Әріптестік – әлеуетті
Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Қарағанды қаласындағы спорт нысандарын аралап, спорт базасын кешенді дамыту жұмыстары барысымен және жүзеге асырылатын жаңа жобалармен танысты.
Аймақ басшысы алдымен құрылысы аяқталуға жақын тұрған спорт кешеніне барды.
Жалпы алаңы 3163 шаршы метр екіқабатты нысанның құны – 297 млн. теңге. 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға әзір. Бұл жөнінде «Қарағанды облыстық әуесқой футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрам Серіков тарқата айтып берді.
– Жалпы, мемлекет пен жекеменшік әріптестікті дамыту кәсіпкерліктің өрлеуіне зор мүмкіндік берді. «Аманат арена» спорт кешенінің құрылысы 2017 жылы басталды. 9 ақпанда толықтай қолданысқа беруге дайынбыз. Бүгіннің өзінде қаладағы 53 футбол командасы кездесулер өткізіп, жаттығып жүр. Тұрақты түрде жаттығатын 70-тен аса бала бар. Бұл жер күніне 480 адамға дейін қабылдай алады. Кез келген қала тұрғыны спортпен шұғылдануға болады. Бір мезетте жарыстардың өтуі үшін салынған шағын футболдық екі залы бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта волейбол, баскетбол, үстел теннисі сынды залдарды және спорттық-сауықтыру орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бүгін 8 команда футбол ойнап, мықты команданы анықтауда. Спорт кешенін қолданысқа берер кезде де белгілі әуесқой футбол лигаларының кездесулерін өткіземіз, – деді ол.
Наталья Сухорукова,
Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Елбасы айтқандай, егер, жеке бизнесті осы жобаларға тиімді тарта білсек, берері көп болмақ. Сонда жұмыс сапасы мен өнімділігі артады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында кәсіпкер толық жауапкершілікті өз мойнына алады. Инвесторлар ондай жобаның тиімді жұмыс істеуіне барынша мүдделі болады. Және жаһандық дағдарыс жағдайында кәсіпкерлер нақты келісім-шарт аясында өз міндетін нақтылап, іс жүргізуге кіріседі. Бюджеттің шығыны төмендеп, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында облыста бірқатар жұмыстар алға басады.
Облыс басшысы Ерлан Қошанов спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен көңіл бөлетінін атап өтті. Зейнеткерлер мен жетім балалар және тұрмысы төмен отбасылардың балалары үшін жаттығуларға жеңілдіктің қарастырылуын ескертті. Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының бағыты бойынша жұмыла жұмыс атқарған жеке кәсіпкерлерге қолдау білдіретіндігін айтты.
Бұдан кейін аймақ басшысы «Еңбек» спорт кешеніне барды.
Бұл спорт нысаны 2004 жылы қазан айында пайдалануға берілген. Екі қабаттан тұратын «Еңбек» спорт клубының бірінші қабатында шағын футболға арналған 300 орындық спорт залы жабдықталған. Хореография залдары – 133,2 шаршы метр, ал жаттығу залы – 189,2 шаршы метр, күрес залы – 467 шаршы метр. Бұған қоса, ғимаратта жуынатын бөлме, киім ауыстыратын бөлме, дәрігер бөлмесі, қызметкерлер бөлмесі орналасқан. Ғимаратта бір күнде 350 адамның жаттығу мүмкіндігі бар. Бұл туралы аты әйгілі «Жас сұңқар» мектебін жандандырушы, жаттықтырушы Талғат Байшолақов тілге тиек етті. Бүгінде Қарағандының спортқұмар жеткіншектері спорт клубының «шаңын шығарып» спорттық жаттығулар өткізіп жатқандығын жеткізді.
Сондай-ақ, облыс әкімі жаттығу залын аралап, жаттықтырушылармен әңгімелесті. Үш жылдық бағдарламасы бойынша Пришахтинскінің 22-шағын ауданында салынатын жүзу бассейнінің және «Көгілдір тоғандар» шағын ауданында құрылысы басталатын футбол, жеңіл атлетика манежі және техникалық спорт түрлеріне машықтайтын мектеп жобасымен танысты. 21 ықшам ауданындағы салынатын жүзу бассейні мен қалада ашуға жоспарланған «Каратэ» аула клубтары жобаларының жұмысын зерделеді.
Жоба жетекшілерінің ойы бұқаралық спортты өрістете түсу, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін игі ықпалды болмақ дегенге тоғысып жатты.
Аймақ басшысы Майқұдықта, Пришахтинскіде және Сұрыптау станциясы үшін спортпен шұғылдануға мүмкіндігін туғызуға осындай спорт нысандарын көптеп салуға тапсырма берді. Спортты дамыту үшін спорттық нысандарды сапалы салып, мықты жаттықтырушыларды шоғырландыру керектігін айтты. Түрлі жарыстар өткізуге арналған, халықаралық стандарттарға сай салынған спорт нысандарының есігі қала тұрғындары үшін ашық болуы тиіс екендігін жеткізді.
Нұрдос КӘРІМ