Өріс кеңеюі қажет

Бүгінде ауылдағы ағайын ата кәсіпті дөңгелетуге мықтап ден қойды. Билік тарапынан да қолдау шаралары көптеп қолға алынуда. Дегенмен, жаны да, малы да көбейген өңірлерде жайылым әлеуметтік өзекті мәселеге айналып отыр.

Билік бұл проблеманың түйінін тарқату үшін нақты іске кірісті. Елді мекеннен 5 шақырым радиустегі жайылымды мұқтаждыққа сай қайтару Үкімет пен Бас прокуратураға жүктелді.

Мәліметтерге сүйенсек, Қарағанды облысы бойынша жайылымдық жердің жалпы көлемі – 35,3 миллион гектар. Оның 14,2 миллион гектары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берілген. Ал, 12,8 миллион гектар бос жатыр.

Жайылымдық жер тапшылығының түрлі себептері бар. Осы бағытта облыстық прокуратураның ұсынысына сәйкес, Ақтоғай ауданы әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылды. Бұ туралы Ақтоғай ауданының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қуаныш Изақов айтты.

– Негізгі талап бойынша әр ауылдың тұрғындар санына, мал басына қарай шабындығы және жайылым жерлері болуы керек. Егер, бұл талап сақталмаса, мал басын көбейту қиындайды. Кейбір адамдар жерлерін игермей, босқа ұстап отыр. Біз осы азаматтарға заң орындары арқылы шара қолданып жатырмыз. Жер Кодексінің 86-бабына сәйкес, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін қайтару, «Жайылымдар туралы» Заңның 15-бабының 1-тармағына сәйкес, ауыл халқының жайылымдық алқаптарға деген сұранысын қанағаттандыру қарастырылған. Ауыл маңындағы 5-6 шақырым жерді жайылымдық жерге айналдыру тетігі қолға алынуда. Ақтоғай ауданына қарасты 5,1 миллион гектардан астам жер бар. Бірақ, бос жерлер көбіне шалғайда болғандықтан бас тартып жатады, – дейді Қуаныш Изақов.

«Рахмет» шаруа қожалығының жетекшісі Ернар Сүйіндікұлы жер көлеміне қарай мал ұстап отырғанын айтады. Дегерес қойын өсіреді. Қой санын көбейту үшін қосымша жер қажет. Талап сондай. Кейінгі жылдары жайылымның тозып, шөп шығымы азайғанын тілге тиек етеді фермер.

Ақтоғай ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрланбек Жаңабергенов:

– Былтырдан бері 65,5 мың гектар жер қажеттілігіне қарай шаруашылықтарға берілді. Сонымен қатар, 23,1 мың гектар жер 60 шаруа қожалығына меморандум арқылы тапсырылды. Игерілмей жатқан жерлері бар шаруашылықтармен келісімшартты бұзып, мемлекеттік қорға қайтып алу жұмыстары жүзеге асырылуда. Жалпы, сұраныс жасап, шаруашылық ашқандардың 55 пайызын жермен қамтамасыз еттік. Бұл жұмыстар жалғасын табады, – дейді.

Мамандардың мәлімдеуінше, елді мекендердің маңайындағы жерлер мемлекеттің меншігіне алынып, жергілікті халықтың қажеттілігі үшін міндетті түрде беріледі. Тек, аталған аумақта жайылатын мал саны мемлекет белгілеген нормадан аспауы керек. Мал басы шекті нормадан асып кетсе, ауылдық округ аумағына тиесілі екінші деңгейлі жайылымға жіберіледі.

Құнанбай қажының «Адам өседі, мал өседі, жер өспейді» деген әйгілі сөзі осындайда еске түседі екен…

Нұрдос КӘРІМ

Ақтоғай ауданы