Өрісі кең өнерлі отбасы
Шахтинск қаласының тұрғындары ерлі-зайыпты Қайрат Садуов пен Мейрамгүл Күзембаева – үш бала тәрбиелеп отырған өнерлі отбасы. Бүгінде олар отбасылық ансамбль құрып, ұлттық өнердің дамуына айтарлықтай үлес қосып жүр.
Жуырда Алматы қаласында КТК телеарнасының «Кел, шырқайық!» бағдарламасында «Шіркін-ай» отбасылық ансамблі үздік өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды. Ансамбльдің атауын атақты ақын, сазгер, әнші Мәди Бәпиұлының «Шіркін-ай» өлеңінің тақырыбымен арнайы қойған.
«Кел, шырқайық!» бағдарламасының ерекшелігі – байқауға әртүрлі саладан жиналған қарапайым адамдар қатысады. Бағасын студияда отырған қарапайым халық береді. Студиядағы дауыс берер көрермендерден бөлек, танымал өнер адамдарынан құралған қазылар алқасы да бар.
Қайрат Садуов – Шахтинск қаласындағы кеншілер мәдениет сарайында домбыра үйірмесінің жетекшісі болса, жұбайы Мейрамгүл Күзембаева – Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі. Сонымен қатар, ансамбльде балалары Садуова Ақерке мен Ақбөпе, Саду Ақтілек және жиендері Ардыгер Ерәлі мен Төрәлі бар.
– Біздің отбасылық ансамбль 2023 жылы құрылды. Ансамбльді құруға Шахтинск қаласысының Кеншілер Мәдениет сарайының директоры Людмила Козлованың «Өнерлі отбасысыңдар ғой. Неге ансамбль құрмайсыңдар?» -деген сөзі сеп болды, – дейді Қайрат аға.
Аз ғана уақыт ішінде көптеген белестерді бағындырып, жетістіктерге жеткен ансамбль бірнеше республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz