Жаңалықтар

“Өркенмен” өркені өскендер

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Тұңғыш Президент күні қарсаңында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін Балқаш қаласы әкімінің «Өркен» жастар сыйлығы биыл он үшінші мәрте ұйымдастырылды. Айтулы шараға белсенді жастардың құжаттары ұсынылған. Шаһардың дамуына үлес қосып, жастар саясатын жүзеге асырып жүрген жалынды жастарға қомақты сыйақы берілді. Олар 10 номинация бойынша үздік деп танылды.

Жастар арасындағы кәсіби және қоғамдық жұмыста өзін көрсете алған білімді, өнерлі, бәсекеге қабілетті және қызметтің басқа да салаларында үлкен жетістіктерге жеткен азаматтарды ынталандыру, оларды қолдау мақсатында өткізілген жиынға Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков қатысып, бағы мен бабы қатар шапқан, еңбегінің жемісін көріп жатқан жастарды жеңістерімен құттықтап, марапаттарын табыс етті.

– Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, халық сұранысын қанағаттандыру жолында жасампаз жобаларды іске асыруда қанша игі істер атқарылып жатыр. Бұл – балқаштықтардың ынтымағы мен бірлігінің, өлшеусіз еңбегінің арқасы. Қашанда тек алға ұмтылып, аянбай еңбек еткен азаматтар ғана зор жетістікке жетеді. Бағындырар биіктеріңіз көп болсын, – деді Ораз Тәуірбеков.

Жалпы байқауға 50-ге жуық жастар қатысып, бағын сынады. Жеңімпаздарды алдын ала арнайы құрылған комиссия анықтады. Нәтижесінде «Өркен» сыйлығының 10 номинациясы бойынша жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, «Жыл оқушысы» номинациясы – Айбол Фархатовқа, «Жыл студенті» номинациясы – Әділет Жасұланұлына, «Жас дарын» номинациясы – Нұрболат Ұзақбайға, «Жылдың жас жұмысшысы» номинациясы – Әлихан Ерланұлына, «Жас маман» номинациясы – Айгерім Ержанқызына, «Жыл спортшысы» номинациясы – Гүлназ Бақтиярқызына, «Жылдың жас мемлекеттік қызметшісі» номинациясы – Ұлпан Сапарғалиға, «Жас кәсіпкер» номинациясы – Әнел Төлеубаеваға, «Жыл патриоты» номинациясы – Еламан Жармағанбетке, «Жылдың жастар лидері» номинациясымен – Жансая Қанатбек және жеке кәсіпкер Андрей Сокульский тағайындаған «Жылдың жас белсендісі» номинациясымен – Әсет Башар марапатталды.

Сондай-ақ, жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға арналған қала әкімінің гранты Нұргүл Омарова, Мереке Сағымбековаға табысталды. Сонымен қоса Қарағанды облысы әкімінің 1 миллион теңге көлеміндегі грантына Жанна Рүстемқызы, Арман Мақсұтов, Балабек Мұсаханұлы, Жансая Жасұланқызы ие болды.

Игі шарада қайырымды істердің бастамашысы болып жүрген «Рио Тинто Эксплорейшн» компаниясына және белгілі меценат Андрей Сокульскийге «Жомарт жүрек» номинациясы табысталды.

– Өнер саласындағы еңбегіміз бағаланып, қала әкімінің «Өркен» сыйлығына ие болдым. Бұл ең алдымен ата-анамның, одан кейін ұжымдастардың қолдауының арқасы. Бүгін марапат төрінен көрінген барша жастарды шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта да Балқаш қаласының өнерінің дамуы жолында аянбай еңбек етіп, бұдан да биік белестерді бағындыруға күш саламын, – деді марапат иесі Нұрболат Ұзақбай.

Шара соңы Балқаш қалалық мәдени-сауық орталығы әншілерінің мерекелік концертіне ұласып, әннен шашу шашылды.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button