуы ғылым мен өнердің терең мұхитында еркін жүзіп, шалқар шабытының шарықтауына оң әсер еткен. Өйткені, ақын шығармашылығының дамуына елжер көру, тіл үйрену, саяхаттаудың әсері мол. Фильмде Омбыда шығып тұрған қазақтілді газетті Қызылжарға көшіріп алуы да – азаматтық тәуекелшілдік.

Мағжанның заманы мен қазіргі заманды салыстыруға келмейді. Қазір шетелде оқып келіп жатқандар баршылық. Бірақ, солардың бәрі Мағжандай елінің ертеңін егіле ойлап, табанды әрі адал еңбек етіп жүр ме? Дүниенің қай бұрышында жүрсе де, тар қапаста жатса да, азап шексе де, еліне, халқына деген адал махаббатынан айнымаған. Ұлы мұрат жолында басын бәйгеге тіккен. Ақынмын деп кеуде керген жоқ, оқулық та жазды, мұғалім де болды. Фильмнен осы қасиеттерінің бәрін көрмесек те, бірқатарын аңғардық. Алайда, біз оқыған Мағжанның Есенинмен кездескені, Мандельштаммен дос болғаны жайлы тың деректерді фильмнен көре алмадық. Мүмкін алдағы уақытта жалғасы түсірілсе, ескерілер.

Телехикаяның сценарийін Қанат Рамазан жазса, режиссері – Дархан Сәркенов. Продюсері – Назгүл Қарабалина. Ал, Гүлсім ролін – Ғазиза-Таңшолпан Тілеубай, Міржақып Дулатұлын – Қайрат Набиолла, Сәкен Сейфуллин бейнесін – Қуаныш Құдайберген, Сәбит Мұқановты Талғат Кеңес сомдаған.

– Мағжан жай ғана лирик ақын емес, ол – жастайынан ұлт болашағын ұран еткен Алаш қайраткері, ұлы суреткер. Шамамыз келгенше, тарихи туындыда Мағжанның ақындығымен қатар, қайраткерлігі, ұстаздық жолын суреттеп, көрерменге жеткізуге тырыстық. Телехикаяның түсірілім жұмыстары Петропавл қаласында өтті, – депті сценарий авторы Қанат Рамазан бір сұхбатында.

Мағжанның көзіндегі мұңнан қазақтың сол кездегі тұншығып жатқан, еркіндікті аңсаған үнін естігендей болдық. Отанға деген перзенттік махаббаты, күрескер рухы әр қазақтың баласына керек қасиеттер. Сондықтан да, телехикаяны көруге кеңес береміз.

Фильмде орыстың бір оқымыстысы «Өлеңдеріңізді оқыдық. Өзіңізді Пайғамбарға теңейсіз. Сіз, Пайғамбарсыз ба?» деп сұрайды. Сонда, Мағжан еш мүдірместен: «Әркім – өз қиялының Пайғамбары» деп жауап беріп, қасқая қарап отырады. Ұлттың асқақ рухының, ақынның ішкі еркіндігінің алдында дүниенің кілті санап жүрген кей ұғымдардың түкке тұрғысыз болып қалатыны несі екен, осы?..

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz 

Басқа материалдар

Back to top button