Бас тақырып

«Әріден қозғайық, әдептен озбайық»

Әлемде төрт жүзге жуық әдеп кодексі бар екен. Яғни, әр саланың қызметкерлері Құрандай көретін кодекстерін дүниеге әкелген. Ондағы ережелерді бұзу, я болмаса оған нұқсан келтіру жанын шығарар жауапкершілік жүктесе керек.

Бүгінгідей ақпараттың ағыл-тегіл заманда осындай этикаға журналистер сусап тұр. Жиі болмаса да, соңғы уақытта бұл мәселе биік мінберлерден ара-тұра айтылып қояды.

Ақпараттың легінде жаңалықтың қайсы ақ, қайсыбірі қара екенін ажырата алмай, бұқараның «бір ұрты май, бір ұрты қан» болатыны да бар. Cондықтан да, бұдан біраз бұрын «Қазақстан Медиа Альянсы» қоғамдық бірлестігі мен «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры журналистік этика, фактчекинг, кәсіби біліктілікті талқылағаны мәлім. Әсіресе, журналистер мен шенеу­ніктер арасындағы бірін-бірі «қуу» мәселесі этиканы ежіктеуді табандап талап етеді. Шенеуніктен сұрағына жауап алу үшін тілшінің тұра қуалауы, одан шенеуніктің сүріне-қабына алды-артына қарамастан оқтай атылып қашуы әдеп туралы ойландырмай қоймайды. Бұл арада екі жақ тараптың қызды-қыздымен әдептен «озып» кететіні тағы бар.

Беттен алып, шашқа жармасып жатқан тірлік журналистикаға жараспайды…

Сурет ratel.kz

«Шенеунікті қуалау» үрдісі, ақпараттық дағдарыс

Халықаралық деңгейде өткен осы бір жоғарыдағы алқалы басқосуда журналистік этика кодексі де назарға алынғаны белгілі. Сенсация қуалап жүріп, шектен шығып кететін жағдайлар көп. Бұл туралы Қайнар Олжай «Дәл журналистика саласын ғана мысалға алайын. Бұрынғы қалам иелерінде жауапкершілік бар еді. Қазір де жауапкершілік жоқ дей алмаймын. Алайда, бүгінгі жауапкершілік сені сотқа сүйрейді. Ал бұрынғы журналистердің әрқайсысы ішкі жауапкершілігін жақсы білетін», – дейді. Әдеп те жауапкершіліктен шығады. Осы арада «жауапкершілікті сезінбейміз бе?» деген сұрқай сауал сумаңдайды. Әдептен озсақ, яғни…

Республикадағы әріптестер «журналистер – зиялы қауым өкілі, қоғам айнасы» деседі. Яки, айна қисық болса, қоғам түзелмек емес. Бұл күнгі айна қандай?

– Екі тарап та кінәлі. Біз, медиа қауымдастығы, қазір бұл мәселені қалай шешу керектігін түсінуіміз керек. Журналистиканың негізгі мақсаты, өздеріңіз білетіндей, қоғамды ақпараттандыру, маңызды мәселелер бойынша пікірталастарға қатысу және қоғамнан билікке дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін ақпаратты жеткізу. Азаматтарға шаршаған шенеуніктер мен оларды қуалап жүрген журналистер туралы даулы оқиғалар қажет емес. Халыққа сапалы, сенімді ақпарат қажет, ал бұл ақпараттың қайнар көзі билік органдары, олар өз жұмысында ашықтықты ұстануы тиіс.

Біздің медиа салада көптеген ұйым бар. Бірақ, біріккен журналистік этика кодексі жоқ. Біз 2020 жылы этика кодексін дайындаған едік. Ендігі ретте оны жетілдіру қажет. Бүгінде жасанды интеллектіні жұмыс барысында пайдалануды этика стандартына сай жүргізу қажет. Медиа этика мәселесі билік деңгейінде көтеріле бермейді. Көбіне медиа қауымдастықтың ішінде ғана талқыланады. Мақсатымыз – осы тақырыпты ортаға салып, этика кодексін ұстануды насихаттау. Көп жағдайда ақиқатқа жанаспайтын ақпараттарды таратып, сенсацияны қуалау арқылы осы этика нормаларынан аттап жатамыз. Сол себепті мәселеге бей-жай қарамаған жөн. Себебі журналистер – қоғам айнасы, интелегенция өкілдері, – деген болатын «Қазақстан Медиа Альянсы» ҚБ атқарушы директоры Қанат Сахариянов (Nur.kz).

Бұл пікірді британдық сарапшы, Журналистік этика желісінің (Ethical Journalism Network) президенті Айдан Уайт та қуаттайды. Ол да бұқаралық ақпарат құралдары – тәуелсіз форматта жұмыс істей отырып, этикалық нормаларды сақтауы керек деген пікірді ұстанады.

«Адамдар естігендеріне мүлдем сенбейді. Олар теледидар жаңалықтарына сенімсіздікпен қарайды. Жалпы, біз ақпараттық білім дағдарысы туралы айтып отырмыз. Әр адам ақпаратты қабылдаған сайын, ол шатасып, естігендеріне күмәндана бастайды. Бұл насихат емес пе? Әлде біреудің алдын ала пікірлері ме, немесе адам қандай да бір қорлау манипуляцияларының объектісіне айналды ма деген ойға келеді», – депті ол.

