Жылан жылы Қазақстан үшін қандай болды?
Тарих жылнамасының тағы бір парағын жапқалы тұрмыз. Ай аунап, жыл жылжыған сайын адамзат қауымдастығының талабы артып, жаңа дәуірдің жанталасы күшейіп келе жатқаны да – заңдылық. Сондықтан да, тарих табалдырығын аттағалы тұрған Жаңа жылды тек шамдары жарқырап, отшашуы алаулаған шырша тойы деп қана емес, еңселі істердің есебін шығарып, жауапкершілік салмағын бағамдайтын жауапты сәт деп бағамдағанымыз абзал болар…

Сонымен, жылан жылы Қазақстан үшін қандай жыл болды?
Ең бастысы, елімізде соңғы жылдары жүргізілген саяси-экономикалық реформалар арқылы қазақстандық жүйе науқаншылдықтан нақты нәтижеге бетбұрыс жасап, кемелдену дәуіріне қадам басты. Үшінші мыңжылдықтың алғашқы ширегін түйіндегелі тұрған жылан жылы жаһандық сын-қатерлер мен алты құрлықты алаңдатқан ахуалға жауап бере алатындай жарқын қадамдарға толы жыл болғанын ауыз толтырып айта аламыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ББҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясында сөйлеген сөзі Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы беделін айтарлықтай арттырған оқиға болғанын неге айтпасқа?! Әлем елдерінде қалыптасып отырған ахуалға алаңдаушылық білдірген Қазақстан Президенті «қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру халықаралық қоғамдастық үшін ең басты басымдық болу» керектігін тілге тиек етті. Мәселен, 2024 жылы дүние жүзінде әскерді жарақтандырып, соғыс техникаларын өндіруге 2,7 триллион АҚШ доллары жұмсалып, жаһандағы зорлық-зомбылық шығыны 20 триллион долларға жеткен. Бұл – жай ғана дақпырт емес, әлемдік дағдарысқа жол ашқалы тұрған жаһандық қатер. Міне, осы келеңсіздікке қатысты кемел ой, парасатты пайымдарын ортаға салған Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі жағдайдағы Қазақстанның ұстанымын да жария етті.
…Өркениет өріндегі өрелі жылдың өрісті қадамына айналған игіліктің бірі – жасанды интеллекті мен цифрлық трансформацияның бастау алуы. Жасанды зерде ұғымы – уақыт безбені бедерлегендей, «дайын асқа – тік қасық» емес, мемлекет қауіпсіздігінің басты кепілі.
Ел Президентінің АҚШ, Қытай секілді алпауыт елдердің және көптеген көршілес мемлекеттердің басшыларымен өткізген кездесулері Қазақстанның экономикалық тынысын еселеп, қауіпсіздігімізді нығайтқанын да ерекше атап өтуге тиіспіз. Осы тарихи кездесулер барысында Қазақстанның ымырашыл ұстанымы мен бітімгерлік миссиясына да тың баға беріліп, жаңаша көзқарас қалыптасуы елдегі тұрақтылықты тұғырландырған құбылыс болды.
Сондай-ақ, Президент Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланып, нәтижелі түйінделгелі тұрған жылан жылы еңбек майданындағы қарапайым жұмысшының маңдайынан сорғалаған ащы тердің кермек дәмін тұтас қоғамға сезіндірді. Өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы майталмандарының ерен еңбегі лайықты бағасын алып, абырой төрінен көрінгені жемісті жылдың келісті келбетін ажарландырғаны анық. Әйтпесе, аула сыпырушының омырауына қашан медаль тағып едік?
Экономика еңселенді, өндіріс өркендеді, құрылыс қарқын алды. Білім беру, денсаулық сақтау салалары бірегей мүмкіндіктерге қол жеткізіп, әлеуметтік жүйенің әлеуеті артты. Даму үдерісіндегі көшелі көрсеткіштерде қазыналы Қарағанды өңірінің де айшықты қолтаңбасы бар. Егіс алқабында миллион тонналық межені бағындырған Қарағанды экономикасының барлық саласындағы баянды бастама мен іргелі жобалар нәтижелі табысқа қол жеткізді. Өңір өндірісі мен елдің рухани өміріне серпіліс әкелген ұлы Абайдың 180, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жасампаз Жеңістің 80 жылдық, басқа да қажырлы қайраткерлердің мерейтойы мерекеленген мерейлі жылдың межесі жайлы әріптестерімнің шолуынан оқи жатарсыздар…
Ал, қазыналы өлке жылнамасындағы 94-ші жылын түйіндеп, өз оқырмандарымен 23 614-ші рет қауышып отырған «Ortalyq Qazaqstan» газеті уақыт керуенінде Қазақстанмен қатар қанаттанып, Қарағандымен бірге тыныстап келеді. Өзінің бай дәстүр, «батыл мінезінен», берік ұстаным, маңғаз мақсатынан бір сәтке де ажырап көрмеген «Орталықтың» жіті назар, қырағы жанарынан қалыс қалған бірде-бір оқиға жоқ. Бағанадан баяндап отырған жасампаз іс, жарқын іздің барлығы біздің «Орталықтың» әр санында айқын бедерленіп, қоғамдық пікірге қозғау болды. Қашанда мемлекеттік саясатқа ақпараттық қолдау көрсетіп, оқырман жүрегіне ордалы ой ұялатқан Арқаның абыз басылымы жаңа дәуірге жарқын қадам басып барады.
Тұлпар жылы да тұғырда болайық!
Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»



