Балқаш қаласында түрлі салада жетістікке жеткен жастарға қала әкімінің «Өркен» сыйлығы табысталды. Басым бөлігі оқуда, спортта, қоғамдық және кәсіптік қызметте озық ойымен көзге түскендер. Үздіктер анықталатын байқауда 14-35 жас аралығындағы белсенді және талантты жас балқаштықтар бақ сынады.
Атап айтсақ, марапаттау «Үздік жас маман», «Үздік жас жұмыскер», «Жыл оқушысы», «Жыл студенті», «Жас патриот», «Жас мемлекеттік қызметші», «Жас дарын», «Жас спортшы», «Жас кәсіпкер» сынды бірнеше аталым бойынша өтті.
Бас жүлде – «Жылдың жас көшбасшысы» сыйлығы. Бұл жүлде «Қазақмыс» ЖШС политехникалық колледжінің студенті Ілияс Маррупқа белсенді азаматтық ұстанымы және жастар бастамаларын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін берілді.
Қала әкімі Сапар Сатаев лауреаттарды құттықтай отырып, олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын, кәсіби дамуын және бар білімі мен қарым-қабілетін қала игілігі үшін жұмсап келе жатқанын атап өтті.
«Үздік жас маман» номинациясында Балқаш қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің компьютерлік техника операторы Андрей Наточев жеңімпаз атанды. Ол өз жұмысы барысында ақпараттық технологиялармен байланысты стандартты емес міндеттерді де сәтті шешеді және әлеуметтік жобаларға белсенді қатысып келеді.
– Оқуымды аяқтаған соң мамандығым бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмысқа тұрдым. Жұмысым – өте қызықты және көпқырлы. Бірнеше жыл қатарынан мен ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған Жаңа жыл кешінде Аяз ата болдым. 2016 жылы мен әзірлеген «Еңбек Жолы» іс-шарасының логотипі әлі күнге қолданылып келеді. Сонымен қатар, Балқаш қаласының 80 жылдық мерейтойына орай логотип жасап, байқауға қатысып, екінші орын алдым. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының белсенді қатысушысымын. Аталған сыйлық 11 жыл бойы атқарған адал еңбегімнің жемісі деп ойлаймын, – дейді Андрей Наточев.
Ал, Мағди Дүйсетай қазақша күрестен жаттықтырушы болып жемісті жұмыс істейді. Ол «Жас спортшы» номинациясында үздік атанды. Мағди 16 жылдан бері осы спорт түрімен айналысып, халықаралық турнирлердің жүлдегері, Қазақстан чемпионы және 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел чемпионатының екі дүркін жүлдегері атанған.
– Үш жылдан бері жаттықтырушымын. Қазір қарамағымда 7 жастан 18 жасқа дейінгі жас аралығында 70 бала айналысады. Сабақтар тегін, Оқушылар сарайында өтеді. Өз тәжірибем мен білімімді жас ұрпақтың бойына сіңіріп, оқушыларымның жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін көру – мен үшін үлкен қуаныш. Ұлттық спортымыз дамып, оны әлем танығанын қалаймын. Мен бүгін «Өркен» сыйлығының иегері атандым. Бұл – менің жұмысымның маңызды және қажет екенінің мойындалғаны, – дейді Мағди Дүйсетай.
«Өркен» сыйлығы осымен 15-ші рет табысталып отыр.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz