Өрге жүзген өнерпаздар
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Екі жұлдыз» эстрадалық-вокалдық конкурсы академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде өтті. Байқауды қала әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ және «Жастар одағы» ҚБ ұйымдастырды.
Өнерлі жастарды жиған сайыста көркем шығармашылар жанрына, эстрадалық музыкаға көңіл бөлу және вокал орындаушыларының музыкалық талантын ашу көзделген. Осы ретте конкурсқа қатысушы жұптардың құрамы жоғары оқу орындарының студенттерінен және кәсіби вокалистерден құралды. Тәуелсіз ел жастарының өнердегі репертуарына жаңалық енгізу, шығармашылық өсуіне ықпал ету, ойлау қабілетін арттыру көзделді.
Жастар ісі жөніндегі комитет және вокалдық үйірмелердің, жоғары оқу орындарының ұйымдастыру комитеттері конкурсқа ЖОО студенттері арасынан өнерлі жастарды таңдады. Олардың қатарында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен Аян Жорабек, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінен Айғаным Қуатбекқызы, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінен Жәнібек Битенов, Қарағанды экономикалық университенінен Диас Бөген, «Болашақ» академиясынан Канат Көшкімбай бар.
Сондай-ақ, конкурстың ұйымдастыру комитеті «Екі жұлдыз» сайысына қатысушылар үшін бірлесіп өнер көрсететін жұпты кәсіби вокалистерден таңдады. Олардың қатарында әнші, композитор Әлібек Саликов, «Х-Factor» және «Қазақстан дауысы» телевизиялық жобасының финалисті Фархат Сапан, үшінші телевизиялық «X – Factor» жобасының жеңімпазы Евгения Барышева, «DUMAN» агенттігінің басшысы, «Superstar KZ» телевизиялық жобасының қатысушысы, «Жас қанат – 2006» республикалық конкурсының лауреаты Думан Баймағамбетов, халықаралық конкурстардың жеңімпазы, Қ.Байжанов атындағы облыстық концерттік бірлестіктің солисті Арайлым Жүкенова бар.
Қатысушылар бес жұп болып өнер көрсетті. Сайысқа қазылар құрамының басшысы әрі байқаудың қонағы «Арай» тобының әншісі Медет Көжекбаев төрелік етті. Жеңімпаздар ән орындаушылық шеберлігі бойыншы анықталды. Сондай-ақ, сахналық киім, қосымша мәнерлі құралдар(жарық, видео, подтанцовка) қою жағы назардан тыс қалмады. Оған қоса қазылар алқасы орындаушылардың ән сапасына көңіл бөлді.
Тәуелсіздікке арналған сайыстың бас жүлдесін, сондай-ақ, “Екі жұлдыз” атағына лайық үздік дуэт аталымын Арайлым Жүкенова және Диас Бөген жеңіп алды. Сайыстың екінші жұбы Әлібек Саликов және Аян Жорабек «Жалынды дуэт» атанды. Думан Баймағамбетов және Қанат Көшкімбай «Артис дуэт», Фархат Сапан және Айғаным Қуатбекқызына «Үйлесімді дуэт» атағы берілді. Сайыстағы «Көрермендер көзайымы» атағына Алмас Битенов лайық деп танылды.
Аяулым СОВЕТ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.