Әріптесіміз – Бас редактор
Кеше облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Балқаш, Приозерск қалалары және Ақтоғай, Шет аудандары бойынша меншікті тілшісі Қуаныш АМАНҚҰЛОВ Балқаш қалалық «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалды.
Қуаныш Сағынтайұлы журналистік жолын «Балқаш өңірі» газетінде бастап, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде тілші, шолушы, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары болып абыройлы еңбек еткен. Кейіннен облыстың бас басылымының Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары және Жаңаарқа, Ұлытау аудандары бойынша меншікті тілшісі, биылғы жылдың басынан осы тағайындауға дейін Балқаш, Приозерск қалалары және Ақтоғай, Шет аудандары бойынша меншікті тілшісі қызметінде болды.
Арқаның қарашаңырақ басылымында мол тәжірибе жинақтаған қаламы жүйрік журналистің Балқаш өңірінің жылнамасын жазуға сүбелі үлес қосары күмәнсіз.
Әріптесімізге жаңа қызметінде сәттілік тіледік.
Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»