Неғұрлым бетпақ болсаңыз, соғұрлым қоғамға сүйкімдісіз

Төртінші билікпіз деп, кеуде соққан – өз алдына. Жеке бастың, ар-ожданның сақталуын жадыда ұстау – парыз. Қандай жағдайда да адам адамдықтан алыстамауы шарт. Адам сол үшін адам. Өзге кеудесінде жаны барлардан сонысымен артық.

Негізі, «Fourth Estate» – ағылшын сөзі. Тура мағынасы – төртінші тап, төртінші билік. Бұл – БАҚ-қа батыс елінің берген эпитеті. Алғаш осы терминді қолданысқа енгізген көрнекті британдық жазушы, публицист, журналист, аудармашы Томас Карлейль дейді ақылды ашық ресурс. Бізде кеңес үкіметі құлаған соң ғана қолданыла бастады. Өйткені оған дейін кеңес өкіметі билікті бөлген емес. БАҚ-ты төртінші билік деп әспеттемек түгілі. Тәуелсіздікпен бірге келген отандық БАҚ-тың бұл эпитеті қазір Құдайдың құтты күні тілге тиек.

Абсолютті тәуелсіздік болмайтыны секілді цензура абсолютті жоқ деуге тағы келмейді. Бірақ, бұл қылша мойынды талша қылар, төбеден мылтықпен төніп тұрған цензура бар дегендік те емес. Әркімнің өзінің ішкі цензурасы болуы тиіс. Мына әлемде әр ненің өз өлшемі барлығы секілді БАҚ-тың да өзіндік шек-шекарасы бар. Әйткенмен, қазір демократия дегенді «тіл мен жақ өзімдікі, не десем де хақым бар» деумен шатастырып алғандар сұмдық көп. Оның арасынан әріптестеріміз де кездесіп қалады. Айтып-айтпай не керек, «бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-­ жан» (Абай) деген басымыздан өтіп тұрады. Этикет, әдеп мәселесі – қазіргі қоғамда қолыңа шам алып іздейтін құндылыққа айналған. Бұ­ған тілші қауымы да ұшырап қалып жатады.

Шыны керек, бүгінгі біздің журналистика – әріптес­тер кешірсін, бетпақ журналистика. Орыстар «стерва» дейді мұны. Қазақ «бетпақ» дейді. Қазақ мұны ертеректе әйелге қатысты айтатын. Қазіргі күні бұл сөз жыныс талғамайтын боп алған. Өйткені әйелдер қауымы ерлерден шалбарды алған күні оларға бетпақтықты айырбасқа салып жіберген секілді.

Сонымен осы күні жас-кәрі, ер-әйел, бәрібір, қолында камера, микрофоны, смартфоны бар тілші атаулы  беттен алып, шаужайына жармасып жатады. Әсіресе, биліктегілерді көргенде қызылды көрген өгіздей есіріп кететін «дерт» шыққан. Тілші солай екен деп, ауыздарын бақпай қалатындар да жоқ емес. Әлеуметтік желіде мәдениеттен мақұрым, бейәдеп сөздерді топырлата төге салу – осы күні ешкімге таңсық емес. Себебі, неғұрлым бетпақ болсаңыз, соғұрлым қоғамға сүйкімдісіз.

Мұны соры қалың сормаңдай билік те мойындап қойған. Мойындағаны сол, басынан төмен қарай жуынды құйып, жиіркеншті қылғанға атақ, даңқ беріп адаса бастады. Содан соң демократия деген осы екен дегендер қазір аузындағы сөзіне қарауыл қоюдан қалды. Сосын кімге өкпелейміз? Тілшіге ме, шенеунікке ме? Әдепті кімнен сұраған абзал?

Шенділер де шектен шықпауы тиіс

Не десек те, журналисті «ашындыратын» әрекеттер де шенеуніктер тарапынан тыйылуы тиіс. Бір ақпарат сұралса, жауапты апталап күтетін жағдай өте көп. Биліктегілердің БАҚ өкіліне бірден тікелей жауап беру мүмкіндігі осы жоғарыда айтып отырған журналистік этика кодексінде көрсетілуі қажет. Бұл арада тек тілші қауымын айыпты ету жарамас. Әдептен аттауға итермелейтін шенділердің бары да ескерілуі керек. Десек те, этика мәселесі әлі де өзекті.

– Мемлекеттік қызметте жүргеннен соң олар әр сұраққа дайын болғаны жөн. Қазір ойланып, толғанып жауап беруді уақыт көтермейді. Тілшілер сол қызметі төңірегіндегі белгілі бір мәселеге қатысты сауал қояды. Оның мақсаты ақпаратты жедел тарату. Бұл арада шенеуніктердің де этиканы сақтауы талап етіледі, – дейді журналист Ақмарал Баязитова.

Түйін

Әдеп жайы – әманда нәзік тақырып. Әдептің ауқымы кең. Оның арғы жағында қазақ жанының садақасына байлаған ар мен ұят бар. Қақпағы жоқ қазан секілді қоғамда кейде осы ар мен ұят туралы айтудың өзі бір түрлі секілді. Дегенмен де, айттық…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button