Басты тақырыпРухани жаңғыру

Өркениетке бетбұрыс

   Әлихан Бөкейхан атындағы №76 орта мектепте қазақ тілінің латын әліпбиіне көшірілуін талқылау мақсатында дөңгелек үстел өтті.

Білім ошағының басшысы Абылай Жәлелов атап өткендей, тілдері ұқсас, діні бір, түп негізі ортақ түркі тектес елдер осы күнге дейін әртүрлі әліпбимен жазып келеді. Латын әліпбиін пайдаланатын түркі тілдес мемлекеттердің жазуы да бірізге түсірілмей келеді. Сондықтан, барлығына ортақ әліпби құрастырып (жазу) түркі мемлекеттерінің тарихи, рухани, мәдени байланыстарының нығаюына, ынтымақтастыққа бастайды. Сондай-ақ, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек» деген нақты тапсырмасын тілге тиек етті.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар латын графикасы туралы жалпылама пікірлерімен бөлісті.

Жалпы, дөңгелек үстелге «Болашақ» академиясы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Құрманғазы Сембиев, ардагер ұстаз, ардагерлер қоғамының төрағасы Ошақбай Суханберлин, «Өрлеу» БАҰО АҚ аға оқытушысы  Ғазиза Cмағұлова, Қарағанды облыстық сотының судьясы қоғам белсендісі Марат Азбанбаев, Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітап қорын сақтау бөлімінің басшысы Балжан Оспанқұлова қатысты. Қала мектептерінің ұстаздары мен Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектептің 10-11-сынып оқушылары жиында болды. Көпшілік латын графикасы туралы қоғамда орын алған жалпылама пікірлермен бөлісті. Латын қарпіне қатысты заң қызметкерлерінің ойын облыстық соттың судьясы Марат Ақторғайұлы жеткізді. «Қазақ тілін латын әрпіне көшіру – бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам деді.

Ал, латын әліпбиінің тіл тарихындағы көрінісі, жалпы қазақ тіліне латын әліпбиінің қалай енгізілгені жайлы «Болашақ» академиясы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Құрманғазы Зәкірұлы баяндама жасады. Өз сөзінде «латын алфавитіне көшу жөніндегі ойлар мен пікірлер сан алуан. Десек те, қазіргі күні мемлекетіміздің өркениетті жолға бет бұруының бір жолы жаңа әліпбиге көшу болып отыр. Бұл мәселе, тек, филолог мамандар мен белгілі бір лингвистикалық топтардың арасында ғана талқылау нысанына айналмауы тиіс. Талқылау жұмыстарына көпшілік араласқаны дұрыс» деп атап өтті. Келген қонақтар латын әліпбиінің жастар және ардагерлер тарапынан қолдау табуы, ұстаздар қауымының көзқарасы жайлы ойларын ортаға салды.

Латын әліпбиімен жазылған кітаптар және оған оқырманның көзқарасы жайында Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітап қорын сақтау бөлімінің басшысы  Балжан Зейнелқызы айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда әмбебап кітапханада латын қарпінде жазылған көне ХVІІІ-ХХ ғасырлар аралығында шыққан екі мың дана құнды кітап бар. Өкінішке орай, аталған топтамада латын әліпбиінде ХХІ ғасырдың басында шыққан кітаптар жоқ. Кейінде кітапханамызға «Батырлар жыры» кітабы келді. Онда қазақ әдебиетіне байланысты тың деректер көп. Толық нұсқасымен берілген. Сондай-ақ, ардагер ұстаз Ошақбай Суханберлин кітапхана қорына латын қарпінде  жарық көрген үш 1938-1939 жылғы шыққан кітаптарды сыйға тартты.

Мектеп оқушылары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін толыққанды қолдайтындықтарын айтты.

Аяулым СОВЕТ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button