Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған биылғы дәстүрлі Жолдауын барша жұртпен бірге тыңдап, елдің келешектегі дамуын, жан-жақты айқындаған құжат екеніне көзіміз жетті. Жолдау – өркениетке өрлеу жолы екені санамызға құйылды.

«Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса дағы, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық» дей келе, «Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет» деп қадап айтты. Саладағы өзекті мәселелердің шешімін табуы мемлекет азаматтарының өмір сүру сапасына ғана емес, сонымен қатар, халықтың азықтүлік қауіпсіздігіне де зор ықпал етеді. Кейінгі 2023-2025 жылдары облысымызда инвестициялық тың жобалар іске асуда. Ауылдағы шаруашылықтар ақылды технологияға жүгіне бастады. Ауданның ауыл шаруашылығы саласына салатын инвестиция көздері жылдан-жылға өсіп келеді. Былтыр ауыл шаруашылығына 2,7 млрд теңге инвестиция салынды. Биыл бұл көрсеткіш 9,0 млрд теңгеге көтеріледі. Бүгінгі күнде 3,7 млрд теңге игерілді. Оған Красная Поляна, Ақой округтеріндегі «Шерубай-Су» ЖШС және «Ордабасы» ЖШС және басқа округтердегі шаруалар су қондырғылары мен асыл тұқымды мал сатып алды. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша «Сарыарқа» ӘКК арқылы 2,5 пайызбен 15 шаруа нысанына 147,7 млн теңге несие беріліп, оған ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектері, асыл тұқымды мал алынды.
Ауданның ауыл шаруашылығының негізін ұсақ шаруа қожалықтары құрайды. Олардың қолындағы техника ескірген, тозығы жеткен, көбісі 20 жылдан аса пайдалануда. Шаруашылықтарды жаңа технологияға енгізіп, еңбек өнімділігін арттыру және өндіріске білікті мамандарды тарту мәселесі де жүйелі.
Президент: «Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек» деп, бұл маңызды мәселеге мән берді. Жерді игеру, ұтымсыз пайдаланып жатқан жерлерді қайтару, оларды айналымға қосу жайттары да кезең-кезеңмен шешімін табуда.
Мемлекет басшысының Жолдауының жүгі жеңіл емес. Оны орындауға әр қазақстандық, оның ішінде, жастар білімі мен біліктілігін аянбауы керек.
Боранбай ЖҰМКИН,
Шет ауданының Құрметті азаматы
Шет ауданы